Мектептің көш соңынан қалмай ілгері жылжуы білімді де, білікті басшыға байланысты. Жібек Мұрзатаева Благовещенка №2 орта мектебін он жыл басқарып келеді. Қызметінің алғашқы күнінен бастап өзінің барлық күш-жігерін мектебіне арнаған ол білім ошағының жылдар бойы қалыптасқан абыройын сақтап, оны еселей түсуді мақсат етеді.
Аталмыш мектепті заман ағымына сай дамытуды көздеген Жібек Тобылқызын әріптестері жаңашыл, ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы ретінде құрметтейді. Өзіндік бай дәстүрлерімен танымал мектеп бірталай шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан. “Жұмыстарына шығармашылық ізденіспен қарайтын мұғалімдер аудандық және облыстық деңгейде ұйымдастырылатын сайыстарға белсене қатысып, биіктерден көрінуде. Ал оқушылар болса, пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларда ұстаздарының еңбегін ақтап келеді”, – дейді Жібек Мұрзатаева.
Еңселі білім ордасында ашылған жылы 109 оқушы, 20 мұғалім болса, қазіргі таңда шәкірт саны төрт жүзге жуықтаған. Оларға елуге тарта жоғары білімді ұстаз сабақ береді. Ұстаздардың отыз сегізі – жоғары және бірінші санатты мұғалімдер. Үш айлық деңгейлік курстардан өткен жеті педагог мектеп қабырғасында жаңа үлгіде сабақ беру іс-тәжірибелерімен бөлісуде. Білім ошағындағы кабинеттер заманауи техникалармен, интерактивті тақталармен жабдықталған. Мектеп жанында қырық орындық интернат және “Балдәурен” шағын орталығы жұмыс істейді. “Ауыл мектебі бүгінгі жас жеткіншектерге білім-тәрбие беру орны ғана емес, сонымен қатар елді мекендегі бірден-бір мәдениет ошағы да болып табылады”, – дейді мектеп басшысы.
Мұғалімдікке икемі бар түлектердің үлкен өмірге қанат қаққан жетеуі алтын ұя мектебіне қайта оралып, зор ізденіспен қызмет етуде. Соңғы жылдары мектепте еңбек етіп жатқан жас ұстаздардың қатары Олжас Сәбитов, Ардақ Мұрзатаев, Ақмарал Ипова, Батырбек Есімхан сияқты жаңа толқын мамандармен толыққан. “Жас келсе, іске!” демекші, олар өз пәндеріне деген оқушылардың қызығушылығын оятып, ұжымға тез сіңісіп кетті.
Ұжыммен тіл табыса білген басшы мектеп талай қиындықты басынан өткерсе де, оқушылардың тәрбиесі мен білім алу үдерісін ешқашан екінші кезекке қойған емес. Мұғалімдердің сабақ жоспары мен кестесіне үлкен талап қояды. Әр педагогикалық немесе әдістемелік отырыста директор әріптестерінен жаңаша жұмыс істеуге талпынуды, шығармашылық қадамнан шаршамауды талап етеді. Өзі де үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алып отырған шәкірттер де өзге құрбы-құрдастарына үлгі болуда. Беделді болудың негізі белсенділікте екендігін жете сезінген жас өрендер әртүрлі байқаулар мен сайыстарға жиі қатысады. Мәселен, 11-сынып оқушысы Барысбек Бексұлтанов Түркістан қаласында өткен “Қожа Ахмет Яссауи хикметтері” байқауының жүлдегері, 9-сынып оқушысы Жансая Күркенова “Мен қазақстандықпын” республикалық шығармалар байқауының үшінші орын иегері атанды, ал 6-сынып оқушысы Мөлдір Семей мен 1-сынып оқушысы Санжар Алмас “Зерде” ғылыми жобалар байқауында екінші орынға ие болды. “Бұл – жұмысын оңтайлы ұйымдастыратын, шығармашылықпен еңбек ететін мұғалімдер қауымы еңбегінің жемісі. Оқушылар үш жыл қатарынан спорттық жарыстарда аудан кубогының иегері атануда. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Сейімбай Сәдуев, Мерген Қайнетов және Қанат Ақаев осындай жеңіске қол жеткізіп келеді”, – дейді мектеп директоры.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: биология пәнінің мұғалімі А.Ипова оқушыларымен бірге.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
