
Жерлесіміз Кәкімбек Салықовтың “Ақтас әнінің” қайырмасы былай түйінделеді: “Жалғызтаудың еркесі, Асыл аймақ жер төсі. Біздің Ақтас жаралған, Көтеруге көңілді, Көркейтуге өңірді”. Ақын ағамыз аты да, заты да ажарлы, кіндік кесіп, балалық бал дәурен өткен өлкеңді жырға қосып, көркем тілмен кестелеп жатса, “па, шіркін!” деген ризашылық сезім тіл ұшына орала кетеді екен. Жаныңның бөлінбес бір бөлшегі іспеттес туған жеріңнің қадір-қасиетін жете ұғынғандай боласың.
Жалғызтаудың бөктерінде орналасқан алтын ұямның құрылғаннан бергі арғы-бергі даму тарихына қысқаша көз жүгіртсек, толайым табыстары мен жеткен жетістіктерін санамалап шығудың өзі – алты атанға жүк боларлық. Шоқ-шоқ биші қайыңдар бөктерінде қоныс тепкен Шаңыраққойған, Ақсұлу, Метірей, Досай, Жұман ауылдары осыдан 90 жыл бұрын “Ақтас” ұжымшарына біріккенде небәрі 3-4 соқа, 4-5 ағаш тырма, 10 шақты өгіз, 5-6 ат қана еншілеген. Мемлекет жәрдемдесіп, МТС 3 ХТЗ тракторымен, 1 астық комбайнымен қамтамасыз еткен. 1937-1938 жылдары 500-800 гектар алқапқа бидай өсіріліп, гектар берекелігі 100 пұттан айналған. Ұжымшардың төрағасы Есқали Рамазанов Мәскеуде өткен бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, ВДНХ-ның медалімен, құрмет грамотасымен марапатталған. Осы бір жақсы үрдіс кейінгі жылдары да жалғасын тауып, мемлекеттік марапат алмаған ақтастықтар кемде-кем дерсің. Білікті бригадир Жәмет Кәкімов Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі”, екінші, үшінші дәрежелі “Еңбек Даңқы”, даңғайыр диқан Орал Тәттібаев “Құрмет белгісі”, Октябрь революциясы, Ленин ордендерін өңіріне қадап, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Алтын қолды шипагер Қаратай Әблин “КСРО денсаулық сақтау ісінің озық қызметкері” атағын иеленген. Гүлнәр Төлебаева жетекшілік еткен “Арай” комсомол-жастар бригадасы әр жүз саулықтан 102-105 қозы өргізіп, әр қойдан 4-4,5 килограмм жүн қырқуды қалыпты дәстүр еткен. Әке жолын қуған Майра Тәттібаева алып “К-700” тракторын ұршықша үйіріп, бүкілодақтық П.Ангелина атындағы бас жүлдені жеңіп алған. Өз заманында шағын ауылдың дәулетіне қоса сәулеті мен мәдениеті де өркендеп, көгалдандыру, тазалық байқаулары бойынша республикада, облыста топ жарған.
“Ауыл тағы да бөлінгелі жатыр” деген жайсыз хабарды естігеннен кейін суыт жолға шыққан едік. Қашан межелі жерге жеткенімізше ойымыз онға бөлініп, көңіл күйіміз байыз таппағаны рас. “Бала күнгі болашақты зерлеймін, Үнсіз ғана “Қайран, туған ел”, деймін. Беу, ағайын, шынымды айтсам, баспа бас, Жалғызтауды Алатауға бермеймін”, деп, ағынан жарылған Үкілі Ыбырайдың бүгінгі ұрпақтары алдыңғы буын өкілдері секілді “бір жағадан бас, бір жеңнен қол” шығара отырып, ауызбірліктің, ұйымшылдықтың, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, қиындықтарды еңсерудің орнына алақандай елді мекеннің ту-талақайын шығармақ па? Сонда көздегендері не? Осы ойлар маза бермейді. Сонау алыстан екіқабатты мектеп үйі “менмұндалап” көрінгенімен, бір кездері түтіні шалқи ұшқан 120 шаңырақтың үштен бірі ғана қалғаны еске түссе, онсыз да сынық көңіл тіпті жабырқайды екен. 2008 жылы 90 оқушыға арналған зәулім мектеп ғимараты пайдалануға берілгенде С.Зиманов, М.Сағдиев, Ә.Нұршайықов, А.Қошанов, Ғ.Есім секілді қазақ ұлтының сүт бетіндегі қаймақтары ұстаздар ұжымы мен оқушыларға ақ тілектерін жолдап, дәстүр сабақтастығының үзілмеуіне сенім білдіріскен еді. Бүгінде 9 жылдық негізгі мектепке 28 оқушының ғана (талап бойынша кемі 41 оқушыдан кем болмауы тиіс) барып жүргенін естіп-білсе, ұлт марғасқаларының қандай күйге түсерін көзге елестетудің өзі қиын-ау!
“Ақтас-Агро” ЖШС-нің директоры Ерік Иманжановты мектеп директорының кабинетінде жолықтырдық. Жас басшының нарықтың қыр-сырын игерген икемділігі жөнінде сырттай хабардар едік.
– Уәлиханов ауданында кәсіпкерлікпен, астық сатумен айналыстық. 2015 жылы Ақтасқа жолымыз түсті. Танысып-біліскеннен кейін тұрғындар егіс танаптарын арамшөп басып кеткеніне, 800 гектар жерге ғана астық егілетініне, несие мен жалақы қарызы өтелмей жатқанына, құрылтайшылардан еш көмек жоқтығына налып, пай үлесімізді сіздерге берейік деген өтініштерін жеткізді. 3 жылдың ішінде жарты миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды. Алғашқы жылдары ауыр соққанын жасырмаймын. Әбден тозығы жеткен қырманды, ондағы құрал-жабдықтар мен құрылғыларды күрделі жөндеуден өткізу, пай үлестерін ретке келтіру, танаптарды құнарландыру, шығымдылықты арттыру, көшелерді, жолдарды қалпына келтіру секілді шараларға қомақты қаражат жұмсалды. Бұдан тысқары көктемгі егін себу, минералдық тыңайтқыштар сіңіру, күзгі жиынтерім жұмыстарын талапқа сай атқару міндеттері бар. Білікті мамандар, тәжірибелі механизаторлар, комбайншылар жетіспегендіктен, жоқтан бар жасауға тура келді. Ақталғаным емес, нарықтың ауыр қамытын киген ауыл шындығы бұл! Қазір қарамағымызда 3368 гектар егістік, 1500 гектар жайылым бар. Гектар берекелігі 7 центнерден 15 центнерге дейін артты. Пай үлестері кешіктірілген емес. Бұрынғы қожайындардың екіжылдық жалақы берешегін толығымен өтедік. Алдағы уақытта төрт түлік мал өсіру, жаңа техникалар сатып алу, иесіз тұрған балабақшаны жөндеп, клубқа айналдыру сияқты ірілі-ұсақты жоспарларымыз бар. Ауыл шаруашылығы – өте күрделі сала. Салған қаржыны қайтару оңай емес. Жермен жұмыс істеу қандай күрделі екенін еңбекқор тұрғындардың өздері де жақсы біледі. Алайда, бәзбіреулердің тырнақ астынан кір іздеп, қара қазандай өкпелерін жер-көкке таратып жүргендерін өзім де түсінбей далмын. Қазір басқосуда ақиқаты айтылып, ара-жігі ашылар деген үміттемін, – деді жиналыс басталғалы жатқанын емеурінмен танытқан Ерік орнынан тұруға ыңғайланып.
Өткен жиында серіктестік құрамынан 11 адам шығуға арыз берсе, бұл жолы 24 адамнан өтініш түсіпті. Адвокат жалдап, “бес қаруын” сайлап келулеріне қарағанда қарсы тараптың “серкелері” біржола ат құйрығын кесісуге берік бекінген тәрізді. Шаруашылық басшысының есебінен кейін іштегі мұң-шер ақтарылып сала берді. “Пай үлестері дұрыс есептелмейді, келісілгеннен кем беріліп жүр. Электрлі құдықтың жұмыс істегенінен тоқтап тұруы көп, суды көрші ауылдан аламыз. Қырманға кіру – бір мұң. Шөп-сабан жеткізілмейді. Жергілікті тұрғындарды тұрақты, науқандық жұмыстарға тартудың орнына шеттетеді” деген сықылды уәждерге қарсы серіктестік басшылығының келтірер өз дәлелдері бар екен. Оның сөзіне қарағанда, шаруашылықтың дүние-мүлкіне қол сұғу, тапсырылған іске жүрдім-бардым қарау, қызмет орнына ішіп келу, жауапты учаскені еш себепсіз тастап кету секілді теріс әрекеттерге байланысты тәртіпті қатаңдату бәзбіреулерге ұнамай қалса керек. Өткен жылы науқанның нағыз қызған тұсында араққа сылқия тойып алып, техниканы қиратып тастаған механизаторды ешкім қумаған. Бұл қылығынан ұялып, өз еркімен кетіп қалған. 24 тонна астық тұқымы қолды етілген.
