«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛСЕНДІЛІК ЕРЕКШЕ БАЙҚАЛҒАН КҮН

Солтүстікқазақстандықтар қайырымдылық сенбілігі аясында елді мекендердің көшелері мен аулаларын қыс бойғы жиналған қоқыстан тазартуға бір кісідей жұмылып, қалалар мен ауылдардың көркеюіне өз үлестерін қосты. Қайырымдылық сенбілігіне облыс әкімі Ерік Сұлтанов та қатысты.

Жалпықазақстандық ағаш егу күні аясында өткізілген сенбілікте облыс әкімі Ерік Сұлтанов, қала әкімі Марат Тасмағанбетов, ардагерлер, спортшылар және жастар өкілдері Петропавл қаласындағы Спорт сарайының маңына 9 шырша мен 10 қарағай көшетін отырғызды. Олар Қызылжар ауданындағы “Соколовское” орман шаруашылығының тәлімбағында өсіріліп, бапталған екен.

“Соколовское” орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің директоры Владимир Пегановтың айтуынша, тәлімбақта өсірілгеніне 10-11 жыл болған қылқанжапырақты ағаштар солтүстіктің қытымыр ауа райына төзімді. Алғашқы отырғызған кезде күнде суарып, тамырын тереңге тартқанша күтім көрсетілсе, әрі қарай онша баптауды қажет етпейді. Орман шаруашылығы 300 түп көшетті облыстың әр ауданын көгалдандыру үшін дайындаған екен.

Еңбек ардагері, зейнеткер Ғалымбек Ғайсин де сүйікті қаламызды көгалдандыру жұмысынан тыс қалмауды ұйғарып, облыс орталығындағы жаңадан ашылған Спорт сарайы маңына ағаш отырғызуға келіпті. “Мен зейнеткерлікке шықсам да бұрынғы әдетімнен жаңылмай, жұртпен бірге қаламызды қоқыстан тазартып, көріктендіруге өз үлесімді қосу үшін келдім. Қала тазалығына үлкен-кіші демей, барша халық атсалысуы тиіс”, – деді ол.

Жалпы бұл күні сенбілікке 30 мыңға жуық адам қатысты. Олар Петропавл қаласының 38 негізгі және оған жапсарлас көшелерін қоқыс пен қатты қалдықтардан тазартып, 48 гүлзар мен саябақты көгалдандырды.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен жүріп өтіп, оның абаттандырылу барысымен де танысты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp