Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жастар орталықтары мен ұйымдары мүшелерінің қатысуымен “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” деп аталатын Жолдауы талқыланып, сөз алғандар оның маңыздылығына тоқталып, соған сәйкес алдағы уақытта орындалатын бірқатар жұмыстарымен бөлісті.
Жиынды ашқан “Жастар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Данияр Әбутәліп Елбасы Жолдауында айтылған мәселелер жүйелі орындалуы үшін жастарды жұдырықтай жұмыла, бірлесе әрекет етуге шақырып, келесі жылы қаламызда және аудан орталықтарында жастар ісімен айналысатын ұйымдардың саны көбейетінін тілге тиек етті.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан келген аудандық “Жастар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жеңіс Нұртазин ауыл жастарының ел дамуындағы рөлі турасында ойын ортаға салды. Оның айтуынша, елді мекендерде өмір сүріп жатқан өрендердің мәселелерімен айналысатын арнайы комитеттер құру қажет.
Шара барысында мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып, өз істерін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлердің де ой-пікірлері тыңдалды.
Жиынға қатысушылар аталмыш мұражайдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы залды аралап, ондағы Елбасы өмірінен хабар беретін түрлі жәдігерлермен танысты.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.