«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ БІТКЕН “БЕКЕТ”

Ақжар ауданына қарасты Дәуіт ауылының жанында жүргізіліп жатқан құрылыс алаңы анадайдан көз тартады. Жаңадан салынып жатқан ғимаратта 600 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы болмақ. Құрылыс нысанында ауылдың 20 тұрғыны еңбек етуде. Өз тәжірибелері мен канадалық үлгіні қатар меңгеріп алған олар өңіріміздің ауа райына қолайлы қора салып шығамыз деп отыр. Биыл кешеннің екі ғимаратын іске қосып, алдағы жылы сиыр сауатын қораларды қолданысқа бермек. Облыс бойынша ең ірі өндірістік жобаны “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының көмегімен қолға алған “Бекет” шаруа қожалығы екен.

“Бекет” шаруа қожалығы – бастапқыда егіншілікпен айналысып, кейін мал өрісін кеңейтуге ден қойған шаруашылықтардың бірі. Аграрлық саланың екі бағытын қатар ұстаған агроқұрылымның бүгінгі жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Шаруашылық өзіне тиесілі жердің ырысын көріп, техникалық паркін заманауи көліктермен толықтырып, төрт түліктен ірі қара, жылқы және қойдың өрісін кеңейтуде.

Шаруа қожалығының басшысы Марат Шәпеновпен алғаш 2012 жылы жолыққан едім. Ол кезде кәсіпкер 2009 жылы жергілікті халықтан сатып алған 30 бас жылқысын 587-ге жеткіздім деп отырған. Үш жыл бойы шығынға жол бермей, тек басқа бас қосып отырған шаруашылықтың мақсаты алдағы бір-екі жылда Қамбар ата төлін мыңнан асыру екенін айтқан еді. Сол мақсатына жетіпті. Сондай-ақ, биыл өз қаржысына 400 торпақ сатып алған. Ірі қараның басын 856-ға жеткізіп, енді ет пен сүт бағытында малдан ырыс көрмек.

“Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі” дегендей, кәсіпкер мал басын көбейте отырып, егіншілікті де қажетіне, талабына сай дамытуды көздейді. Биыл шаруа қожалығы 6255 гектар егіс алқабына бидаймен қатар, малға жемазық болатын дәнді дақылдар септі. Агроқұрылымның тынысы кеңейген сайын, онда еңбек ететін адамдардың саны арта түсуде. Бүгінгі таңда Марат Шәпенов 70-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшыларының орташа айлық жалақысы 98520 теңгені құрайды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: құрылысшы Ерлан Уәйісов.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp