«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ БАСЫ

Облыс орталығында “Покров күні” славян мәдениетінің фестивалі 13 жылдан бері аталып өтілуде. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдардың басын қосатын іс-шараға екі жылдан бері Ресей Федерациясының өкілдері де қатысып жүр. Бұл мереке жыл сайынғы дәстүрге айналып үлгерді. 

Шараға қатысушылармен қа­тар, тамашалауға жиналған тұрғындар са­ны да артуда. Мерекеге Ресей Федерация­сы­ның Қорған, Түмен облыстарының шы­ғар­машылық ұжымдары да тұрақ­ты түрде қатысады. Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенға­ли Ибраев құшақ жая қарсы алып, қонақжай­лық танытқаны үшін жергілікті тұрғындар­ға ризашылық білдірді. “Қызылжар өңірімен ынтымақтастық байланыс аясында мәдени шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Түмен қазақтарының Құрылтайы мерекесі­не орай ұйымдастыратын іс-шараларға жергілікті тұрғындар келіп, ортақтасуды дәстүрге айналдырды”, – деді ол. 

Іс-шара аясында ұйымдастырылған кон­церттік бағдарлама да көпшіліктің көңілінен шықты. Әр нөмір славян халқының ұлттық шығармашылығын танытып, мерекенің мән-маңызын аша түскендей.
“Қазақстанның орыс қауымдастығы” қо­ғам­дық бірлестігінің облыстық филиалы осын­дай іс-шараларды ұйымдастыруға ат­са­лы­сып, үнемі басы-қасында жүреді. 1994 жылы құрылған бірлестіктің 500-ден астам мүшесі этносаралық және конфессияара­лық тұрақтылық пен келісімді, ұлттық сая­сатты, мәдениетті, орыс халқының салт-дәс­түрін насихаттау бағытында жұмыс істейді. Бірлестік мүшелерінің негізгі міндеті қарашаңырақ – Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтарды салт-дәс­түрлері және әдет-ғұрыптарымен таныс­ты­рып, тарихынан хабардар ету орыс мәде­ниетін насихаттау және дамыту болып табы­лады. Сонымен қатар Қазақстан Респуб­ли­касында атап өтілетін ұлттық және мемле­кет­тік мерекелерді бір­лесіп тойлауға шақырады.
Қоғамдық бірлестік жанында түрлі іс-ша­ралардың сәнін келтіретін шығармашы­лық ансамбльдер жұмыс істейді. Олардың қатарында “Звонница – Наследие” вокал-хореографиялық ансамблі, “Звонница” орыс және казак әндерінің ұлттық хоры бар. Со­нымен қатар “Қазақстанның орыс қауымдас­тығы” қоғамдық бірлестігінің облыстық фи­лиалының жанында елуден астам мүшесі бар жастар клубы жұмыс істейді. Ұлт бола­ша­ғы­ның негізін қалайтын жас буынның са­насына татулық пен отансүйгіштіктің, ізгілік­тің дәнін себудің маңызы зор.
Осы шығармашылық ұжымдардың көме­гі­мен жыл сайын славян жазуы мен мәде­ниеті, масленица, орыс мәдениеті фестива­лі, “Русский богатырь” спорттық іс-шарасы, сонымен қатар Халықаралық қарттар күніне орайластырылған концерттік бағдарлама­лар ұйымдастырылып келеді.
Филиал өкілдері мен мектеп оқушылары­ның қатысуымен өтетін “Я в гости к Пушкину спешу” әдеби іс-шарасына қатысушылар саны жылдан-жылға көбеюде. Олар орыстың біртуар ақыны, әлемдік поэ­зияның беделді өкілі Александр Пушкиннің өлеңдерінен және өзінің жүрекжарды туын­дыларынан үзінді оқып, өзара үздіктерді анықтайды.
Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік өкілдері Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен басқа да этномәдени бірлестіктер өткі­зе­тін шараларға белсене атсалысатынын да айта кеткен жөн.

 

Мария ТАТАРЕНКО,
Қазақстан халқы облыстық

ассамблеясы құрылымдарымен жұмыс 

және қоғамдық-бұқаралық шараларды

ұйымдастыру бөлімінің басшысы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp