«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ БАСТАУЫ — БІРЛІКТЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында: “Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек”, – деген болатын. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық мәселелер жөніндегі институт қана емес, қоғамдық келісімнің басты құралы. Оның жұмысын жетілдіру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде облыс әкімдіктері жанынан “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылғанына да бірер жылдың жүзі болды.Бұл мекеменің міндеті – Елбасының қоғамдық келісім және ұлттық бірлік туралы қазақстандық үлгісін насихаттау және оның негізгі тұжырымдамасын қоғам санасында қалыптастыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етуге, қоғам бірлігі мен келісімді нығайтуда этномәдени бірлестіктердің қызметіне жәрдемдесу. Сонымен қатар Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанынан құрылған ғылыми-эксперттік топтың, қоғамдық келісім кеңесінің, журналистер клубы, аналар кеңесі мен басқа да құрылымдардың қызметін үйлестіреді.

Мәселен, қоғамдық келісім кеңесі қоғамдағы кез келген салада қордаланған мәселені шешуге белсене атсалысуда. Бүгінде кеңестер мемлекеттік органдардың жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруына қоғамдық бақылау жасайды, сондай-ақ, тұрғындар проблемаларына мониторинг жүргізеді. Олардың негізгі міндеттері – ортақ мүдделерді іздеуде сындарлы пікірталасқа арналған алаңды қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру үрдісіне түрлі әлеуметтік топтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, этномәдени бірлестіктерді тарту, әлеуметтік шиеленістің алдын алу. Сонымен қатар қоғамдық келісім кеңестері қайырымдылық, медиация және жергілікті жерлерде қоғамдық бақылау жүйесін дамытуға жәрдемдеседі.
Бүгінгі таңда өңірімізде 129 қоғамдық келiсiм кеңесi жұмыс iстейдi. Бұл кеңестерге 964 адам мүше болып, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүр. Былтыр барлық деңгейдегi кеңестер 764 шара ұйымдастырды. Осы уақыт аралығында кеңес отырыстарында “7-20-25” бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу, өңiрдегi алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң қолжетiмдiлiгi, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және табиғи монополиялар қызметтерiне тарифтердi қалыптастыру, медиация институтының даулы жағдайларды шешуі сияқты аса маңызды мәселелер талқыланды.
Тұрақты негiзде еңбек шартын бұзу, жолдарды жөндеу, жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту, балалар үйiндегi кәрiздердi ауыстыру, кiтапхана ашу және тағы да басқа қоғамдағы аса өзектi мәселелерді шешу бойынша қоғамдық қабылдаулар өткiзiлдi. Осы қабылдаулардың нәтижесінде 261 мәселе шешiліп, мемлекеттiк органдарға, шаруа қожалықтарының басшыларына, кәсiпкерлерге 56 ұсыныс жасалды, оның 41-і жүзеге асырылды.
Аудандық және ауылдық кеңестердің белсенділігінің нәтижесінде волонтерлер қозғалыстары құрылуда. Соның арқасында жалғызбасты мүгедектерге, зейнеткерлерге, еңбек ардагерлерiне үйлердi жөндеу және аулаларын абаттандыру бойынша көмек көрсетiледi.
Елімізде биыл “Волонтер жылы” жарияланғаны белгілі. Осы орайда облыстық ассамблея наурыз айында “3D волонтер” жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қоғамда еріктілер қозғалысын дамытып, ізгі істерге жұмылдыру мақсатында қолға алынған бұл жобаға қатысуға ниет танытқандар түрлі шаралардың бел ортасында жүреді.
“Қазақтану” жобасының идеясы алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының отырысында айтылған болатын. Қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болған жоба Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалалары аясында Қазақстан халқын топтастырушы ортақ құндылықтарды қалыптастыру міндетін көздейді. Ол жалпыға ортақ құндылықтар ретінде қазақ халқының ұлттық тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын белгілеп, олардың біртұтас Қазақстан халқы арасында танымалдылығын арттыруды мақсат тұтады. Жобаның арқасында қазақстандықтар тарихты терең ұғынып, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен та-нысуда. Осылайша, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты дамыту, жалпықазақстандық құндылықтар мен патриотизмді қалыптастыру және нығайту көзделген. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанынан ашылған “Қазақтану” мектебінде бірқатар жобаларды жүзеге асырдық. Мәселен, ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша байқау, “Келіндерге арналған сабақ”, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары, өңіріміздегі киелі жерлерге экспедиция ұйымдастырылды.
Өзге этнос өкілдері арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің маңызы зор. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн”, – деген болатын. Өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылығы жоғары болса, ел мен жерді тану көкжиектері кеңейе түсетіні анық. Осы мақсатпен “Mәміле” пікірсайыс клубын аштық. Бұл жерде “Ситуативті қазақ тілі” атты әдіспен тіл үйреніп қана қоймай, қоғамдық-саяси мәселелер де талқыланады. “Мәміле” клубында әдеттегідей кітап, дәптер құшақтап, жата-жастана грамматиканы жаттаудың қажеті жоқ. Оның орнына қазақ тілінде түрлі қызықты әңгімелер мен ойындар ұйымдастырылады. Бұл бұрынғы қалыптасқан әдіске қарағанда анағұрлым ұтымды және осы арқылы тілді жеңіл игеруге болады. Өйткені, үйренушілер өзін еркін сезініп, сабақ тартымды да қызықты өтеді. Бүгінгі таңда 15 адам клубтың белсенді мүшесі атанды.
Осы жылы әл-Фарабидің – 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелейтіні анық. Осы орайда “Қоғамдық келісім” мекемесі өзіне артылған жауапкершілік үдесінен шығып, еліміздегі бірлік пен татулықты нығайтуда елеулі істер атқаратынына сенімдімін.

Ирина ЛИТТ,
“Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp