Облысқа жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қызыл жалынмен күрес үстінде ерлікпен қаза тапқан Алтынбек Әбдірахмановтың есімі берілген мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ашылу салтанатына қатысты.
Қала аумағында мұндай соңғы депо 1975 жылы пайдалануға берілген. Ал заманауи ғимараттың құны 2 млрд. теңгеге жуық. Облыс әкімі Ғауез Торсанұлы өз сөзінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жалғасып, материалдық-техникалық база үздіксіз жаңғыртылатынын атап өтті.
Береке – қарқынды дамып келе жатқан шағынаудан. Соңғы жылдары мұнда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер көптеп салынды. Өрт сөндіру депосы заманауи техникалық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарына толық сай келеді. Оның аумағында қызметті тиімді атқаруға қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған. Жеке жасақтың спортпен шұғылдануына, тынығуына мүмкіндіктер мол.
Депо құрамында алты пәтерден тұратын тұрғын үй де бар, яғни мамандар қызметтік баспанамен қамтылады деген сөз. Бұдан бөлек, жаттығулар өткізуге және тактикалық дағдыларды пысықтауға арналған оқу мұнарасы орналасқан. Жапониядан 130 млн. теңгеге катер әкелінген.
«Соңғы жылдары мемлекет тарапынан төтенше қызмет саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Қызметкерлердің жалақысы көбейді, баспана берілуде. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеттері ашылуда», – деді Шыңғыс Әрінов.
Салтанатты іс-шара барысында жаңа өрт сөндіру техникасының кілттері табысталды. С.Киров атындағы зауыт өрт сөндіру техникаларын заманауи байланыс құралдарымен, бейнебақылау жүйелерімен және арнайы дрондармен жабдықтаған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».