
Апта басында облыс орталығындағы жанар-жағармай құю бекеттерінде көлік жүргізушілері арасында ең көп сұранысқа ие “АИ-92″ маркалы сұйық отынның бір литрі 4-5 теңгеге көтерілді. Бұған дейін шаһардағы жанар-жағармай құю бекеттеріндегі “АИ-92” маркалы сұйық отынның бағасы 150 теңгені құраған болатын. Алайда, “ҚазМұнайГаз”, “Shelf”, “Эталон” және тағы басқа жанар-жағармай құю бекеттерінде ол 154-155 теңгеден өткізілуде. Ал газдың литрі – 73 теңге, дизельдік отын 198 теңгені құрап отыр.
– Бүгінде өңірімізде 108 жанар-жағармай құю бекеті жұмыс істесе, оның 37-сі Петропавл қаласында орналасқан. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыста бензин бағасының өскені анықталды. Алаңдауға еш негіз жоқ. Қазіргі таңда өңірде “АИ-92” маркалы бензиннің 2 мың тоннасы бар. Ол – бір апталық қор. Бұдан бөлек, 2,5 мың тоннаны құрайтын дизель отынын жеткізуші операторлармен келісімшарт жасалды. Жанар-жағармайдың қоры өңірдің сұранысын қамтамасыз етуге жетеді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы Ләззат Ғалиева.
Басқарма өкілінің айтуынша, жергілікті жанар-жағармай бекеттеріне сұйық отын негізінен Павлодар, Атырау және Шымкент қалаларындағы мұнай өндіретін зауыттардан жеткізіледі. Жуырда алғашқы екі кәсіпорын жоспарлы күрделі жөндеуден өту үшін уақытша жабылды. Ал Шымкенттен тасу экономикалық жағынан тиімсіз. Нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмағандықтан, кәсіпкерлер “АИ-92” маркалы бензинді Ресейдің Уфа қаласынан жеткізуге мәжбүр.