«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕДЕУЛІК БЕЛЕҢ АЛДЫ

Айнұр мен Саматтың отасқандарына бірнеше жыл болды. Араларында бала жоқ. Ағайын-туыстың: «Дәрігерге қаралдыңдар ма? Уақыт оздырып алмаңдар!» деген сөзіне екеуі де ақылдасып алғандай: «Жоқ. Қаралмадық. Әлі жаспыз ғой. Сәби сүюді жұмысымызды бір жөнге келтіріп алған соң жоспарлаймыз», – деп жауап береді. Шын мәнінде ерлі- зайыптының баспаған тауы, тоздырмаған табалдырығы қалмаған. Ақхалаттылар да, емшілер де денсаулықтарыңда кінәрат жоқ екенін айтып қайтарып жібереді.

Елімізде Айнұр мен Самат сияқты сәби күлкісін естуді армандап жүрген жандар аз емес. Олардың қатары соңғы жылдары бірнеше есеге көбейген. Бүгін­де Қазақстанда жаңадан отау құрған от­басылардың 15 пайызы «бедеу» деген ауыр дертті арқалап жүр. Республика бо­йынша 14 мың әйел бедеу, мыңнан ас­там еркек – белсіз. Өңірдегі көрсеткіш де күдігімізді қоюландыра түседі. Об­лыстық перинаталдық орталықтың ди­ректоры Елена Калюжнаяның айтуын­ша, былтыр өңірдегі 200 жұп бедеулік диагнозы бойынша есепке қойылыпты. Дәрігер бедеуліктің өршуіне әсер етіп жатқан факторлардың бірқатарына тоқ­талып өтті.

«Бала сүйе алмаудың негізгі себебіне жыныстық қатынасқа ерте түсу, жыныс­тық жолмен берілетін инфекциялар жа­тады. Бұған қоса дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішу, шылым шегуден болатын эндокриндік-метаболитикалық өзгеріс­тер де бедеулікке алып келеді. Әйелдерде жатыр түтікшесінің бітелуі бедеуліктің ең басты себебі болып отыр. Елімізде бұл дертті емдеуге және алдын алуға көп көңіл бөлінуде. Тұрғылықты мекенжа­йы бойынша ерлі-зайыптыларды есепке алу, тексеру, уақытылы ем қабылдау мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі», – дейді маман.

Репродуктолог-дәрігерлердің ай­туынша, егер әйел мен еркек үйлен­геннен кейін, бір жыл бойы бала бол­маса, бұл бедеулік болып саналады. Әйел бедеулігі екі түрге бөлінеді екен. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің біте­луі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп. Жүре пай­да болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайтын көрінеді. Есімі елге белгілі репродуктолог-эмб­риолог Салтанат Байқошқарова бір сұқбатында көмек сұрап келетін әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар екенін айтқан болатын. Демек, жаратылыстың берген сыйынан сана­лы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген.

Бедеулік мәселесі біздің елімізді ғана емес әлемді де алаңдатып отыр. Әр мемлекет бұл жайтпен өзінше кү­ресуде. Ал Қазақстанда жылдар бойы ұрпақ сүйе алмай жүрген ерлі-зайып­тылардың шаңырағына шаттық сый­лау мақсатында «Аңсаған сәби» бағ­дарламасы қабылданған. Бүгінде бұл бағдарламаның игілігін көріп отырған жұптар аз емес. Елена Калюжнаяның айтуынша, «Аңсаған сәби» аясында соңғы төрт жылда өңірге 777 квота бөлініп, нәтижесінде дүниеге 193 нә­ресте келген. Олардың отызы – егіз.

Бұл бағдарламаның игілігін көрген­дердің бірі Айша Нұрғалиева. Он үш жылдан бері бала сүйе алмаған ол Қы­тай, Корея сынды мемлекеттердегі ем­деу мекемелеріне де жүгінген. Бірақ нәтиже болмапты. «Маған ақхалатты­лар «жатыр түтікшесінің бітелуі» деген диагноз қойды. Қылдан да нәзік бо­лып келетін түтікшені медициналық жолмен ашу мүмкін болмады. Сон­дықтан да жасанды ұрықтандыру жо­лын таңдадым. Бүгінде, Құдайға шүкір, он үш жыл зарықтырған қызы­мыз өсіп келеді. Осы бағдарламаға екінші мәрте қатысу үшін құжаттар жинап жүрмін», – дейді ол.

Бұрын отбасындағы ерлі-зайыпты­лардың ұрпақсыз өтуіне тек әйел ғана айыпты деп саналып келгені шындық. Бірақ ғылыми-зерттеудің нәтижесінде бала көтермеуге ер ададардың да кінәлі екені анықталған. Сондықтан бедеуліктің себебін білу үшін ерлі-зайыпты­лардың екеуінің де дәрігерге тексеріл­гендері жөн. «Кейде ері мен әйелін бірдей емдеуге тура келіп жатады. Ер­кектің белсіздігі қазір әйелдердің бе­деулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құрайды. Сон­дықтан біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз. Алайда ер-азаматтар тексерілуге онша құлықты емес. Көбі оны намыс көреді. Тіпті еркектердің 60 пайыздан астамы дәрігерлерге жоламайды», – дейді уролог-дәрігер Қасым Ескендіров.

Елена Калюжная облыстық пери­наталдық орталықтың әйелдерді бо­сандыру залы бір күнге де босамайты­нын айтты. Жасанды түсік тастау орта­лығы да демалыссыз жұмыс істейді екен. Маман соңғы кездері жасанды түсік жасатуды құп көретін қыз-келін­шектердің көбейгенін жеткізді. Был­тырдың өзінде 1300 аборт жасалған. Осы санды естігенде көз алдыма сә­билі бола алмай, жанарларын жастан құрғатпаған ерлі-зайыпты Айнұр мен Самат көлбеңдей кетті. Құрсағына біт­кен шаранадан тез арада құтылуға тал­пынған қатігез аналардың әрекеттері жүрекке қанжар сұққанмен бірдей әрекет. Қос тағдыр. Қос мұңлық. Қай­сысын ақтаймыз?

Жансая ДЕРБИСОВА,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Тақырыпқа тұздық

Әлемде қанша жұп бедеулікке шалдыққаны туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең соңғы мәліметі осыдан бес жыл бұрын жарияланған екен. Онда 50 миллионға жуық адам осы кеселге ұшырағаны айтылған. Ал қазір бұл сан өскені анық. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, бедеулік пен белсіздіктің белең алуына тамақтану үрдісінің өзгеруі мен экологиялық факторлар көп әсер етіп жа­тыр. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз нарсыз. Ас-суымызда небір бояғыштар, дәм күшейткіштер, химиялық қоспалар көбейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Сондықтан ғалымдар ұялы теле­фонды қалтаға жақын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолдан­бауға кеңес береді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp