Жақында “ҮouTube” бейнехостингін тамашалап, жырқ-жырқ күліп отырған інімнің үстінен түстім. Байқасам, көріп отырғаны “Қайрат болма, адам бол!” атты сериал екен. Адамдыққа шақырған атауы көңілімнен шыққан соң мен де көгілдір экранға назарымды салдым. Дегенмен, сәлден кейін бекер қарадым-ау деп өкініп қалдым. Өйткені, бұл сериал оқуын жалғастырмай, ауылда қалған маскүнем жігіттер жайында екен. Араққа сылқия тойып, әдепсіздік жасауды әдетке айналдырғандардың екі сөзінің бірі былапыт. Бір өкініштісі, сериалды түсірген де, оған басты кейіпкер ретінде түскен де өзіміздің қазақ жігіттері. Олардың ерсі әрекеттерінен қымсынған мен дереу телефонға қадалған інімнен бұл сұмдықты ендігәрі көрмейтініне уәдесін алдым.
Бүгінгі таңда “ҮouTube”-те мұндай “қоқыстың” түр-түрі бар. Каналдардың авторлары жүктеген бейнероликтерінің сапасына мән бермейді. Көксегендері – көп қаралым жинап, табысқа кенелу. Ал бейпіл сөздерді естіген, ерсі қылықтарды тамашалаған жасөспірімдер оларды қайталамасына кім кепіл?! Сондықтан ата-аналар балаларының, аға-апалар іні-қарындастарының интернеттен не көретіндерін бақылап, “тәйт!” деуден тартынбаулары керек.
Сәкен ҚҰРСАРИН,
Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің
оқытушысы.