«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ БИДАЙЫҚ

Туған жер туралы сөз қозғағанда тебіренбейтін адам жоқ, сірә! Балдәурен балалық шақтың ең тамаша сәттері кір жуып, кіндік кескен жерден бастау алатыны шындық. Айдынды көл, таза ауа, ну орман – алтын бесік – ауылдың баға жетпес байлығы. Ал аяулы мекендегі адамдардың көңілінің кеңдігі мен ақ пейіліне шіркін, не жетсін?!

Қашанда халқымыз үшін ауыл руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың қайнары болып саналған. Сондықтан ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында туған жерді қадірлеу әр адамның парызы екенін айтқан болатын.
“Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі”, – деген Тұңғыш Президентіміздің асыл ойлары менің өмірлік бағдарыма айналды десем қателеспеймін.
Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылы – қасиет қонған құт мекен. Онда КСРО-ның еңбек сіңірген әртісі Ермек Серкебаев дүниеге келген. Ауылымыздың тарихы тереңнен тамыр тартады. Атадан балаға мұра болған салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды сақтаған ауыл тұрғындары береке мен бірлікте тату-тәтті өмір сүруде.
Бүгінде Бидайық ауылдық округінің құрамында Өндіріс, Жамбыл, Жұмысшы елді мекендері бар. Тың және тыңайған жерлерді игеру дүрбелеңі кезінде құрылған Бидайық талай қиын кезеңнен сүрінбей өтіп, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта еңсесін тіктеді. Бір кездері Ленин орденімен марапатталған ауылдың атағы тынымсыз еңбектің арқасында жұртқа мәлім болды. Қазір мұнда мыңнан астам адам түтін түтетіп, жарасымды тірлік кешуде.
Еңбекпен есейген ауыл тұрғындары кез келген шаруаны дөңгелетіп, жұмысты ұршықша үйіруде. Бірі жеке кәсіпкерлікпен айналысса, енді бірі мал шаруашылығын өркендетуде. Әлібек Асқаров, Бағлан Әбішева, Мәуліт Мәліков сияқты іскер жандар жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Ауылда әйтеуір бос отырған адам жоқ. Өскелең ұрпақты ерте жастан еңбекке тәрбиелеудің төркінін түсінетін тұрғындардың таңның атысы, күннің батысы шаруадан қолдары босамайды. Жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойына халқымыздың бар асыл қасиетін сіңіріп, оларды өнерге тәрбиелеуге де айрықша назар аударудамыз.
Бидайық ауылында осыдан екі-үш жыл бұрын жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін демалыс орталығы ашылған болатын. Ол жерде салтанатты жиындар, “дөңгелек үстел” отырыстары, дебаттық сайыстар мен спорттық іс-шаралар өткізіледі. Демалыс орталығында жастар үстел теннисін, тоғызқұмалақ пен шахмат ойнайды. Өнер десе, ішер асын жерге қоятын жеткіншектер би, ән үйірлемелеріне қатысып, шығармашылықтарын шыңдауда.
Рухани байлықтың өлшемі – кітап болса, тұрғындар арасында асыл қазынаны насихаттауға ерекше назар аударылған. Демалыс орталығында ашылған ауылдық кітапханаға келушілер аз емес. Жақында кітапханада “Coworking” орталығын ашу жоспарлануда. Мереке және демалыс күндері ауыл тұрғындары үшін орталықта би кештері ұйымдастырылады.
“Жастар жылында” өрендердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтуде. Жақында “Мен жастарға сенемін!” атты аудандық көркемөнерпаздар байқауы ұйымдастырылды.
Ауылда өскелең ұрпаққа дұрыс жол көрсетіп, өнегелі тәрбие беріп отырған жандар шоғыры қалың. Солардың қатарында Күлпәш Жүнісова, Борашкүл Төлегенова, Орынбасар Мұстафина сияқты әжелеріміздің өнегелі ісін көпке үлгі еткен жөн. Ауылымыздың ажарын келтіріп, берекесі мен бірлігін нығайтқан аға буынға тұрғындардың құрметі зор.

 

Сандуғаш ТУКЕЕВА,  Бидайық ауылдық демалыс орталығының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp