
Кеше Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қаладағы барлық ПИК төрағалары, облыстық ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлары бас қосқан алқалы жиын өтті. Қоғамдық тәртіп мәселесіне арналған іс-шараға Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов, ішкі істер департаментінің басшылығы, қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлер және бейнебақылау жүйелерін орнатуға мамандандырылған фирманың өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов жүйедегі өзгерістер туралы, мысалы, көлік құралдарына мемлекеттік техникалық байқау жүргізу жөніндегі және күзет қызметі саласындағы кейбір міндеттердің бәсекелестік ортаға берілгенін, ал тұрғындарды құжаттандыру мен тіркеу міндеттерінің және қылмыстық-атқару жүйесінің Әділет министрлігінен қайтарылғанын айтты. Үстіміздегі жылдың басынан бері ішкі істер органдарының жаңа заңнамалық үлгі бойынша жұмыс істеп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге өткен жылы полицияның ерікті көмекшілерінің қатысуымен 105 қылмыстың және 1068 әкімшілік құзық бұзушылықтардың ашылғанын айтып, қоғамдық тәртіпті қолдауда ПИК-тердің де зор рөл атқаратынын атап өтті. Ал бейнебақылау қондырғыларына қатысты облыста тәулік бойы 144 камера, соның ішінде 74-і Петропавл қаласында жұмыс істеп тұрғанын жеткізіп, олардың көмегімен 166 қылмыстың және 15 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың ашылғанын мысалға келтірді.
Хабарламадан кейін марапатқа кезек берілді. Полицияның ерікті көмекшілері Ирина Никульшина, Наталья Цапова және Жамбыл Оралбаев қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсене қатысқандары және қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде ішкі істер органдарына жәрдем көрсеткендері үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, 14 қоғамдық тәртіп күзетінің белсендісі өңір басшысының Алғыс хатын алып, ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен 15 полиция қызметкері Құрмет грамотасымен және 5 полиция қызметкері ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге, қоғамдық тәртіпті қадағалауда белсенділігімен танылып жүрген ПИК төрағалары Светлана Пик, Александр Долганев, Владимир Востров, Антон Каскеевич, Валентина Арифулина, Надежда Гончар, Раиса Князева және Ербатыр Қожахметов бағалы сыйлықтар алды.
Содан кейін сөз кезегі Алматы қаласынан келген “Қауіпсіз қала KZ” ЖШС-і фирмасының өкілі Максим Сынкинге берілді. Ол жиналғандарға өздерінің “Қауіпсіз аула” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Петропавл қаласының көпқабатты үйлерінің аулалары мен кіре-берістерінде бейнебақылау қондырғыларын орнату жөніндегі ұсыныспен келіп отырғандарын айтты. Слайдтық көрсетілімнің көмегімен абоненттік төлем шарты бойынша тәулік бойы бейнебақылау жүргізуге мүмкіндік беретін қондырғының жұмысымен таныстырды.
Жиналғандар бейнебақылау жүйесі орнатылған үйлерде мұндай қондырғысыз үйлерге қарағанда қылмыс пен түрлі құқық бұзушылықтың 80 пайызға аз жасалатынын білді. Бұл қызметтің абоненттік төлемақысы көпқабатты үйдің бір подъезіне айына 3,4 мың теңге тұрады.
Қоғамдық тәртіпті жақсартуға септігі тиетін бұл шараға жалпы қала тұрғындарының қарсылығы жоғы бірден сезілді. ПИК төрағалары қызығушылық танытып, оған қалай қол жеткізуге болатынын егжей-тегжейлі сұрап білді. Сондай-ақ, залдан түскен сұрақтардың көпшілігі аталмыш фирманың қаламыздағы филиалының қашан ашылатынына, жүйені орнатудың техникалық мәселелеріне байланысты қойылды. Әрине, оған күдікпен қарайтындар да табылмай қалған жоқ.
– “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген ғой. Олай болса, қоғамдық тәртіпті бәріміз бірлесіп, полиция қызметкерлері мен олардың ерікті көмекшілері мен ПИК төрағалары және жалпы жұртшылық болып жақсартуға күш салуымыз керек. Бұл орайда бүгінде сөз етіліп отырған “Қауіпсіз аула” бағдарламасы құптарлық іс. 300-400 подъезге бейнебақылау қойсақ, ауладағы құқық бұзушылықтың айтарлықтай кемірі сөзсіз. Біз бұл мәселені алдағы қала тұрғындарымен кездесулерде де талқылауымыз керек. Ал тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз, – деді қала әкімі Марат Тасмағанбетов жиын соңындағы сөзінде.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: полицияның ерікті көмекшісі Ю. Попованы марапаттау сәті.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.