Жастардың ұлттық сана-сезімдері, соған сәйкес отаншылдық қасиеттерінің қандай деңгейде қалыптасатынына немқұрайды қарай алмасымыз анық. Осы орайда “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Әсемгүл Есқожамен өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің жанынан ашылған жастар ұйымдарының жұмысы жайлы тілдескен едік.
– Әсемгүл Найманқызы, өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер жанынан құрылған жастар ұйымдарының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Біз өзіміздің тілімізді, дінімізді жеке бас ерекшелігімізбен сақтай аламыз және біз осы рухпен біздің жастарды тәрбиелеуіміз тиіс”, – деген болатын. Қазіргі таңда өңіріміздегі 150-ден астам этномәдени бірлестік өз жастарына ана тілін, тарихы мен мәдениетін үйретуде ауқымды жұмыстарды атқарып келе жатқаны сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер етек-жеңдерін жиып, өздерін танытып үлгерді. Ендігі мақсат – елімізде бірлік, ынтымақ сияқты құндылықтар алдағы уақытта да сақталуы үшін жастарды татулық рухында тәрбиелеу. Бүгінгі таңда әр этномәдени бірлестік жанынан жастар қанаттары құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өтетін барлық шараларға белсене қатысып жүрген жастар түрлері басқа болса да, тілектері бір болғандықтан, тығыз қарым-қатынас жасайды. Мәселен, бізде татар, түрік, әзірбайжан, белорус, орыс этномәдени бірлестіктерінің жастары өзге бірлестіктерге де қол ұшын беріп, көмектеседі. Осының өзі жастар арасындағы бірліктің қандай екенін аңғартады.
– Бұл Достық үйінің қабырғасындағы жағдай. Ал одан тыс жерлерде жастардың этносаралық бірлікті сақтауға қосып жүрген үлесі жайлы не айта аласыз?
– Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерейтойы аясында облыс орталығында орналасқан орта мектептердің жанынан 20 этноклуб ашылды. Сондай-ақ, Петропавл құрылыс-экономикалық, гуманитарлық-техникалық колледждерінде және есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында “Бейбітшілік пен келісім” орталықтары өз жұмысын бастады. Бұл біздің Достық үйінен тыс жерлерде де этносаралық бірлікті насихаттап, “Мәңгілік Ел” актісін түсіндіріп, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары бағдарламасында көрсетілген біртектілік пен бірлікті нығайтып, дамытуымызға зор мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, бүгінде этноклубтардың әрқайсысында – 20-дан астам, ал орталықтарда 10-нан астам белсенділері бар екенін ескерсек, әжептәуір күшке айналғанымыз көрінеді. Осы жастар өз құрбы-құрдастарының ортасында ынтымақтастыққа ықпал ететін құндылықтарды таратып, елдің бірлігін алдағы уақытта да сақтап, қорғайтын азаматтарды қалыптастыруға септігін тигізеді.
– Үстіміздегі жылы алғаш рет Алғыс айту күнін атап өттік. Бұл күнді жастардың этносаралық бірлік туралы дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын қалыптастыруда қалай пайдаландыңыздар?
– Бірлігі мен татулығы жарасқан Қазақстан халқын одан әрі жақындастыра түсуге, бір ел, бір мүдде жолында еңбек етуге жұмылдыратын атаулы мейрамның маңызы зор. Елімізде алғаш рет тойланған бұл мереке этностар татулығын бекемдеп, ел бірлігін сақтау мақсатында жүзеге асырылғандықтан, жастарды барынша тартуға тырыстық. Қалалық Мәдениет үйінде поляктардың қазақ жеріне күштеп жер аударылуы жайлы спектакль арқылы зұлым саясаттың бір кісінің емес, бүкіл ұлттың тағдырын тәлкекке салғанын, қарапайым адамдардың бір-біріне деген таза ниетінің қандай болатынын, жер иесінің аш-жалаңаш келген жандарды бауырларына басып, алдындағы асынан бөліп бергенін көрсеттік. Мың рет айтқаннан гөрі, бір рет бейнелі түрде көрсеткен – жастардың жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз.
– Еліміз тәуелсіздігін алғалы аға буын Қазақстандағы этносаралық бірлікті нығайтуға зор үлес қосты. Ал қазіргі жас буын бұл жұмысты қалай жалғастыруда?
– Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет. Бұл деңгейге жету үшін тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарға жан-жақты өнегелі тәрбие беруіміз қажет. Осы орайда біз “Төртеу түгел болса төбедегі келеді” деген халық нақылы бойынша түрлі этнос өкілі жастарының басын қосып, қызғылықты шараларды өткізуді қолға алдық. Мәселен, үстіміздегі жылы қайырымдылық шараларын жиі өткізіп жүрміз. Облыс орталығында қайырымдылық балын өткіздік. Бұл шараның әсері күшті болғаны соншалық, көптеген жастар Ассамблея жұмысына белсене қатыссақ деген ниеттерін жеткізді. Тағы бір айтарым, осындай қайырымдылық шараларын өткізгеннен кейін алған әсерлерімізбен бөлісіп, сырласамыз. Сол кезде жастардан: “Сіздер этносаралық бірлік дегенді қалай түсінесіздер?” – деген сұрақ қойғанымда, олар: “Мен қасымдағы өзге этносқа құрметпен, төзімділікпен қараймын. Оның тілін, мәдениетін сыйлап, ол жайлы көбірек білуге тырысамын”, – дейді. Осындай ойларын білдірген жастар қазір басқа этностардың тілін үйрену үшін Достық үйіндегі тіл курстарына да барып жүр. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея жұмысымен түбегейлі айналысып жүрген жастардың этносаралық достық жайлы түсініктері мол және өздеріне зор сенім мен жауапкершілік артылғанын жақсы біледі. Ал жастың тілін жас табатынын ескерсек, бұл қыз-жігіттер жанында жүрген құрбы-құрдастарының да санасына саңылау түсірері анық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.