«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛСЕНДІ БОЛАЙЫҚ

Еліміз әлемге өзін таныту үшін талай асулардан өтіп, қиындықтарды еңсеріп, ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік алып, әлемге қазақ деген ұлттың бар екенін дәлелдеп, заманауи өмірге серпінді қадам жасады. Бұл – қазақстандықтардың ұйымшылдығының, төзімділігінің, бірлігі мен ынтымағының жемісі. Осының бәріне ұйытқы болып отырған Президентіміздің даналығы.

Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жылдан-жылға жақсарып, елді мекендердің әл-ауқатын арттыратын ауыл шаруашылығы саласына үлкен басымдық беріліп келеді. Ауыл шаруашылығы дамыған елдің болашағы үстем екенін тіршіліктің өзі дәлелдеген. Біздің “Ар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттің көмегімен 2013 жылы сыйымдылығы 11 мың тонна болатын, жалпы құны 307 миллион теңге тұратын элеватордың құрылысын аяқтады. Бұл жұмыстың жүзеге асырылуы – Президенттің осы аграрлық секторға, әсіресе, шағын және орта бизнеске қамқорлығының арқасы.  

Аграрлық секторда жанар-жағармай, гербицид, тұқым мен өсімдікті қорғау құнын төмендету мақсатында ауданның ауыл шаруашылығы саласына биыл 601,9 миллион теңге сомасында мемлекеттің демеуқаржысы бөлінді. Бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 42,2 пайызға артық.

Өткен жылы ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, аудан диқандары облыс бойынша бірінші болып астықты қамбаға құйып алды. Гектар өнімділігі 13,7 центнерден айналып, барлығы 225,3 мың тонна астық жиналды. Соның ішінде “Ар” ЖШС алтын дәннің әр гектарынан 15,0 центнерден өнім алды.

Ауданда еңбек өнімділігін арттырудың негізгі факторы ретінде ауыл шаруашылығы өндірісін жетілдіру бойынша жұмыс атқарылуда. Өткен жылы аудан аграршылары 875 миллион теңгеге 38 техника сатып алды (2013 жылмен салыстырғанда 54,1 пайызға артық). Осының арқасында егіншілік мәдениеті жақсарып, еңбек өнімділігі артты.

Ұрпақтың ертеңі алаңсыз, бақытты, тыныш заман болсын десек, барлығымыз бір адамдай Президент сайлауына қатысып, өзіміздің көңіліміз қалаған кандидатқа дауыс беруіміз керек.

Кенжебек ЖАНТІЛЕУОВ,

“Ар” ЖШС-нің басшысы,

Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp