Қадағалау органдары құқықтық мәдениетті қалыптастыра отырып, қадағалау шараларын жүзеге асыру барысында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының көмегіне жүгіну тәжірибесін кеңінен қолдана бастады. Биыл бұл жаңашылдық қала мектептеріне енгізіліп, облыс прокуроры Қайрат Әбдіхановтың ұсынысымен алты білім ошағына «PROTECTOR AI» жасанды интеллектісі бар бейнебақылау жүйесі орнатылды.
Енді камера суретке түсіріп қана қоймайды, бұдан бөлек, оқушылардың мінез-құлқы талданып, жағымсыз жайттар байқалса, мектеп директорлары Telegram-бот арқылы дереу хабарланады. Талдау көрсеткендей, жасөспірімдердің қоғамдық орындарда, оның ішінде мектеп қабырғасында әлеуметтік нормаларды толық сақтай бермейтіні, салдарынан түрлі құқық бұзушылықтар кездесетіні белгілі болды. Бұл орайда, ұстаздармен қатар әлеуметтік педагогтар, ата-аналардың жауапкершілігін, келеңсіз оқиғаларды болдырмаудың, алдын алудың маңыздылығын ұмытпаған жөн. Бейнебақылау жүйелері Петропавл полициясының жедел басқару орталығы арқылы қадағаланатындықтан, ювеналды қызметтің бұзақылық фактілерін анықтау мүмкіндігі арта түсті.
2024 жылы мектептерде балаларды зорлаудың жасырын жағдайлары бірнеше ауданда тіркелді. Ал осыдан екі жыл бұрын Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде оқушының сабаққа балтамен келіп, бірнеше сыныптасына шабуыл жасағанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Прокуратура заңға құрмет отбасы, ошақ қасынан, балабақшадан басталып, мектептерде жалғасатынын ескеріп, кәмелетке толмағандармен құқықтық тәрбие жұмыстары бағытында заманауи жетістіктерді кеңінен пайдалануға жете көңіл бөліп келеді. Профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне баса назар аударылып, құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу үшін жасанды интеллектіні енгізу, осылайша ақпараттық жүйелерді, цифрлық платформаларды барынша іске қосу — басты бағдар. Соңғы кездері оқу орындарында IT-технологияларды енгізудің арқасында мектеп оқушыларының көмек сұраған өтініштері көбейді. Өйткені буллинг, басқа да әлімжеттіктер туралы шағымдар тікелей прокуратураның телеграм-ботына және «Комек Stop Bullying SKO»-ға түседі.
Қайрат Әлиханұлының IT- технологияларды пайдаланудың, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұтқыр топтардың белсенділігі арқасында жасөспірімдер қылмысы мен балалар қылмысы 20 пайызға төмендегені туралы мәлімдем сі — Қанатқақты жоба тиімділігін көрсетіп отыр деген сөз. Алдағы уақытта өңірдің барлық оқу орындарына таратылатын болады. «Киберқадағалау» жүйесінің көмегімен ондаған зиянды интернет-ресурс бұғатталды. 2025 жылдың басында Петропавлдағы оқушылардың жалаңаш суреттерін жою үшін олардан ақша талап ету мақсатындағы фотолар Telegram-арналарының бірінде жарияланып, жедел бұғатталды. Бейнекамераларға бұзақылық, қоғамдық орындарда ішімдік ішу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және басқа да фактілер күн сайын жазылып отырады. Мұндай қадағалаудың жаңа деңгейі қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерді тіркеп қана қоймай, болдырмауға деген игі ықпалы зор. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қорғауға озық технологияларды енгізе отырып, яғни дрондар мен жасанды интеллекті жүйелерін қолдану басты бағдар саналады.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өңірдің пенитенциарлық мекемелеріндегі жұмысқа да ерекше ден қойылған. Қылмыстық-атқару жүйесі ұйымдарында денсаулық сақтау басқармасы, адвокаттық және нотариаттық палаталар өкілдерінің, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Сотталғандарға түрлі мәселелер бойынша құқықтық көмектер беріледі. Адвокаттар – 68,сот орындаушылары – 39, нотариустар – 11, медиаторлар 25 сотталушыға және 55 адамға қызмет көрсетті. Прокурорларға 105 адам жеке өтінішпен жүгінді. 7 медиативтік келісім дайындалып, қажетті дәрі- дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Аида БАБАСОВА,
облыстық прокуратураның
баспасөз хатшысы.