М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мамандарының ұйымдастыруымен “Ассамблея тарихы – ел тарихы, халық тарихы” атты “дөңгелек үстел” өтті.
“Дөңгелек үстелге” студенттермен қатар өңіріміздегі “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Диляра Хасанова, “Дуслык” татар-башқұрт мәдени орталығының алғашқы төрайымы Раиса Бикмухаметова, мектеп оқушылары қатысты.
– Бүгiнде өңірімізде бір жүзден астам этномәдени бірлестік бар. Оның 13-і – Достық үйінде, 106-сы – аудандарда. Бірлестіктер жастарды туған тілін, өз тарихы мен мәдениетін дәріптеуге, баулуға үлес қосуда. Өңірімізде барлық этнос өкiлдерiнiң тiлi мен дәстүрiн сақтауына, терең бiлiм алып, лайықты өмiр сүруiне жағдай жасалған. Алдағы уақытта да осы жарасымды тiрлiктi баянды ету жолында бiрлесе жұмыс iстеймiз. Бүгінгі еліміздің жеткен жетістігі мол, бірақ осымен тоқталмай одан әрі биік шыңдардан көрінеміз, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная.
Кездесу барысында жастарға мемлекеттiк тiл мен саясат, этно-мәдениет мәселелерi бойынша тағылымды әңгiмелер айтылды. Еліміздің толағай табыстарының басында тұрған татулық пен этносаралық келісімді ту еткен Елбасымыздың сарабдал саясатына қолдау білдірілді.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.