«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙНЕСІ ОНЫҢ ШЫҚПАЙДЫ ЕСІМІЗДЕН

Осыдан ширек ғасыр бұрын – 1990 жылдың 18-ші желтоқсанында арамызда жүрген сыйлы ағамыз, қаламдас досымыз Әмір Қожахметов кенеттен қайтыс болып еді. «Орнында бар оңалар» демекші, желкілдеген жас құрақтай балаларымен жесір қалған Ұлболсын жеңгеміз болған іске болаттай берік болып, Әмір ағамыздың ордасының шаңырағын құлатпады, бауырындағы құлыншақтарын өсіріп, жетілдірді. Әрқайсысы өз алдына отау тігіп, ордадағы аналарына қолқанат болды. Ағаның ізін басқан тұяғы – Мұрат Әмірұлы серіктестік басқарып, анасына, әпкелеріне ізгілік, қамқорлық нұрын шашып отыр.

Өмірден озғанына жиырма бес жыл толуына орай еске алып, ақырын жүріп, анық басқан мінезімен баршаның құрметіне бөленген ағамызға осы жырды арнадық.

Орын алып ізгілік санамыздан,

Өнеге көрдік талай ағамыздан.

Айғақтаумен ғұмырдың келтелігін

Асыл жандар өтті ғой арамыздан.

Ажал да бар өмірге келген жанға,

Ескермейтін қызықпен алданғанда.

«Өлмек үшін туғансың!» деген сөзге

Сол қызықпен жүргенде сенген бар ма?

Асып-тасып толқыны арнасынан,

Өмір-өзен тынбайды жалғасынан.

Ағалардың соңында інілер бар

Өткендердің арманын алға асырған.

Сөнбейді ғой осылай өмір нұры,

Ағалардың қалмай ма соңында іні.

Сәтті күні осылай еске алатын

Әмір аға емес пе соның бірі?

Желтоқсанның желімен жүз қарыған,

Тұрды қала қаймығып ызғарынан.

Ажалынан ағаның ағайын мен

Жолдастардың бойына мұз дарыған.

Ажал ғой бұл қайғылы, қасіретті,

Содан бері бір ширек ғасыр өтті.

Соңындағы тұяғы – балдырғанның

Орда бұзар жігіттік жасы жетті.

Сыйлы еді ғой баршаға аға кілең,

Сырлас болған өзінің заманымен.

Азды-көпті артында дүние қалды,

Қоштасса да мәңгілік қаламымен.

Жақсылардың жалғасып көші бізбен,

Жүре алмайды інілер тосын ізбен.

Жайдары жүз, сыпайы мінезімен

Бейнесі оның шықпайды есімізден!

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 «Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp