«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛСЕНДІ ЖАСТЫҢ АРМАНЫ БИІК

Жоғары оқу орнының қоғамдық өміріне белсене араласып, грант ұтып алған дарынды да өнерлі студенттер баршылық. Солардың бірі – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының ІІІ курс студенті Әсел Ерсайынова. Ол осы оқу жылында М.Жұмабаев атындағы шәкіртақыны жеңіп алды.

Әсел Ерсайынова Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласының топырағында туып-өсті. Туған елі ақ қайыңдар өлкесі, жұпар иісі аңқыған орман-тоғайы, өзен-сулары, ауасы таза, суы мөлдір табиғатымен ерекшеленеді. Жайдарлы балауса шағын осында өткеріп, қазақ орта мектеп-интернатында білім алды. Жастайынан ана тіліміз бен шығармашылыққа әуес болған Әсел мамандық таңдауда көп қиналған жоқ. Әрбір адамның болашағы өз мамандығына тікелей байланысты. Алдағы өміріңе балта шауып, түрлі бейнет көрмейін десең, жүрегің қалап тұрған іспен айналысуың керек. Сол себептен Әсел қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болуды армандайды. Мектепте оқып жүргенде Абай мен Мағжан оқуларын, түрлі шығармалар сайыстарына ұдайы қатысатын. Өзекті тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазып, қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиадалардан аудан, облыс көлемінде жүлделі орындарды иеленді. Осының барлығына дайындап, аталмыш мамандықты таңдауына саналы ғұмырын өскелең ұрпақтың бойына дарытуды мақсат еткен, өз ісінің білгірі, сүйікті ұстазы – Зәуреш Бускеева себепші болды.

– Мен үшін ұстазым – ой-өрісі биік, шығармашыл, төзімділік пен табандылықтың үлгісін көрсетуші. Өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып жүрген, жүрегі жұмсақ, көңілі дарқан адам, – деген Әсел Ерсайынова ұстазына деген алғысын жеткізді.

Мектепті тамамдағаннан кейін армандаған мамандығының ақылы бөліміне оқуға түседі. Қабілеті мол студент бірінші курстан бастап университет, қала көлемінде өтетін әртүрлі мәдени, әдеби іс-шараларға қатысады. Халықаралық конференцияларда ғылыми мақалалар жазды. Мәселен, “Шоқан оқулары – 18” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға “М.Әуезов әңгімелеріндегі жалғыздық мәселесі” және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де өткен “Сәбит Мұқанов – әлемдік әдебиет пен мәдениеттегі жарқын тұлға” атты конференциясында “М.Жұмабаев поэзиясындағы окказионализмдер” тақырыптарында ғылыми мақалалар жазды. Ал биылғы оқу жылында республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстар байқауына “Т.Молдағалиев поэзиясындағы көркемдік ерекшеліктердің қолданылуы” деген ғылыми жоба ұсынған болатын. Осындай шығармашылық жұмыстармен айналысып жүрген Әселдің оқу үлгерімі де өте жақсы. Мұның бәрі аталмыш шәкіртақыға қол жеткізуге жол ашады.

Бос уақытында шабыттанып өлең шығарады, көркем шығармаларды оқиды, дебат клубына қатысады. Ол – “Қазақ филологиясы” кафедрасындағы “Жас ғалымдар” ұйымы төрағасының орынбасары. Қатарластарын қызықты өмірдің шырынын бірге татып, белсенді болуға шақырады. Олардың ғылыми жұмыстармен айналысып, алуан түрлі іс-шараларға атсалысқанын қалайды.

– Қазіргі таңда жастар арасында кітапханаға бару, көркем шығарма оқу өте сиреп барады. Керек мәліметті ғаламтордан іздеумен ғана шектеледі. Қымбат уақыттарын әлеуметтік желілерге кетіреді, – деген Әселдің бұл сөздерінен келешегімізге деген алаңдаушылықты аңғарамыз. Осындай жауапкершілігінің арқасында да ұстаздық жолды таңдаған болар. Әселдің ендігі арманы – оқуды сәтті тамамдап, магистратурада одан әрі білімін тереңдету, ата-ананың үмітін ақтап, елге қадірлі де ұлағатты ұстаз болу.

Раушан МҰХАМЕТЖАНОВА,

 М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp