«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бейбіт өмір сыйлады

Жеңіс – біздің отбасымыз үшін қа­сиет­ті ұғым. Себебі, менің сүйікті  атам Есен Оспанұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, елдің тыныштығы мен жар­қын болашағы үшін күрескен жан. Ол 1918 жылдың 10 наурызында Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында дүниеге келген. Петропавл қаласын­да­ғы мұғалімдер даярлайтын мектеп­тің 3-інші курсында оқып жүргенде әс­кер қатарына алынып, Ленинград об­лы­сының Красногвардейск қаласын­дағы полк мектебінде оқиды. Алды­мен, финдермен соғысқа қатысып, бұл соғыс аяқталған соң Грузия елінде әс­кери қызмет атқарады.

Кейінгі өмірі Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майдан шебінде өтті. 1942-1943 жылдары Ленинград май­данында, Подстарый Русь қала­сын азат етуге қатысады. Атамыз көзі тірісінде сұрапыл соғыс туралы есте­лігін былайша баяндап берген еді:

 – Таңғы мезгіл болатын. Окоп ішін­де ұйықтап жатып, кенеттен шошып ояндым. Ысылдаған жылан көзіме от­тай басылды. Шамасы, жылан менің де­не қызуыма жылынып, түні бойы жа­нымда жатқан сияқты. Сол сәтте алда күтіп тұрған үлкен шайқастан гөрі жы­лан­ның ысылынан қатты қорыққаным әлі есімде. Бірақ ұрыс алдындағы үрей тез ұмытылып кетті. Таң ата біз фашистерге оқ жаудыра бастадық. Немістер қалаға кіріп, бүкіл шаһар ау­ма­ғын басып алған. Әрі олар жауын­гер саны бойынша бізден әлдеқайда көп еді. Қолбасшымыз арнайы жоспар құ­рып, түнгі уақытта жауға қайта ша­буылдадық. Көп жауынгеріміз ажал құшты. Бірақ біз соңына дейін күресіп, қаланы азат еттік. Қуанышымызда шек болған жоқ.

Атам майдан даласында көрген тү­сін әлі ұмытпағанын айтатын. Түсінде туған жердегі өз үйінде жатыр екен. Үйдің жанында киіз үй тігулі тұр. Бір кез­де жаңағы киіз үй лапылдап жана бас­тайды. Алайда, әкесі екеуі лаула­ған от­ты сөндіріп үлгереді. Көрген түсін жол­дастарымның біріне жорытса: “Ал­да­ғы шайқастан аман қаласың, сені әкең­­нің рухы қорғап жүр”, – дейді. Ра­сын­да да, солай болды. Барлық айқас­тарда фашистердің шабуылына той­та­рыс берген атам, елге аман-есен оралды.

Атам – біз үшін нағыз батыр еді. Жа­сы енді ғана жиырмадан асқан жауын­гер түрлі шешуші шайқастарда төбе көр­сетеді. Мықты қаруланған неміс бас­қыншылары қалалар мен темір жол­дарды бомбаның астына алған кез. Атам Брянск-Смолинск майдан­дарында болып, осы қалаларды да жау­дан азат етеді. 1943-1944 жылда­ры 1, 2 және 3-інші Белорус майдан­да­рына араласып, фашистерді ойсыра­та жеңеді. Батыс Пруссия, Кенинсберг қалаларын алуға да аттанған. Днепр, Сож, Друт өзендерінен өтудегі ерлігі үшін Сталиннің бұйрығымен алғыс хат­тармен, сондай-ақ, “Багратион” ша­буы­лы “Бабрунск” қоршауындағы қа­ла­ның коменданты генерал-майорды тұтқындағаны үшін “Ерлігі үшін” меда­лімен марапатталған. 

Соғыстан кейінгі жылдары елдің жағ­дайы тым ауыр еді. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Осының бәрі майдан­нан Жеңіспен келген жауынгерлерге жаңа міндеттер жүктеді. От пен оқтың ортасынан аман келген атам сияқты ауыл азаматтары өз отбасыларын асы­рау үшін күні-түні еңбек етті. Шаңыра­ғы­мыздың ақылшысы бола білген Есен атам 1946 жылдан бастап ауыл­да мұғалім болып жұмыс істеді. Ақы­лы­на көркі сай әжем Мәриям Әміржан­қызына үйленіп, отау құрды. Өмірінің жалғасы он баласын оқытып, тәр­бие­ле­ді. Майдангер ұл-қыздарын аяқтан­дырып, немересінің алдын көрді. Ол соң­ғы демі таусылғанша ұрпағының тыныш заманда өмір сүргенін тілеп өтті.

Арғын ОСПАНОВ,

майдангердің немересі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp