Шаңырағын шаттыққа бөлеп, “айналайын” сөзімен әр баланың жүрегіне жол таба білген Орақ Пазылұлы мен Гүлбаршын Ілиясқызы – өнегелі отбасылардың бірі. Айыртау ауданының, Қарасай батыр ауылында тұратын абыз ақсақал мен ақ жаулықты кейуана – он баланы дүниеге әкеліп, бүгінде қуанышына кенеліп отырған аяулы жандар.
Отағасы жақсы істерімен, тәрбиелік мән-маңызы зор сөздерімен жастарға дұрыс жол сілтеп, Алланың жолында жүрген ауыл имамы. Бүгінгі таңда жетпісті алқымдап қалған қарт зейнетке шыққанға дейін ұзақ жылдар бойы туған ауылында ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Қолға алған әр ісіне асқан жауапкершілікпен қарай білетін Орақ Пазылұлының есіл еңбегі елеусіз қалмады. Еңбек адамы ретінде танылған отағасының сол кезде алған марапаттары – жақсы жұмыстың жеңісі мен жемісінің дәлелі.
Үй шаруасын ұршықша үйіріп, он баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп ер жеткізген Гүлбаршын Ілиясқызы – екі бірдей алтын алқаның иегері. Тұңғыш перзенті Сарбиназ 52 жаста болса, сүткенжесі Ұлан биыл 35 жасқа келген.
Көпбалалы анаға сонау сексенінші жылдары “Батыр ана” деп аталған алқа берілген. Арада жылдар өтіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұрпақ сабақтастығын жалғаған асыл жанға “Алтын алқа” алқасы табысталды. “Байлығым – балаларым!” деген аяулы жанға осылайша тағы бір мәртебе құрмет көрсетілді.
Жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан ерлізайыптылар биылғы өткен “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысып, аудандық кезеңде жеңімпаз атанды. Ырысы мен ынтымағы жарасқан берекелі шаңырақ иелері облыстық кезеңге өтіп, байқаудың екінші сынағында топ жарып, “Көпбалалы отбасы” аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл үшінші рет “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы болып өтті. Аз ғана уақыттың ішінде ол шынымен де халықтық мерекеге айналды. Оған елімізді мекен еткен этностардың барлығы дерлік қатысуы және жыл өткен сайын олардың қатары көбейе түсуі көңіл көншітеді. Биыл біздің отбасымыз да үміткерлер қатарынан орын алып, жеңімпаз болғанымыз шаңырағымыз үшін үлкен мерей. Отбасылық құндылықтар насихатталатын мұндай шаралардың жастар үшін тәрбиелік маңызы зор, – дейді отағасы Орақ Пазылұлы.
Отағасы мен аяулы ана ұл-қыздарын еңбекпен тәрбиелеп, ұлттық салт-дәстүрдің қалыбына салып өсірді.
– Қазақта “Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен асқан соң онымен досыңдай ақылдас” деген нақыл сөз бар. Түпкі мағынасына үңіліп қарасақ, бұл дана сөздің тәрбиелік мәні өте зор. Отағасы екеуміз ұл-қыздарымызды осындай қағидаға сүйеніп өсірдік. Еркелеттік, бірақ еркіне жіберген емеспіз, – дейді көпбалалы ана.
Қарттыққа аяқ басып, білімді ұрпақ қалыптастыруға сүбелі үлес қосып отырған ақсақал мен ақ жаулықты ана Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген облысымыздың 80 жылдық мерейтойының өзіндік ерекшелігі барын айтып, ойларымен бөлісті.
– Астанаға қарап, ой да, бой да түзеп келе жатқан өңіріміз осы жылдар ішінде қарышты қадаммен алға басып, қанатын кеңінен жаюда. Мұның барлығы егемендігіміздің көк туын аспанымызда желбіретіп, ең алдымен, халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту жағына көп көңіл бөлетін Елбасымыздың өлшеусіз еңбегінің арқасы. Облысымыздың әр ауданында, алыс-жақын ауылдарында балабақшалар, шағын орталықтар, мектептер ашылуда. Заман талабына сай нысандар бой көтеріп, жаңа үлгідегі баспаналар тұрғызылуда. Осындай жағымды жаңалықтарды көріп, естіп отырғанда қалайша қуанбайсың?! Мұның барлығы еліміздің экономикасының алға басып келе жатқандығының айқын дәлелі, – дейді Орақ Пазылұлы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты” деген болатын. Әр адам алғашқы тәрбиені шағын ғана шаңырағында өзін жақсылық пен сүйіспеншілікке бөлеген ата-анасынан алады. Отбасында біз еңбекке, жауапкершілікке, үлкенге құрметпен қарап, кішіге қамқорлық көрсетуді үйренеміз. Осындай тамаша құндылықтардың барлығы Нашарбаевтар әулетінен көрініс тапқан.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.