Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығы халық көп жүретін жерлерге орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен полицияның кешенді күштерінің, жасақтары мен жедел-тергеу топтарының оқиға орнына уақтылы келуіне қол жеткізуде. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуда сыртқы бейнебақылау жүйесін қолданудың пайдасы зор. Жыл басынан бері осындай камералардың көмегімен 15 711 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның 13511-і жол қозғалысы ережелерін, 574-і қоғамдық тәртіптің басқа да бұзушылықтары болып табылады. Қылмыстарды ашуға септігін тигізген 125 факті анықталды.
Мәселен, қазан айының орта тұсында Абай көшесі бойындағы үйлердің маңында қаскөй колледждердің бірінде оқитын 16 жасар студенттің курткасы салынған пакетін тартып алған. Орталықтың инспекторы ақпаратты алған бойда бейнекамерамен осы көшенің маңына шолу жасап, белгілері бойынша күдіктіге ұқсас жігітті анықтаған. Орталықтан түскен нұсқау бойынша полиция жасағындағы қызметкерлер күдікті ретінде 21 жастағы қала тұрғынын ұстаған.
Бейнебақылау инспекторының назарына Семашко көшесі бойындағы аулалардың бірінен ұрланған металмен келе жатқан екі қала тұрғыны іліккен. Олар қоршалған жеке үй құрылысына еніп, металл бұйымдарын ұрлап кеткен. Оқиға орнына жіберілген полиция жасағы ұрыларды қылмыс үстінде құрықтады.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы.