
Қуаныш иелерiн айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов еліміз егемендік алғаннан бері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін жақсартуға баса назар аударып келе жатқанын атап өтті.
– Әр адам үшiн жайлы баспана – тұрақтылықтың, берекенiң кепiлi. Сондықтан елiмiзде халықты қолжетiмдi тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесiне ерекше көңiл бөлiнуде. Бiздiң облыста жыл сайын тұрғын үй құрылысының қарқыны артып келедi. Бұған дейін өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде облыста “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы желісі бойынша 17 үй салынып, 978 банк клиенті пәтер иесі атанған.
Былтыр өсiм 17 пайызды құраса, биыл 20 пайыздан астам көрсеткiшке қол жетiп отыр, – дедi Ерiк Хамзаұлы.
Iс-шара барысында қоныстой иелерiн “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi” АҚ-ы басқарма төрағасының орынбасары Айжан Медеуова құттықтады. Ол Гастелло көшесінде құрылысы аяқталған үш тұрғын үй қолға алынған үлкен жобаның басы ғана екенін атап көрсетті. Бұған қоса, облыс орталығында “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында тағы 603 пәтерлік жеті үй салынуда. Бұл нысандар 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілмек. Бүгінде облыс тұрғындары банкпен 24 мыңның келiсiмшартын жасасып, 10 миллиард теңгеден астам қаражатты сенiп тапсырған.
Баспаналы болған тұрғындар сапалы да әсем үй салып берген мердігер компания өкілдеріне алғыстарын жеткізіп, елдегі тыныштық пен татулық Президентіміздің сарабдал саясатымен жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.
Кілттерді табыстау салтанатынан кейін облыс басшысы үш бөлмелі пәтердің иесі атанған Рауан Серікұлының шаңырағында болып, жас отбасының қуанышымен бөлісті. Есіл ауданындағы Мектеп ауылының тумасы Рауан Петропавлдағы №23 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Болашағын ойлаған жас маман осыдан бес жыл бұрын банкте есепшот ашқан. Рауанның зайыбы Қарлығаш мектепте есепші болып жұмыс істейді. Енді, міне, осыған дейін пәтер жалдап келген екі жас мақсаттарына жетіп отыр.
Жастардың баспанасындағы бөлмелер ерекше кең. Екі жатын бөлмесі мен қонақүйдің кеңдігіне, әсіресе, Қарлығаш риза. Аумағы 85 шаршы метрлік пәтердің әр шаршы метрінің құны – 125 мың теңгеден. Төлейтін сома үлкен болып көрінгенімен, ауылда мал ұстайтын ата-анасы қолдау көрсетуге дайын екен. “Баламызға несиені төлеуге көмектесеміз, тек біреудің босағасынан сығаламай жүрсе болғаны”, – дейді қоныстойын тойлағалы отырған жастардың ата-аналары.
Түрлі түсті шарлармен безендіріліп, кірпіштен түзелген үш тұрғын үйдің ауласында балалар алаңқайы, жаяужүргінші жолы, автокөлік тұрағына дейін қарастырылып, толығымен жабдықталған. Гастелло көшесінде орналасқан бесқабатты 55 пәтерлік үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізген “ПМК-5” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды белгіленген уақытта тапсырған. Оның директоры Кәрібай Шаяхиннің айтуынша, пәтерлердің бөлмелері кең, жарық әрі жылы, барлық инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілген. Ал осы аулада 75 және 90 пәтерлік тұрғын үйлерді салған “Основание” және “Стройкомпания” серіктестіктерінің басшылары да құрылыс барысында банк тарапынан еш қаржылық кедергі болмағандығын алға тартты. Нәтижесінде бұл үйлер де бір жылдың ішінде тұрғызылған.
Бұған дейін өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде облыста “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы желісі бойынша Ұлттық қордан бөлінген 3,3 млрд. теңге қаржыға жалпы аумағы 48,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.