«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ БАСЫ

2009 жылы жүргізілген жалпыұлттық халық санағының дерегі бойынша Қазақстанда ресми түрде тіркелген этностардың ішінде лезгиндердің жалпы саны 4643 болған екен. Содан бері жеті жыл уақыт өткендіктен, бұл санның аз-кем өзгергені анық.

Әкем Қазақстанға 1980 жылы көшіп келген. Осы жақта анаммен танысып, отбасын құрды. Ал ата-анасы, бауырлары Кавказда қалыпты. Бүгінде бір бауыры Әзірбайжанда тұрады. Екі жылда бір рет туыс-туғандарына барып, қонақтап қайтады. Ал інім, қарындасым үшеуміз Қазақстанда тудық. Осы жерде өсіп, білім алып, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде мен екі баланың әкесі болғандықтан, өз ұрпағыма шыққан тегі туралы айтуға міндетті екенімді түсінемін. Осы орайда этносымызға, әулетімізге қатысты деректерді жинап жүремін.

Бала күнімде әкемнен, кейін интернет желісі арқылы білгенім, лезгиндер – Дағыстанның оңтүстік аудандарын және Әзірбайжанның солтүстік-шығысын мекендейтін тау халықтарының бірі. Бүгінде Ресей аумағында тұратын лезгиндердің саны 474 мың адамды құрап отыр. Ал Әзірбайжанда 180 мың лезгин тіркелген. Сондай-ақ, бұрынғы кеңестік елдермен қатар Түркияда да мекендейді екен.

Лезгиндердің ұлттық тағамы – афар бәліші. Барлық тау халықтарына тән лезгинка биі де – біздің ұлттық мақтаныштарымыздың бірі. Лезгиндер батырлар жырына бай. Солардың ішінде ең мәшһүрі – “Шаврили” жыры. Ғалымдардың айтуынша, аталған жырдың тарихы ХІ-ХІІ ғасырлардан бастау алады. ХІХ ғасырда өз өлеңдерімен жұртты таңғалдырған Етим Эмин, сондай-ақ, М.Горькийдің өзі “ХХ ғасыр Гомері” деп баға берген Сүлеймен Стальский сынды белгілі ақындар лезгин этносының өкілі екен. Барлық кавказ халықтары сияқты лезгиндердің ер адамдары ұлттық киім ретінде черкеска мен папаха киеді.

Қазір мен “Қазақтелеком” АҚ-ның аудандық филиалында жұмыс істеймін. Ұжымымда да түрлі этнос өкілдері түрге, дінге бөлінбей, ауызбіршілік танытып, өздеріне артылған міндетті атқаруда. Осы орайда айтарым, біздің елімізде этносаралық бірлік жылдан-жылға нығайып келеді. Күнделікті өмірде бір-біріміздің қай ұлтқа жататынымызға мүлдем мән бермейміз. Себебі, татулық бейбітшіліктің тірегі болып табылады.

Виталий АКИМОВ,

Рублевка ауылының тұрғыны.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp