«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Бейбіт күнді бағалайық!”

Еліміздің өткен өміріндегі бел-белестеріне ойша көз жіберсек, Ұлы Отан соғысының отты жылдары еске түседі. Бұл бүкіл халықтың басына туған қиын-қыстау, сұрапыл кезең еді. Майдандағы жауынгерлер, тылдағы еңбеккерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Жеңісті жақындатуға атсалысты. Қанша уақыт өтсе де санадан сол бір жылдардың ізі өшкен жоқ. Соғыс өрті шарпымаған шаңырақ жоқ шығар, сірә? Зұлмат жылдардың зардабын тартып, еңбек майданында шыңдалғандардың бірі – Күліш Базарбекова.

Күліш Дүйсенбіқызы 1924 жылы 10 мамырда Көк­шетау қаласында дүниеге келген. Небары екі айлық кезінде анасы көз жұмған. Сөйтіп, ол Айыр­тау ауданындағы Шолақөзек ауылында тұратын нағашы әжесінің қолында тәрбиеленеді. Шоққарағай ауылындағы мектепте оқып жүргенде соғыс басталып, барлық арман-мақсатына тұсау салынды. Тағдыры сынаққа толы болса да өмірдің ағысына қарсы жүзген Күліш Базарбекованың жанкешті еңбегі көпке өнеге. Қаршадай қыз 1942 жылы Қарағанды облысы Қарсақбай қаласындағы мыс зауытына еңбек армиясына алынады. Сол жылдары өзіндей өрімдей қыздар еңбектің ауыр қамытын арқалап, 1944 жылға дейін сол зауытта қара жұмысқа жегілді. Майдан даласын қажетті өнімдермен қамтамасыз етуде Күліш әжейдің сіңірген еңбегі орасан.

Ол еңбек армиясынан елге 1944 жылы келді. Сол жылы майданда жараланып, елге оралған жауынгер Бүркіт Базарбековпен шаңырақ көтерді. Отбасы бақытына бөленген Күліш Дүйсенбіқызы үш ұл мен сонша қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Үй шаруасымен шектеліп қалмай, елі үшін аянбай еңбектенді. Күліш апа соғыстан кейін Сырымбет, Қаратал кеңшарларында жұмыс істеді. Ал жұбайы Бүркіт Сәдуақасұлы аталмыш кеңшарларда басқарма басшысы болды.

97 жастағы тыл еңбеккері Саумалкөл ауылында тұрады. Ұрпағымен бақытқа кенелген қария күркіреп өткен соғыстың жүрекке сал­ған жарасы ешқашан жазылмайтынын, сондықтан бейбіт өмірдің қадірін білу қажет екенін бала-шағасына үнемі айтып отырады.

– Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүру мен үшін зор бақыт. Отты жылдардағы қиындықтар есіме түссе, жаным ауырып, жүрегім сыздайды. Қазіргілердің көбі оны ертегідей қабылдайды. Мыс зауытында ер азаматтар атқаратын ауыр жұмыс бізді әбден шынықтырды, шымыр қылды. Сол ерік-жігер, өмірге деген құштарлықтың арқасында осы күнге аман-есен жетіп отырмын. Кейінгі жастар біз көрген қиындықты көрмесе екен. Ел аман, жұрт тыныш болып, ұрпағымыз мамыражай тірлікте өмір сүрсін, – деді әжей.

Ел үшін жасаған еңбек ескерусіз қалмады. “1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарымен марапатталды. Бірақ көпті көрген қария кеудесіне медаль тағу емес, елге абыройлы еңбек ету басты мақсаты болғанын жеткізді.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

СУРЕТТЕ: тыл еңбеккері – К.Базарбекова.

Суретті түсірген автор.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp