Конституция күні облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында жаңа қазақ мектебі пайдалануға берілді. 600 орындық білім ордасын салуға 1,5 млрд. теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Заманауи үлгіде салынған білім ошағын облыс әкімі Құмар Ақсақалов аралап, оқу ордасының жаңа оқу жылына даярлығымен танысты.
Бұл күні шағынаудан тұрғындары бір-бірінен сүйінші сұрап, мәре-сәре болысты. Енді “берекелік” балғындарға білім нәрінен сусындау үшін шаһардың о шетінен бұ шетіне сабылудың қажеті жоқ. “Қысы-жазы баламызды қала орталығындағы мектептерге қоғамдық көлікпен апаратынбыз. Оған көп уақыт кететін. Енді үйіміздің жанында заманауи, сәулетті мектептің ашылғанына өте қуаныштымыз”, – дейді “Береке” шағынауданының тұрғыны Ләззат Бейбітқызы.
№25 орта мектептің директоры Сәуле Тұрсынованың айтуына қарағанда, жаңа білім ошағы соңғы үлгіде жабдықталған. Мұнда 45 мұғалім шәкірттерді білім нәрімен сусындатуға әзір. Балаларды тереңдетіп оқытуға, олардың жақсы білім алуына жағдай жасау мақсатында әр сынып мультимедиалық тақталармен, лед-экранмен және компьютермен қамтамасыз етілген. Әрбір ұстазға жеке ноутбук қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда арнайы лингофон кабинеттері, 130 орындық асхана, 2 спорт залы мен медициналық кабинет бар. Соңғы үлгідегі металл, ағаш өңдеуге арналған құрылғылар мен тігін машиналары орналасқан оқу бөлмелері де балалардың алаңсыз білім алуына сай етіп дайындалған. Бүгінде бұл зәулім де сәулетті мектепте 500-ден астам оқушы екі ауысымда білім алмақ.
Білім ордасында инклюзивті білім беру де назардан тыс қалмапты. Жаңа үлгідегі лифт мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Нұрым Хамзеновтің айтуынша, спорт залдың еденіне төселген арнайы жабынды балаларды жарақаттанудан қорғайды.
Өңір басшысы мектепті аралап шыққан соң, акт залына жиналған ата-аналар қауымымен емен-жарқын тілдесті. Құмар Іргебайұлының сөзінше, алдағы уақытта өңірімізде бой көтеретін білім ошақтарының барлығы осындай деңгейде болуы тиіс. “Алдағы уақытта “Жас өркен” шағынауданында осындай жаңа мектеп ашылады. Ал Мағжан Жұмабаев көшесі бойында бой көтеретін оқу ордасының құрылысы биыл басталмақ. Ол келесі жылы қыркүйектің 1-інде пайдалануға беріледі. Аудандарда да жаңа мектеп салуды көздеп отырмыз. Қызылжар мен Тайынша аудандарының балалары да көп ұзамай осы заманғы білім ошақтарында оқитын болады. Жалпы білім саласына бөлінген қаржы соңғы үш жылдың ішінде 29 пайызға артты. Биылдың өзінде мектептерді күрделі жөндеуден өткізу шараларына 5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Республика бойынша 323 мектепті қайта қалпына келтіру жөнінде шешім шығарылса, соның 40 пайызы біздің өңірге тиесілі. Бұл дегеніңіз балаларымыз алдағы уақытта алаңсыз білім алатын болады деген сөз – деді Құмар Іргебайұлы. Ең қуаныштысы, соңғы уақытта өңіріміз бойынша қазақ тілінде білім алуға тілек білдірген балғындар саны 5600-ге жеткен екен.