
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық испекциясы мен экология департаменті бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.
“Antikor ortalyǵy” алаңында өткен брифингте сөйлеген сөзінде департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин әр мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау жоспарлы сипатта жүргізіліп отыратынын атап өтті. Талдау барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, жоюға бағытталған 16 ұсыныс әзірленген. Экология саласында лауазымды тұлғалар өз қалауынша шешім қабылдағанда өкілеттілігін, бақылау-қадағалау қызметін асыра пайдалану, құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке және келтірілген шығын мөлшерін өтеуге тарта бермеу секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жиі кездеседі. Мәселен, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық испекциясының мемлекеттік инспекторлары заңсыз ауланған жануарларды алып қоюға, келтірген шығын мөлшерін есептеуге, кінәлілерге жаза түрін таңдап, әкімшілік жауапкершілікке тартуға өкілеттігі бола тұра, өз қызметтерінде олқылықтарға жол берген.
Брифингте қоршаған ортаға келтірілген шығынның орнын толтыру мәселесі де көтерілді. Өткен жылы экология департаменті бойынша есептелген шығын мөлшері 58 млн. теңгені құраса, жартысынан астамы әлі өндірілмеген. Бұл – бір ғана “Тазартқыш, су таратқыш және су өткiзгiш ғимараттар” кәсіпорнының қоршаған ортаға келтірген залалы. Мекеме осыдан екі жыл бұрын Есіл өзеніне лас суды ағызып жіберген. Арада осынша уақыт өткеніне қарамастан қалалық әкімдікке бағынышты ұйым таратылу туралы құжатты алға тарта отырып, шығынның орнын толтыруға асығар емес. Талап бойынша шешім 2018 жылдың аяғына дейін орындалуы тиіс болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдау барысында жер телімдерін рәсімдеу, басқа да шаралар жазбаша өтініш беру арқылы атқарылады. Цифрландыру секілді озық технологиялар қолданыла бермейді. Брифингте жергілікті атқару органдары лауазымды қызметкерлерінің жауапкершіліктен жалтарып кетпек әрекеттері де сынға алынды. Мұндай факті Бескөл ауылында кездескен. Қызылжар аудандық әкімдігі қатты қалдықтар және құрылыс заттары полигоны үшін Бескөл ауылдық округі аумағынан екі жер учаскесін бөлген. Алайда, жер телімдері әділет департаментінде дер уақытында тіркеуге қойылмаған. Осылайша, еш жерде белгіленбеген қоқыс орны пайда болған. Аудандық әкімдіктің тұрмыстық қалдықтар төгуге жер телімдерін бөлу туралы шешімі Бескөл ауылдық әкімдігінің жауапты тұлғасын әкімшілік жауапкершілікке тартқанға дейін күшін жойған. Соның салдарынан құрылыс заттары полигоны ғана тіркеуге алынған.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге арналған брифингті қорытындылаған Нұрлан Жахин қос басқарма басшылығына бақылауды арттыру, талапты күшейту қажеттігін ескертті.
– Заңға өзгерістер енгізілді. Енді сіздерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуына күш салу керек. Қолдағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қажет, – деді Н. Жахин.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет https://www.inform.kz/ сайтынан алынды.