«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРІК ҚАДАМ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Ұлт жоспарын зейін қойып оқып шықтым. Мемлекет басшысының айтқан әрбір сөзінің астарында өрендерге артқан сенім де, бақытты болашаққа ұмтылған арман да жатыр. Әсіресе, “Бүгінде әр қазақстандық өз бетімен білім алып, алдымен өзінен біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін өзім не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім зор”, – деген лебізі өз болашағын бақытты Қазақстанмен байланыстыруды армандайтын әрбір өреннің жігеріне жігер қосары анық.

Мен Президентіміздің бастамасы бойынша былтыр жүзеге асқан “Серпін” мемлекеттік бағдарламасымен қасиетті Қызылорда жерінен қызырлы Қызылжарға білім алуға келдім. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті “Қазақ тілі және әдебиеті” мамандығының бірінші курсын тамамдадым. Мұны өз өлкеңнен жырақта жер танытып, тегін оқу мүмкіндігін берген Мемлекет басшысының жастарға жасаған қамқорлығының жарқын айғағы деп білемін. Кешегі солақай саясаттың салқынына ұшырап, тіліміз, дініміз, ұлттық құндылықтарымыз кешеуілдеп қалған өлкеге оңтүстік қарлығаштарын әкелуі мемлекет құраушы қазақ ұлтының кемелденуіне, дамуына тигізген оң әсер деп ойлаймын.  

Елбасы міндеттеген “100 нақты қадам” жоспары дамудың даңғыл жолына, өркениетке біліммен, озық технологиямен, ақыл-жігермен ұмтылуымызды көздейді. Белгіленген бағыт-бағдар бойынша жүріп, ондағы тапсырмаларды жіті орындау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан стратегиялық жоспарды сәтті жүзеге асыру жұмысы жастар үшін де үлкен маңызға ие. Белгіленген басты жүз тапсырмада ғылымның ғаламатын меңгеріп, білімнің биік шыңын бағындырудан бөлек, тіл үйрену төңірегіндегі түйткілдер де айтылды. “Қанша тіл білсең – сонша адамсың” деген бабалар сөзін санасынан шығармаған жастар бірнеше тілді біліп, еліміз үшін пайдалануымыз қажет.

Гүлжайна ПІРІМБЕТОВА,

 студент.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp