«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛГІЛІ АДАМДАРДЫҢ ТІЗІМІ ЖАСАЛАДЫ

 

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілдерінің, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының бас ғылыми-зерттеу институттары сарапшыларының қатысуымен “Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері” атты сұхбат алаңы өтті. 

Үстіміздегі жылы құрылған “Рухани жаңғы­ру” қазақстандық қоғамдық даму институты” ком­мерциялық емес акционерлік қоғамы елімізге ортақ тарихи-мәдени мұраның қалыптасуына үлес қосқан қазақстандық этностардың көрнекті тұлғаларына қатысты электронды мәлі­меттер базасын құру жобасын жүзеге асыруды қолға алып отыр. Соның аясында институт еліміздің батыс, шығыс, солтүстік және оңтүстік өңірлерінде тарихшы, әлеуметтанушы, этнограф ғалымдар, этносаралық қатынастар және мұрағат ісі салаларының жетекші мамандарымен және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен жобаға қатысты мәселелерді талқылау, зерттеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісіп, ұсыныстарын тыңдау мақсатымен кездесулер өткізуде.

– Бұл зерттеу жобасының басты құндылықтарды және патриотизмді насихаттауда маңызы зор. Көрнекті тұлғаларды зерттеу ісі жоғары оқу орындарындағы студенттер мен магистранттардың дипломдық жұмыстарының тақырыбына арқау болып, кітаптар мен танымдық мақалалардың жариялануына және деректі фильмдердің жарық көруіне жол аша­ды, – деді “Рухани жаңғыру” қазақстандық қоғамдық даму институты” КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Роза Кәрібжанова.
“Рухани жаңғыру” қазақстандық қоғамдық даму институты осы күнге дейін еліміздегі мұрағаттардың атсалысуымен 213 көрнекті тұлға туралы деректер мен материалдар жинаған. Солардың дені республикалық базаға жөнелтіліпті. Инс­ти­туттың сарапшы-менеджері Рузия Камарова базаға ақпараттар жинау үздіксіз жүргізілетінін айтып, бұл іске әр өңірді белсенді қатысуға шақырды.
“Дөңгелек үстел” басында Мемлекет тарихы институтының “Рухани жаңғыру” жалпыұлттық жобасы аясындағы зерттеулер, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­туты жүргізетін “Қазақстан халқы” интерактив­ті ғылыми тарихи картасы жайлы сөз болып, еліміздің көрнекті тұлғаларының өмірі мен шы­ғармашылығын зерттеудегі мұрағаттардың рөлі тақырыбында баяндамалар жасалды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp