«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ ӘУЛЕТ

Тоғыз ай құрсағында көтеріп, өмір бойы жүрегінде сақтайтын ананың перзентіне деген махаббаты шексіз. Жарық дүние сыйлаған анаға әрбір адам қарыздар. Аяулы жанның аялы алақаны, мейірімге толы жүрегі мен пәк көңіліне тең келер не бар? Ана – отбасының шуағы, шаңырақтың шаттығы. Балаларын байлығына балайтын Шәрипа Құсанова сияқты ананың жан жылуын сезінген ұл-қыз неткен бақытты десеңізші!

 

Шәрипа Әбділдәқызы Аққайың ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумында білім алған. 1981 жылы тұрмыс құрып, Амангелді Темірғалиұлы екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді. Құдай қосқан қосағымен өмірдің барлық қиындықтарына мойымай, ұл-қыздарын жеткізу үшін күн-түн демей тынымсыз еңбек етті. Ақ жаулықты ана отағасының соңынан еріп, бірталай шаруаның басын қайырғанын бүгінде мейірлене еске алады. Олар жұмысты ауыр-жеңіл деп таңдаған жоқ. Ұрпаққа тәрбие беру, оларды қатарға қосу үшін уақытпен санаспай еңбектенді. Ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Бүгінде әулеттің қос бәйтерегі ұрпағының қызығына кенелуде.

Ананың мейірімін, әкенің қамқорлығын көріп өскен балалары да еліміздің өркендеуіне өздерінің үлестерін қосып, абыройлы еңбек етуде. Тұңғыштары Арман жеке сот орындаушысы болса, қыздың үлкені Анар мемлекеттік қызметте. Ал Серік, Дәулет, Сәуле, Айгүл медицина, білім және тағы басқа салаларда абырой биігінен көрінуде. Үйдің еркесі, ата-анасының кенжесі Зарина болашақта журналист болуды армандайды. Қазір ол елордамыз – Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алуда.

Балашағасының ортасында мәнді де сәнді ғұмыр кешіп, бақытты қарттық дәуреннің қызығына кенелген қарияларды көргенде көңілің марқаяды. Әлемнің жарығын сыйлап, ақ сүт беріп аялаған аналарын алақандарына салып, бағып отырған Құсановтар әулетінде үлкенге, қазыналы қарияға деген құрмет ерекше. Кеудесінде “Алтын алқасы” жарқыраған көпбалалы ана Шәрипа Әбділдәқызы әрқашан ұл-қызының алдында әкенің мәртебесін биік қойған. Өйткені, ол бала тәрбиесінде әкенің алатын орны ерекше екенін айтады. Ресейдің Есілкөл ауданында дүниеге келіп, Омбы ауыл шаруашылық институтында зоотехник мамандығы бойынша білім алған Амангелді Темірғалиұлы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. Қатардағы зоотехниктен бөлімше меңгерушісі, кәсіподақ комитетінің, бастауыш партия ұйымдарының хатшысы, директордың орынбасары, кеңшардың бас зоотехнигі болып еңбек етті. 1997-2001 жылдар аралығында Мағжан Жұмабаев ауданында “Восточный” өндіріс кешені базасының меңгерушісі, директордың орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды. Кейін Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Чистов, Надежка ауылдық округтерінің әкімі, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген уақытта да сенім биігінен көрінді. Өскелең ұрпаққа үлгі болған аға буынның осындай өнегелі ісін қалайша мақтан етпеске? Отбасының діңгегі Амангелді аға өткен жылы Ақтөбе қаласында өткен III республикалық әкелер форумына облыс атынан қатысып, мерейімізді үстем етті. Қазіргі таңда олар Булаев қаласында тұрады. Жан-жағына жылу, мейірім, шуақ сыйлап отырған берекелі әулеттің қос бәйтерегі шаңырақ шаттығын кіргізуде.

Мекебай ОҢАЙ. Мағжан Жұмабаев ауданы.

СУРЕТТЕ: Ш.Әбділдәқызы мен А.Темірғалиұлы немерелерімен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp