«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІК БАСТАУЫ

Күллі шығыс жұртының мерейлі мерекесі саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын қасиетті Қызылжар өңірінің жұртшылығы да сән-салтанатпен, ерекше көңіл-күймен атап өтті. Бұл күні Петропавлдағы Орталық алаңда мерекеге орай ұйымдастырылған әртүрлі іс-шараларды тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы жылдағыдан да қалың болды.

Есімдері өңірімізге белгілі өнер, мәдениет салаларының қызметкерлерінен, еңбек ардагерлерінен құралған қазылар алқасы Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев көшесін жағалай тігілген киіз үйлерге бас сұғып, олардың безендірілуіне, ішіндегі жасаулардың, жабдықтардың дұрыс орналасуына өз бағаларын берді. Өңіріміздің барлық аудандарының және “Қазпочта” акционерлік қоғамының облыстық филиалы мен облыстық ішкі істер департаментінің атынан тігілген ақшаңқан киіз үйлер зергерлердің темірден түйген туындыларындай әдемі безендіріліп, бай жабдықталыпты. Киіз үйлердің ішінен халқымыздың мұрасы – ұлттық салт-жоралғыларына сәйкес қойылған көне дәуірдегі көптеген ескі заттарды да кездестірдік.

Мерекенің көркі мен сәнін аша түскен ақшаңқан киіз үйлерге біз де ат басын бұрып, өнерпаздар ұсынған ауылдың алты ауызын тамашалап, дәмнен ауыз тидік. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген өнерпаздар қазақтың “Қызды қырық үйден тыю” дәстүрі негізінде шағын сахналық көрініс көрсетіп, кең жайылған дастарқан ұсынды. Сол сияқты, Қызылжар ауданының ақ жаулықты әжелері жүн сабау дәстүрін көрсетті. Абысын-ажындардың басын бір арнаға тоғыстырып, шүйіркелестірген, жүн сабау дәстүрінің бүгінде ұмытылып бара жатқаны шындық. Осы дәстүрді қалтқысыз көз алдымызға әкелген қызылжарлықтардың дайындығы, шеберлігі өзгелерден ерек шықты.

Сайыс болған соң бақ сынасқандарға межелі орындар бөлініп берілері анық. Безендірілуі және жасауларды дұрыс орналастыру жағынан, сондай-ақ, салт-дәстүр үлгісін ұтымды жеткізе алу жөнінен ерекше көзге түскен Айыртау ауданының киіз үйі бас бәйгені жеңіп алды. Байқау қорытындысында барлық киіз үй иелеріне Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Мерекелік шара “Армысың, әз Наурыз алашыма!” атты театрландырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Ұлыстың ұлы күнін көпшілікпен бірге қарсы алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов:

– Сіздерді жарқын мереке Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Көктем мерекесі табиғаттың қайта түлеуі мен жаңаруының шынайы көрінісі болып табылады. Біздің аталарымыз Наурыз бейбіт және жасампаздық өмірге, ізгілік пен келісімге ұмтылу сезімін оятады деп санаған. Бұл мерекенің бойына сіңген терең мағына біздің көпэтносты еліміз үшін ерекше жақын. Қазақстан халқының бірлігі мен өзара түсіністігі қуатты және гүлденген мемлекет құру үшін берік іргетас болды. “Тамаша болашақ үшін біздің бірлігіміз, елдегі тұрақтылық, бір-бірімізге деген құрмет, бір-бірімізге деген сенім мен сүйіспеншілік керек. Бұл – нақ осындай мереке”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгіндері бүкіл Қазақстан Наурыз мейрамын зор табыстармен және жетістіктермен қарсы алып отыр. Наурыз мейрамы әр шаңыраққа қуанышты көктемгі көңіл-күй мен бақыт әкелсін, – деді.

Өңір басшысының құттықтауынан кейін сахнаға облысымызға қарасты он үш ауданның және Петропавл қаласының маңдайалды өнерпаздары көтеріліп, әсем ән мен күйден шашу шашты. Күн мен түннің теңеліп, адамзаттың аузын аққа тигізіп, мәре-сәре қылған Наурыз мерекесінің көркем айшықтарын танытатын кейіпкерлер қойылымдар арқылы көрсетілді.

Наурыз – береке-бірліктің, қайырымдылықтың, кешірімнің мейрамы. Бұл күні осы көркем қасиеттердің көбі көрініс бергендей болды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp