Облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, сауда- саттық барысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аралап көрді. Жүзден астам шаруашылық пен кәсіпорын тұрғындарға бағасы қолжетімді жарты мың тоннаға жуық азық-түлік өнімдерін ұсынды. Оның ішінде 95,1 тонна ет және шұжық, 12,2 тонна сүт, 45,5 тонна ұн өнімдері, 4,5 тонна бал, 110 мың дана жұмыртқа, 342 тонна картоп пен көкөніс, 5 тонна балық сатылды. «Жәрмеңкеге аудандар жақсы дайындықпен келді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрі көп. Барлығы – арнайы тексерістен өткен, таза табиғи өнімдер», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Тоққожин.
Ет, картоп және жұмыртқа сататын сауда нүктелерінде сұраныс жоғары болды. Жұмыртқаның 10 данасы 480 теңгеден, картоптың келісі 200 теңгеден сатылды.
«Ұлы даланың берекелі жәрмеңкесі» деген атпен ұйымдастырылған іс- шарада Мағжан Жұмабаев ауданының тауар өндірушілері де ерекше белсенділік көрсетті. Мәселен, 1991 жылдан бері омарташылықпен айналысатын Сергей Гурач дәмі тіл үйіретін 100 келі беде балын әкеліпті.
Валерия СИВАШ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.