«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕШЕГІ БАРҒА БЕРЕКЕ БІТПЕЙДІ

Жаз айлары басталысымен шетелге шығып демаламын деушілердің қатары көбейеді. Осы орайда мойнында борышы барларды жауапкершілікке тарту үшін олардың еліміздің шекарасынан шығуына шектеу қойылады. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының бірқатарына осындай уақытша шектеу қоятын 13664 сот шешімі бар. Оның 2585-і – үстіміздегі жылдың өткен айларының үлесінде.

Осындай мәліметтер облыстық сот актілерін орындау департаментінде өткен брифинг барысында белгілі болды. Аталмыш департаменттің мемлекеттік сот орындаушысы Ирина Антащенконың айтуынша, “Бүркіт” мәліметтер базасы іске қосылғалы бері борышкерлермен жұмыс істеу жұмысы жанданған. Бұл мәліметтер базасынан мемлекеттік баж салығын төлемегендерден бастап, жұмысшыларына еңбекақы бермеген миллиондаған қарызы бар заңды тұлғалардың басшыларын да табуға болады. Сонда да борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен құтылудың түрлі амалын табады екен. Өңіріміз бойынша борышкерлердің көбісі әкімшілік жазамен құтылатын көрінеді. Ал қылмыстық жауапкершілік жағдайы бола тұра борышын өтеуден қасақана жалтарғандарға қатысты қолданылады. Мәселен, туған баласына алимент төлеуден қаш-қақтағандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының аса маңызды тапсырмалар бойынша аға инспекторы Ирина Мусинаның айтуынша, уақытында алиментті төлемегендіктен, еліміздің шекарасынан шетелдің азаматтары да шыға алмай жүрген көрінеді. Мәселен, Германия азаматтығын алған бұрынғы отандасымыз ата-анасына қонаққа келіп, одан басы істі болып, жазасын өтеген. Бостандыққа шыққаннан кейін еліне орала алмай отыр. Себебі, ортақ баласы бар азаматтық әйелі алимент өндіру мақсатында сотқа шағымданған. Ал “қонақтың” жылдар бойы жиналған борышын өтейтін қаржысы жоқ. Жұмыс істеп, ақша табуға заңды құқығы жоқ шетелдік азаматты елімізде болу қағидасын бұзғаны үшін тиісті органдар да шекарадан шығара алмай отыр. Бұл мәселенің шешімін табу үшін құзырлы органдар бір-біріне хат жазумен шектелсе, еліне қайта алмай жүрген Германия азаматы олардың табалдырығын тоздыруда. “Бұл мәселенің тек бір шешімі бар. Аталмыш азамат талап-арыз берушімен келісімге келуі қажет”, – дейді Ирина Амангелдіқызы.  

Шекарадан шығуға шектеу қою шешімін белгілі мерзімге дейін уақытша тоқтата тұруға да болады. Бұл шетелдегі медициналық ұйымдарға емделуге баратын азаматтарға ғана қатысты. Олардың қолында медициналық шешім, қандай елге, емханаға бара жатқаны жайында тиісті құжаттары болуы тиіс.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp