Сыртқы бейнебақылау жүйесі – заң бұзушылықтармен күресте тиімді тетіктердің бірі. Жедел басқару орталығының операторлары камералар арқылы көшелер мен адамдар көп шоғырланатын орындарды, көліктер ағынын, ал учаскелік инспекторлар өз аумақтарындағы жағдайды бақылайды. Олар құқық бұзушылықтар кезінде жедел әрекет етеді.
Мәселен, жақында тәртіп сақшылары қоғамдық орында мас күйде жүріп, жұртқа дөрекілік көрсеткен қаланың екі тұрғынын байқап, уақытша бейімдеу орталығына жеткізді. Бұл мас адамдарды көргендердің ешқайсысы да полицияға хабарласпаған. Тәртіп сақшылары көпшілік мән бере бермейтін итті көшеге қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз алып шығу, аулаға құрылыс қалдықтарын төгу, қайыршылардың тұрғындардың мазасын алуы, ұсақ бұзақылықтар сияқты фактілерді де анықтаған.
Жалпы соңғы айда облыс орталығының учаскелік полиция инспекторлары бақылау бейнекамераларының көмегімен 300-ге жуық құқық бұзушылықты тіркеді. Олардың арасында ең көп тіркелгені – қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу мен мас күйде жүру фактілері.
Үстіміздегі жылдың басынан бері Петропавл қаласының аумағындағы бейнекамералар қоғамдық тәртіпті бұзудың 3762 фактісін анықтауға септігін тигізді. Бұдан басқа, тіркелген бейнематериалдар 33 қылмысты ашуға көмектесті.