– Проблемалар жоқ деп айта алмаймын. Бірақ біз де қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Мәселелерді барынша ақылдасып, ашық, жариялы түрде шешіп жатырмыз. Әкел-әкел, бер-бер деп тек талап қоя бермей әркім өз міндетін білгені, қат-қабат шаруалардың бір жағына шығысып, бірлесе шешудің жолдарын ойластырғаны да абзал. Мектептің қазандығын жөндеп беріп едік, бүйректен сирақ шығарып жүргендер қуанудың орнына “аудандық оқу бөлімі неге қаражат бөлмейді?” деп өре түрегелді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында сауапты іс атқарғанымызды еш ескергілері келмейді. Тұрмысы төмен отбасыларға, ардагерлерге қарайласудан бас тартқан емеспіз. Кей мәселелер қомақты қаржымен қатар уақытты да қажет етеді. Өндірісті дамытуға, кеңейтуге инвестиция салып жатсақ, оған да күмәнмен қарайтындар бар. Нақты мәліметтер келтірейін: техникаларды жаңалауға – 190 миллион, қырманды кешенді түрде жаңғыртуға – 204 миллион, күрделі жөндеу істеріне 115 миллион теңге тарттық. Бұрынғы құрылтайшылардан қалған еңбекақы қарызын өтеп бердік. Пай үлестерін қайта рәсімдеу шаруашылық есебінен тегін атқарылды. Жол тазалауға арнайы техника бөлінді. Бар мақсат-мүддеміз – ауылды ыдыратпай, сақтап қалу, – деген басшының сөзін Нұрғожа Неғметжанов, Ғабит Біләлов, Асхат Қоспанов, тағы басқа ел азаматтары қолдай сөйлеп, қарсы тарапты сүттей ұйып отырған ауылдың ынтымағын бұзбауға шақырды. Елдің бірлігі бәрінен қымбат. Екіжақты келісімшарттың әр бабы тайға таңба басқандай көрсетілуі керек. Сонда ешқандай ырың-жырың болмайды, ешкім дау айта алмайды, дескен ағалық, жанашырлық пікірлерге алып-қосарымыз жоқ.
Біздің бір аңғарғанымыз, кикілжіңнің бір себебі пай үлесінің мөлшеріне қатысты туындаған секілді. Шағымданушылар бір пайға 7 центнерден өнім береміз дегендерің қайда десе, серіктестік басшылығы келісім-шартта 7 пайыз деп жазылғанын, оған дәлел ретінде шаруашылықтың ең жоғарғы органы – жиналыста рәсімделген хаттаманы көлденең тартты. Алдағы уақытта пай үлестерін ақшалай беретіндерін де жеткізді. Басқосуда тұрғындарды адастырып, ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген бәзбіреулердің мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Шопан ата түлігін сатып алуға 20 миллион теңге қаржы алғаны әйгіленіп, бірақ қандай мақсатқа жұмсалғаны жұмбақ күйінде қала берді. “Ақтас-Агро” ЖШС-і банкротқа ұшырады, жер телімдерін банкке кепілге салғалы жатыр деген сықылды қаңқу сөздердің таратылуы, үйлерді аралап, серіктестік құрамынан шығуға үгіттеу “қашқалы тұрған қоянға “тәйт” десең зыта жөнеледінің” керін келтірген сықылды. Мұның бәрі жалған, бекер екенін адвокат Күләш Шәкіржанқызы растағаннан кейін бірқатарының көңілдері орындарына түскендей болды. “Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса егер” демей ме? Құр дүрмекке еріп, бөлінгенмен, қайда, кімге барары белгісіз, алды – тұман, арты – жар!
“Бетеге кетсе, бел қалар, Бектер кетсе, ел қалар, Берекең кетсе, нең қалар?!” деп бабаларымыз текке айтпаса керек. “Бөлінгенді бөрі жейтінін” ұмытпайық!
Өмір ЕСҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.