Облыс орталығының тұрғыны Берік Байжанов мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, бірнеше істің басын қайырған. Ол құрақ құрап, оюлы көрпелер мен көрпешелерді тігіп, бұйымдарын Интернет арқылы жарнамалап, осы ісін табыс көзіне айналдырып отыр. Өнерлі жас жайында әлеуметтік желілерден естіп, білдік. Он саусағынан өнер тамған Берікті сұхбатқа тартып, табыс көзі жайында әңгімелеп беруді ұсындық. “Жігітке жеті өнер де аз” демекші, әңгіме барысында Берік сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің нағыз сұлтаны екендігін ісімен-ақ дәлелдей білгендей көрінді.
– Берік Самарханұлы, өзіңіз жайында қысқаша айта өтсеңіз?
– Мен Есіл ауданындағы Қаратал ауылының тумасымын. №13 орта мектепте білім алдым. Өңірімізде инклюзивті білім алған мүмкіндігі шектеулі жандардың бірімін. Мен сияқты жеткіншектерге білім беріп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасаған марқұм Шәміл Шақшақбаевтың ашқан тірек-қимыл аппараттары зақымданған мүгедек балаларға арналған облыстық эксперименттік мектеп-интернатта білім алдым. Оқу орны ашылған кезде оқуға қабылданған алғашқы оқушылардың бірі болдым. Мектепті аяқтаған соң М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Саз және педагогика” факультетіне оқуға түстім. Мамандығым бойынша вокалдық-хор ансамблінің жетекшісі болып табыламын.
– Музыка пәнін таңдауыңызға не себеп болды?
– Бала кезімде ән айтуға құмар болдым. Мектеп-интернатта оқығанымда да әртүрлі байқауларға қатысып отырдым. 2006 жылы Бурабай қаласында өткен мүгедек балалар арасындағы “Синяя птица” және Астана қаласында өткен “Назар” сайысына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Мектепті аяқтап, жоғары оқу орнын таңдау кезі келгенде музыка саласына бет бұруыма да осы себеп болды. Бірақ музыкадан басқа, тарих және философия пәндеріне қызықтым. Тереңдете оқыдым. Оқу барысында түрлі қиыншылықтарға тап болдым. Сахнаға шығып, ән айту оңай іс емес. Ал сол әнді айтуды өзгеге үйрету одан да қиын. Менімен бірге оқыған қатарластарым музыканы бала кездерінен меңгеріп келеді. Олар теориямен таныс еді. Ал мен болсам 11-сыныптан соң түсе сала, олардың жылдар бойы оқыған білімдерін 4 жылдың ішінде меңгеруіме тура келді. Осы жылдар ішінде есейіп, ойым толысты. Асқақ армандарым пайда болды. Өнермен айналысқанды жаныма жақын көремін. Сондықтан оқуымды әрі қарай жалғастырсам ба деймін. Мүмкіндік болса, тарих пәнін оқып, магистрант атанғым келеді.
– Ал сахнаға шығып, ән айтқыңыз келмей ме?
– Мен әншіден бұрын педагогпін. Керісінше, өзгелерді ән айтуға үйретудің қыр-сырын меңгердім. “Әу демейтін қазақ жоқ” демекші, ән айтуды ұнатамын. Адам жан-жақты болуы тиіс қой. Алла қаласа, алдағы уақытта әншілік мамандығымды жандандыру ойымда бар.
– Бірақ өз мамандығыңыз бойынша қызмет етпейтін көрінесіз. Оған не себеп?
– Қолыма дипломды өткен жылы алдым. Мектептерге барып, түйіндемемді таратып, жұмыс іздеп көрдім. Мен өзім білім алған мектеп-интернатта қызмет етсем бе деп ойлаған едім. Бірақ онда музыка пәнінің мұғалімі бар болып шықты. Талай мектептердің табалдырығын тоздырдым. Бармаған жерім жоқ. Бірақ барлығында музыка пәндерінің мұғалімдері бар болып шықты. Оның үстіне біздің діліміз өзге. Жұмыс іздеп келгеніңде бірінші сенің бет-әлпетіңе қарап, байыбына бармай, тартынып қалатын жағдай кездеседі. Менің Леонид деген досым бар. Ол ақпараттық технологияны меңгерген. Компьютерді небір мықты “хакерлерден” де күшті біледі. Бірақ бірнеше жыл бойы қызметке орналаса алмай жүр. Оның да бармаған жері жоқ. Нәтиже жоқ. Қызметке орналаса алмай жүрген біз ғана емес. Он екі мүшесі сау көптеген адамдар сияқты біліміміз жоғары болса да, екі қолға бір күрек табу біз сияқтыларға қиын. Егерде мектепке қызметке алып жатса, еңбекақысының төмендігіне қарамастан, жұмыс істер едім. Қызмет барысында өзіңді көрсетіп, балалардан музыкалық топ құрып, әртүрлі мектепішілік іс-шараларда сахнаға шығарып отырсаң, басшылықтың да саған көзқарасы өзгереді. “Еңбек түбі – береке” дейді ғой. Талмай еңбектенсең, бастапқы еңбекақыны да өсіруге болады деп ойлаймын. Тәжірибең де молая түседі. Оқуды тамамдағаныма жарты жыл болды. Осы күнге дейін жұмыссыз жүрмін. Мені бұл алаңдатпай қоймайды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының да көмегіне жүгініп көрдім. Онда әзірше бос жұмыс орындары жоқ деп жауап берді. Сондықтан қосымша “Ісқағаздарын жүргізу” курстарына жазылып, сәуір айынан бастап оқитын болдым. Биылғы Елбасының Жолдауында мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты Үкімет пен жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдарға берілген тапсырмалар қуантты. Әсіресе, “Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады”, – деп айтқаны үміт сыйламай қоймады. Себебі, біз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың өз еліне масыл болудан гөрі, пайдалы болғандығын сезіну үлкен мағынаға ие.
– Жоғары оқу орнында 4 жыл бойы білім алдыңыз. Біздің университетте Сіз сияқты жастардың толыққанды білім алуына жағдай жасалған ба?
– Мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға жергілікті университетте білім алу қиынырақ. Туабітті дертке шалдығып, тірек-қимыл аппаратым зақымданса да, Құдайға шүкір, мен өз аяғыммен жүре аламын. Ал бұл дерттің асқынған түрлері бар. Ол жағдайда балалар қоларбаға таңылып қалады. Олардың да өзге қатарластары сияқты жоғары оқу орнына түсіп, білім алуына қабілеттері жетеді. Бірақ арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жанның университетте жүріп тұруына тосқауыл жетерлік. Баспалдақтардан көтеріліп, түсуді айтпағанда, кей ғимараттарға кірудің өзі қиындық туғызуы мүмкін. Марқұм Шәміл Шақшақбаевтың бізге берген тәлімінің арқасында өз басым қоғамға тез сіңісе білдім. Ол біз сияқты балаларға өзгеше өмір сүруді үйретті. Аяқ-қолсыз да өмір сүруге болатындығын айтып, бізді жігерлендіре білді. Сол кісінің жақсылығының арқасында қоғаммен етене араласып кеттік. Мүмкіндігім шектеулі болғанына қарамастан, жоғары оқу орнына түсіп, білім алуыма Шәміл ағаның сіңірген еңбегі зор еді. Он екі мүшесі сау балалармен бірге оқып, қоғамға тез бейімделіп кеттік. Әсіресе, бұл мектеп-интернат ауыл балаларына мол мүмкіндік ашты. Қаланың балаларына бұл дертпен күресуге әлдеқайда жеңіл. Қоларбаға таңылса да, ата-анасының арқасында кітапхана мен театрға, ойын-сауық орталықтарына барып, әйтеуір, уақыттарын пайдалы өткізе алады. Ал ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балалардың көбінесе терезеге үңіліп отырудан басқа амалдары қалмайды. Бар көретіндері – теледидар. Ең қызығы, бала кезімде мен біреудің ойынына қарап отырудан гөрі, өзім ойнағанды жақсы көретінмін. Мүмкіндігім келмей жатса да, достарыммен бірге доп қуып, қақпашы болып ойнайтынмын. Өзіңді аяп отырғаннан түк шықпайды. Өзімді қайрай білдім. Ең біріншіден, маған күш-қуат дарыта білген ата-анама алғыс білдіремін. Анамның арқасында мен Шәміл Тауфықұлының ашқан мектеп-интернатына оқуға қабылдандым. Мен 1-сыныпты аяқтаған соң отбасымызбен Алматы қаласына көшіп кеткен едік. Онда 5-6 жылдай тұрдық. Сосын анам 2000 жылдардың басында Петропавлда сен сияқты балаларға арнап интернат ашыпты, елге қайтадан көшіп барайық деп ұсынысын айтты. Комиссиядан өтіп, мен 2001 жылы 6-сыныпта оқуым керек болса да, орыс тілін білмегендіктен, екі сыныпқа төмендетіліп оқуға түстім. Ол үшін өкінбеймін.
– Енді сұхбатымыздың негізгі тақырыбына қарай ойыс-сақ. Қолөнер бұйымдарын жасаумен қалай айналыса бастадыңыз?
– Мектепте оқығанымда еңбек сабағында бізге түрлі бұйымдарды істеуге үйретті. Бірақ онда мен: “Ер жігіт бола тұра, қолыма ине-жіп ұстаймын ба?” деп бұл сабаққа жөнді көңіл бөлмеген болатынмын. Ал енді ойлап қарасам, шынымен “Жігітке жеті өнер де аз” екен. Менің анам тігіншілікпен көптен бері айналысып келеді. Үйде жұмыссыз отырғанында түрлі киім-кешектер мен қазақтың төл бұйымдары – оюлы төр көрпелерді тігетінді. Жұмыс таба алмай үйде отырып қалғандықтан, анамнан осы өнерді меңгеріп алдым. Бастапқыда анам көмектесетін. Ол маталарды қиып, келістіріп берсе, мен пішетінмін. Қазіргі таңда өзім тіге беремін.
– Ал бағасы ше? Қаншаға сатып жүрсіздер?
– Осы іспен айналысқалы бері өңірімізде қолөнер бағаланбайтынын байқадым. Бір бұйымды тігу үшін қанша уақытың мен күшің кетеді. Тауардан пайда көру үшін тек сапалы маталарды қолдануға тырысасың. Бірақ сонда да оюмен көмкерілген әдемі әрі жайлы төр көрпелерді сатып алуға құмар жандар сирек кездеседі. Бұйымдарды 3 мың теңгеге сатып жүрміз. Барлығы арзанға сатып алғысы келеді. Алдағы уақытта бұл кәсіптен нәсіп көрудің өзге жолдарын ойластырғым келеді.
– Қазақ ер баланы 13 жаста отау иесі дейді. Шаңырақ көтеріп, өз отбасыңызды құрғыңыз келмейді ме?
– Әрине, әр адам өзінің отбасысын құрғысы келеді. Мен де болашақта өз отбасымның қазығын қаққым-ақ келеді. Бірақ қазіргі таңда мақсаттарым басқа. Алдымен оқуымды жалғастырып, материалдық жағдайымды түзеп алсам деймін.
– Сонда мақсаттарыңыз қандай?
– Бірде Шәміл Тауфықұлы АҚШ-қа барып келіп, бізге ондағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы жайында айтқан болатын. Мүгедектерге қоғамда қолайлы жағдай жасаудан біздің ел шетелден әлдеқайда артта қалды. Оны мойындау керек. Шетелде сені ешкім мүмкіндігі шектеулі жан демейді. Өзіңмен теңіндей сөйлеседі. Оны адамдардың қарым-қатынасынан ғана емес, дүкенге, театрға, қоғамдық көлікке мінгеніңде байқайсың, деген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында мүгедектердің жағдайын жақсартуға баса назар аударуының арқасында елімізде көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар өз еліне пайдалы болатындығына мен сенімдімін. Ең бастысы, жұмыс болса болды. Бірақ адам өзін-өзі жеңе білуі де керек. Біз достарымызбен бірлесіп, еріктілер клубын құрдық. Оның мақсаты – өзіміз сияқты мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жүргізу. Яғни, көбінесе үйде отыратын жастарды әңгімеге тартып, мойымауға, ізденуге, талпынуға жігерлендіреміз. Себебі, өзім сияқты жастардың өмірде өз орнын тапқанын қалаймын. Достарымызбен ақылдаса келе, жақын арада мүмкіндігі шектеулі қыздар арасында “Қыз сынын” өткізсек пе дейміз. Бұл сайыс арқылы сұлулықтың бірнеше түрі болатындығын көрсеткіміз келеді. Тәннің сұлулығынан гөрі, жан дүниенің сұлулығы әлдеқайда әсем көрінетіндігін айтқымыз келеді. Сондықтан мүмкіндікті пайдалана отырып, қыздарды “Қыз сынына” қатысуға шақырамын. Себебі, бастысы – сыртқы әдемілік емес, рухани қазына, міне, нағыз байлық осы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.