Облыс орталығында “Покров күні” славян мәдениетінің фестивалі 13 жылдан бері аталып өтілуде. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдардың басын қосатын іс-шараға екі жылдан бері Ресей Федерациясының өкілдері де қатысып жүр. Бұл мереке жыл сайынғы дәстүрге айналып үлгерді.
Шараға қатысушылармен қатар, тамашалауға жиналған тұрғындар саны да артуда. Мерекеге Ресей Федерациясының Қорған, Түмен облыстарының шығармашылық ұжымдары да тұрақты түрде қатысады. Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ибраев құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін жергілікті тұрғындарға ризашылық білдірді. “Қызылжар өңірімен ынтымақтастық байланыс аясында мәдени шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Түмен қазақтарының Құрылтайы мерекесіне орай ұйымдастыратын іс-шараларға жергілікті тұрғындар келіп, ортақтасуды дәстүрге айналдырды”, – деді ол.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама да көпшіліктің көңілінен шықты. Әр нөмір славян халқының ұлттық шығармашылығын танытып, мерекенің мән-маңызын аша түскендей.
“Қазақстанның орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы осындай іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, үнемі басы-қасында жүреді. 1994 жылы құрылған бірлестіктің 500-ден астам мүшесі этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен келісімді, ұлттық саясатты, мәдениетті, орыс халқының салт-дәстүрін насихаттау бағытында жұмыс істейді. Бірлестік мүшелерінің негізгі міндеті қарашаңырақ – Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтарды салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен таныстырып, тарихынан хабардар ету орыс мәдениетін насихаттау және дамыту болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында атап өтілетін ұлттық және мемлекеттік мерекелерді бірлесіп тойлауға шақырады.
Қоғамдық бірлестік жанында түрлі іс-шаралардың сәнін келтіретін шығармашылық ансамбльдер жұмыс істейді. Олардың қатарында “Звонница – Наследие” вокал-хореографиялық ансамблі, “Звонница” орыс және казак әндерінің ұлттық хоры бар. Сонымен қатар “Қазақстанның орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жанында елуден астам мүшесі бар жастар клубы жұмыс істейді. Ұлт болашағының негізін қалайтын жас буынның санасына татулық пен отансүйгіштіктің, ізгіліктің дәнін себудің маңызы зор.
Осы шығармашылық ұжымдардың көмегімен жыл сайын славян жазуы мен мәдениеті, масленица, орыс мәдениеті фестивалі, “Русский богатырь” спорттық іс-шарасы, сонымен қатар Халықаралық қарттар күніне орайластырылған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып келеді.
Филиал өкілдері мен мектеп оқушыларының қатысуымен өтетін “Я в гости к Пушкину спешу” әдеби іс-шарасына қатысушылар саны жылдан-жылға көбеюде. Олар орыстың біртуар ақыны, әлемдік поэзияның беделді өкілі Александр Пушкиннің өлеңдерінен және өзінің жүрекжарды туындыларынан үзінді оқып, өзара үздіктерді анықтайды.
Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік өкілдері Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен басқа да этномәдени бірлестіктер өткізетін шараларға белсене атсалысатынын да айта кеткен жөн.
Мария ТАТАРЕНКО,
Қазақстан халқы облыстық
ассамблеясы құрылымдарымен жұмыс
және қоғамдық-бұқаралық шараларды
ұйымдастыру бөлімінің басшысы.