«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ “НҰР”

Мамлют ауданындағы Покровка ауылының тұрғындары Нұрмолдиндер отбасын өз кәсібінен нәсібін тауып отырған жандар ретінде құрмет тұтады. Бекболат Нұрмолдин кезінде құқық қорғау органында қызмет атқарып, кейін кәсіпкерлікке түбегейлі бетбұрыс жасаған көрінеді. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын ауылдағы ескі сауда орнының ғимаратын сатып алып, бір бөлігіне “Нұр” дүкенін ашқан екен.

– Азық-түлік дүкенімізде тек отандық тауарлармен сауда жасаймыз. Бізде “Сүт одағы” ЖШС-нің сүт өнімдері, “Леонтьев” пен “Казмясопродукт” кәсіпорындарының ет өнімдері, қостанайлық “Баян сұлу” фабрикасының кондитерлік бұйымдары, “Көкшетау минводы” ЖШС-нің сусындары сияқты тұтынушыларға күнбе-күн қажетті тауарлар сатылады. Аталмыш кәсіпорындармен жасалған келісімге орай қажетті тауарларды тапсырыс бойынша өндіріс орындарының өзі арнайы көлікпен бізге жеткізіп береді. Кейбір тауарларды Петропавлдағы көтерме сауда орталығынан алып келеміз. Оларға 10-15 пайыздық үстеме ғана қосылады. Дүкенімізде өз елімізде шығарылған сапалы өнімдер сатылатын болғандықтан, тұтынушылар тарапынан шағым айтылып көрген жоқ. Бізге керегі де сол ғой, – дейді Бекболат Сейілбекұлы.  

Жеке кәсіпкер биыл ғимараттың тағы бір бөлігін күрделі жөндеуден өткізіп, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы мерекесі қарсаңында шағын наубайхана ашыпты. Ол үшін өз қаражатына, яғни 500 мың теңгеге Қытайдың компьютермен басқарылатын нан пісіретін пешін, қамыр илейтін қондырғысын және нан қалыптарын сатып алған. Ол бір сағаттың ішінде 72 бөлке нан пісіретін көрінеді.

– Зайыбым Ақмарал дүкенде сауда жасайды. Сондықтан жеңгем Айманды наубайханада жұмысқа тарттық. Нан-нан басқа күніне жүз шақты 3-4 түрлі тоқаш пісіреміз. Нан – 50 теңгеден, ал тоқаштар 35 теңгеден өз дүкенімізде сатылады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшыларының айтуы бойынша, бізге ай сайын тұрақтандыру қорынан 2 тонна ұн берілмек. Әзірше Тайынша ауданынан берілетін ұнды ала қойған жоқпыз. Наубайхана ашу арқылы 200 шаршы метрді алатын ғимараттың жартысын ғана іске қостық. Сөйтіп, жергілікті тұрғындарды қажетінше ыстық нанмен, жанымыздағы мектеп оқушыларын тәтті тоқаштармен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді жеке кәсіпкер.

Бекболат Сейілбекұлы биыл “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның облыстық филиалы ұйымдастырған бизнес-тренингтен өтіп, арнайы сертификатқа қол жеткізіпті.

– Аудандық кәсіпкерлік бөлімімен тығыз жұмыс істеймін. “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы өндіріс орнын кеңейтуге қаржылық қолдау көрсетілетіндігін бөлім мамандарынан естідім. Банктік қарыздың 14 пайыздық сыйақысының 10 пайызы мемлекет тарапынан демеуқаржыландырылады екен. Бұл ауылдық кәсіпкерлерге зор көмек. Осы жағдайды естігеннен бері ғимараттың екінші бөлігін, былайша айтқанда, тең жартысын тойханаға айналдырсам ба деген шешімге келіп отырмын. Біздің Покровка ауылы үшін кемінде 50-60 орындық тойхана өте қажет. Соған орай кәсіпкерлік бөлімімен келісе отырып, тиісті құжаттарды әзірлеуге кіріспекпін. Енді ғимараттағы 100 шаршы метр аумақты талапқа сай безендіруге және жарақтандыруға күш салмақпын. Ауылда тұрғаннан кейін ел қатарлы мал ұстап жатырмыз. Сонымен бірге осындай қолдан келетін іспен де айналысу керек. Елбасымыз бен Үкіметіміз кәсіпкерліктің қандай түрімен болсын айналысуға жағдай жасап жатыр. Соны дер кезінде пайдалана алмасақ, бізге сын, – деп ағынан жарылды Бекболат Нұрмолдин.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: сатушы Ақмарал және Бекболат Нұрмолдиндер.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp