Облыс орталығының шығыс жақ бөлігінде “Береке” шағынауданының бой көтере бастағанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, төрт жылдың ішінде бірнеше көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, Назарбаев Зияткерлік мектебі бой түзеді, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылып, “Берекенің” тынысын кеңейте түсті. Соған орай көшеаралық жолдар да қалпына келе бастады. Дегенмен, әлі де көше атауларына, жолдарға, ескі нысандарға, автобус бағыттарына байланысты ойласатын мәселелер аз емес сияқты…
Соңғы жылдары, дәлірек айтсақ, 2014 жылдан бері құрылыс бұрынғы Сенная база шағынауданына қарай қанатын жая бастады. Биылғы Жаңа жыл қарсаңында 72 пәтерлік 2 бесқабатты жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. Олар 5-ші Сенной қысқа көшесінің бойында, “Есіл су” ЖШС-нің өндірістік базасы жақ шетте орналасқан. Бұл – тақ санды үйлері ғана бар жартылай көше. Қарсы жақ бетінде тек қана бұл күні жұмыс істемейтін бұрынғы аты дардай “Союзцелинвод” кәсіпорнының “УПТК” ғимараты, осы өндіріс орны салмақ болған “Прокат зауытының” қалқиып жартылай қабырғалары ғана қалған имараты тұр. Кең аумағы және көлемді көне ғимараты бар “УПТК” кезінде нан-тоқаш комбинатына сатылды да, онда бір-екі өндіріс орны ашылғанымен, жұмысы әрі қарай жалғасын тауып кете алмады. Қабырғалары темір-бетон блоктармен қаланған ғимарат бұл күні қаңырап бос тұр. Күрделі жөндеу жүргізіп жіберсе, кез келген ауқымды өндіріс ошағын ұялмай-ақ орналастыратын лайықты орын. Бұл күні ол жекешелендірудің “құрбаны” болып, көшенің сиқын кетіруде. “Прокат зауыты” имараты туралы да соны айтуға болады. Оның үстіне бұл нысан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының дәл алдында әсем де еңселі ғимаратты қалқалап тұр. Егер оны бұзбайтын болса, аталмыш имарат “Бензострой” шағынауданының соңғы аялдамасында өткізуге тыйым салынған жексенбілік жәрмеңке үшін таптырмайтын-ақ нысан.
Бір қызығы – осы көшенің бойында бой түзеген 72 пәтерлік 5 бесқабатты үйге “5-ші Сенной көшесі” атауы берілгендігі. Оларға дейінгі тақ санды үйлер “5-ші Сенной қысқа көшесіне” жатады да, кейінгі үй басқа көшеге айналып шыға келеді. Осының өзі пошта байланысы, такси, медицина қызметі сияқты сан алуан көмек түрлеріне кедергі келтіріп, жаңсақтық туғызбай ма? Ал осы үйлердің қарсы жақ бетіндегі, “Прокат зауытының” арғы жағындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы Нефтепроводный көшесі, 1 Б мекенжайында орналасқан делінген. “Есіл су” ЖШС-нің өндірістік базасы жанында бір-екі тұрғын үй болғанымен, олар Нефтепроводный көшесіне жатқызылғанымен, бұл маңайда, доғадай бұралған М.Әуезов пен 5-ші Сенной қысқа көшелерінің аралығында, ешқандай көше жоқ. Жұрт іздеп жүретін жаңа орталықты беймәлім көшеге телігеннен де, оңай тауып алу үшін 5-ші Сенной қысқа көшесі атауымен атаған орынды емес пе?
Сенная база шағынауданында саны мен ұзындығына байланысты қойылған 7 Сенной көшесі (1-ші Сенной, 2-ші Сенной, 2-ші Сенной қысқа көшесі деген сияқты) бар. “Береке” шағынауданына қосылған 5-ші Сенной қысқа көшесін жергілікті тұрғындарды, дәрігерлер мен тасымалдаушыларды жаңылдырмас үшін жаңа атаумен атайтын кез келген сияқты.
Сонымен бірге Назарбаев Зияткерлік мектебінің алдындағы Ә.Досмұхамбетов көшесіне салынған асфальт жолдың енінің тарлығы да, жүргінші жолының сапасы да көңіл көншітпейді. Осы көше арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына баратын бұралаң асфальт жол да дұрыс жобаланбағаны байқалады. Жол бойындағы күрт бұрылыстар мен асфальт жолдың тарлығы биылғы боранда автобустардың қатынасына көп кедергі келтірді, көлік қақтығыстарына себеп болды.
“Берекенің” беделін ойлағанда осы мәселелерді алға тартқымыз келеді…
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.