«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРГЕНІНЕН БЕРЕРІ КӨП ЕДІ

Адам жасы ұлғайған сайын өткен өмір жолында кездескен игі жақсы­ларды жиі еске алып, сағымға айналған жылдарға ойша сапарлайды екен. Бала кезімізде құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досым, деректі және анимациялық фильмдердің режиссері Ерсайын Әбдірахманов тірі болса биыл 80 жастың сеңгіріне көтерілер еді. Жазмыштан озмыш жоқ. Бес күн жалған дүниеден ерте өтіп, қабырғамызды қайыстырып, жа­нымызды жаралап кетті.

Біз Ерсайын екеуіміз – бір ауылдың тумасымыз. Мағжан Жұмабаев ауданының Теңелдік деген ауылындағы мектепке бірге бардық. Кейін біздің ауылдан 6-7 шақырым жерде орналасқан Сарытомар елді ме­кеніне қоныс аудардық. Себебі ауылымыз 1965 жылы ыдырап, жұрты ғана қалды.

Мен 8-сыныпта Петропавл­дағы қазақ мектеп-интерна­тында (қазіргі Әбу Досмұхамбе­тов атындағы дарынды бала­ларға мамандандырылған гим­назия-интернаты) білім алдым. Ерсайын оқуын Сарытомарда жалғастырды. Екеуіміз де Са­рытомарда бірнеше жыл жұмыс істедік. Арамыздан қыл өтпес достарға айналдық.

Ерсайын Әбдірахманов ата- ананың тәлімді тәрбиесін көрді. Анасы марқұм Қайныш Мәди­қызы баласын қанаттыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай өсірді. Екеуіміздің кеш батқаннан түннің ортасына дейін шүйіркелесіп отырғаны­мызды көрген ол: «Бәлен сағат­тан бері бір орында тапжылмай отырсыңдар. Не айтасыңдар осы?» – деп ренжіген сыңай та­нытып дастарқан басына ша­қыратын. Қазір ойлап қарасам досым екеуіміз өзіміздің ғана емес, сүйікті кәсібіміздің ер­теңі, елдің болашағына қатыс­ты әңгімелескен екенбіз.

Ауылға кино айына бір-ақ рет келетін. Соған бүкіл ауыл болып баратынбыз. Ол кезде теледидар жоқтың қасы. Ра­дионың өзі санаулы үйде бола­тын. Ауыл балалары елге қа­тысты ақпараттың барлығын газет-журналдан табады. Ерса­йынды киноға деген махаббат ынтықтыра түсті. Ол кинодағы кейіпкерлердің әр қимылына баса назар аударып, сөйлеген сөздерін, жасаған қимыл-әре­кеттерін талдап отыратын. Біз болсақ, киноның мазмұнын, алған әсерімізді айтумен ғана шектелетінбіз.

Мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға аттандық. Ауылдағы алаңқайдан бастал­ған достығымыз Алатау баура­йында жалғасын тапты. Сту­денттік шақта да бала кезіміз­дей бір-бірімізге тірек болып, арман-мақсаттарымызға бірге қадам бастық. Сенбі-жек­сенбіні бірге өткізіп, студенттік кезеңнің қызығы мен шыжы­ғына бөлендік.

Ерсайын жас кезінен сурет салуға құштар еді. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезінде Алматыдағы басылым­дарға тырнақалды туындылары жиі жарияланатын. Баспа беті­не алғаш шыққан «Ақ кө­гершін» деп аталатын суреті көзі қарақты оқырманның оң пікіріне ие болды. Бұл жетістікті жалғыз Ерсайын ғана емес, біз де ортақ қуаныш­тай қабылдадық.

Жазғы демалыста алып- ұшып ауылға жетеміз. Көкорай шалғын белден жидек, шие те­руге бірге баратынбыз. Таңер­тең үйден шыққаннан кешке бір-ақ оралатын сәттеріміз аз кездеспеді. Одан қалды ауыл балаларымен бірге футбол, во­лейбол ойнаймыз.

Ерсайын жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Пет­ропавл қаласындағы мектеп­тердің біріне жұмысқа орналас­ты. Бір жылдан соң Отан алдындағы борышын өтеу үшін Алматыға аттанды. Оның со­дан кейінгі еңбек жолы мен өмірі алып шаһарда өрбіді. «Қазақфильмнің» белді маман­дарының бірі атанғанына іштей сүйсініп жүрдім. Мені тағдыр Ақтау қаласына алып кетті. Оңтүстік Астанамызға жол түскенде Ерсайынның үйіне соқ­пай кетпейтінмін. Сүйіп қо­сылған жары Қатира ыстық ықыласымен қарсы алатын.

Екеуіміз Қазақстанның қос түкпірінде жүрсек те бір-бірімізбен телефон арқылы байланысып тұрдық. Кейде хат жазысатынбыз. Телефонмен сөйлескен сайын балалық шақ­қа саяхат жасап, көңіліміз мар­қайып қалатын-ды. Ерсайын­ның күлкісінен шынайылық сезіліп, жанымызды жадырата­тын. Солай өміріміз зулап өтіп жатты.

Бір күні қызым бір жігітпен көңіл жарастырып жүргенін, тұрмысқа шыққысы келетінін айтты. Алғашқы қуанышым­ның басты қонағы Ерсайын Әбдірахмановты тойға арнайы шақырдым. Ол міндетті түрде келетінін жеткізіп, көңілімді марқайтып қойды. Тойдың бо­ларынан боладысы қызық емес пе? Маңызды іс-шараның қа­мымен жүгіріп жүрміз. Алматы­дан құдаларымыз келді. Қызы­мызды құтты орнына шығарып салдық. «Тойыңа міндетті түрде келемін», – деп уәдесін берген Ерекеңнен хабар болмады. Жү­регім бірдеңені сезгендей, үй телефонына қоңырау шала бердім. Ешкім көтерген жоқ. Келесі күні тағы да хабарлас­тым, бұл жолы Ерсайынның қызы Әйгерім жауап берді. Ерекеңнің дауысын естуге асық мен амандық-саулық сұрасқан­нан кейін телефонды әкесіне беруін өтіндім. Ол әкесінің үш күн бұрын о дүниеге аттанып кеткенін айтты. Өкіріп жыла­дым. Өзімді өмір деп аталатын аралда жалғыз қалғандай сезін­генімді қалайша жасырайын! Адамның өмірі сынаптан да жылдам екенін сол кезде ұққан­дай болдым. Ерсайынның ар­маны көп еді, ол өзін ғана ойла­майтын. Айналасының, аға­йын-туысының, бауырлары­ның да мақсаттарына ұмтылға­нын қалайтын. Оның елге бер­генінен берері көп еді.

Қалымжан ӨТЕУЛЕНОВ,

Ақтау қаласының тұрғыны.

Маңғыстау облысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp