«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛЕСТЕРГЕ КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ

Серік Айтқожин секілді іскер басшының және, әрине, мемлекеттік қолдаудың арқасында қарышты қадам басқан “Мичуринское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы өзгелерге үлгі боларлық. Бүгінде 20 мың гектар жер телімінің 30 пайызына – майлы дақылдар, ал қалған бөлігіне астық өсіріледі.

Машина-трактор паркі заманауи техникалармен жаңартылған. Былтыр шығым да жақсы болды. Бидайдың орташа түсімі әр гектардан 16 центнерден айналды. Сонымен қатар, “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2012 жылы “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның қаржылай қолдауымен АҚШ-тан абердин-ангус тұқымды 259 бас қара мал әкелінді. Асылтұқымды мал басын көбейту үшін шаруашылықта атқарылып жатқан ілкімді істерді сөз еткен Серік Асқарұлы бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.  

– Шаруашылықта қара мал басын 400-ге дейін көбейттік. Қазіргі таңда асылтұқымды жас малдарды өткізумен айналысудамыз. Біз бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмеуіміз керек. Қазақ – ежелден малдан ырысын тапқан халық. Сондықтан алдағы уақытта қолымыздан келгенше, еліміздің гүлденуі жолында, ауылды көркейту бағытында еңбек ететін боламыз, – дейді ол.

Қазіргі таңда шаруашылықта 170 адам жұмыспен қамтылған. Орташа еңбекақы 110 мың теңгені құрайды. Істің көзін тауып, шаруасын дөңгелеткен Серік Асқарұлының сөзден гөрі істің адамы екенін аңғару қиын емес. Алдынан шаруа үркіп тұратын тәжірибелі басшының бағындырар белесі, алар асуы көп. Ал мал шаруашылығын өркендету үшін жайылым жер де, жемшөп те жеткілікті мөлшерде, дейді Серік Асқарұлы. Асылтұқымды қара малға орын дайындауда оның жайлылығын ескеру де аса маңызды. Осы орайда шаруашылықта 4 мал қорасы мен буаз малдар үшін 48 орынға шақталған қора бар. Ветеринарлық дәрігер, зоотехник, бригадир сияқты білікті мамандардың да білек сыбана еңбек етіп жатқанын ерекше айтып өткен жөн.

Ол жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде тыңайтқыштарды қолдану үшін қажетті химиялық препараттармен, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде демеуқаржының берілуі мемлекеттің шынайы қамқорлығы екенін айтады. Ел сенімін ақтап, тиімді жұмыс істеу үшін қолда бар мүмкіндікті пайдаланып отырған Серік Айтқожин табысты еңбек мұратқа жеткізетінін сөз етеді, әрбір адам жарқын болашаққа ұмтылуы керек, дейді. Бәсекелестік ортада өз орнын тапқан кәсіпкердің еңбегі лайықты бағаланса, бұдан артық бақыт бар ма?! Еңбектің зая кетпегені қандай жақсы! “Еңбегімен ер сыйлы” дегендей, Тәуелсіздік мерекесінде Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған іскер басшы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ол болашақта бұдан да биік белеске шығатынына нық сенімді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp