Мұғалім үнемі білімін жетілдіріп отыруы керек. Жаһандану заманындағы ақпараттар ағынына ілесіп отырмаса, оқушыларының кей сұрақтарына жауап таба алмай, абыройынан айрылып қалуы да мүмкін. Мұғалімдердің көбі сырқаттанып қалса “сабағым қалады” деп ауруханаға да бармайтындарын білемін. Ұстаздар отбасында баланың саны да бір-екіден аспайды, тіпті көптеген әріптестеріміздің жұмысына беріліп, тұрмыс құрмай зейнетке шығып жатқандарының куәсіміз. Сондықтан мұғалімнің денсаулығын аз да болса қалпына келтіруі, өз қара басына көңіл бөлуі үшін бескүндік оқу тиімді.
Оқушыға келер болсақ, ол да сол жағдайда. Әсіресе, алдарына мақсат қойып, білім шыңын бағындырғысы келетін дарынды балаларға мамандандырылған мектептердің оқушылары киноға, спорт кешеніне бару, қыдыру дегенді білмейді. Көпшілігінің денсаулығы нашар. Бескүндік оқуға көшсе, сабаққа енжар қарайтындар да етек-жеңін жинап, уақытын тиімді өткізуге тырысар еді. “Дені саудың – жаны сау” дегендей, қосымша берілген бір күнде олар спортпен айналысып, таза ауада көбірек болса, денсаулығы жақсарып, сабаққа ынтасы артады деген ойдамын.
Ата-аналар балаларымен жақын араласып, олардың өмірінен, тыныс-тіршілігінен хабардар болады. Жасыратыны жоқ, ата-аналар балаларының тамағы тоқ, көйлегі көк болғанын қамтамасыз етеді де, ұрпағының рухани-адамгершілік дамуына мән бермей, көбіне жеке бастарының мансабын, баюын ойлайды. Осындай ата-анадан үлгі алған бала да қоғамға адами қасиеттерден, салт-дәстүрден жұрдай ұрпақ әкеледі. Кей балалардың өздері ғана емес, ата-аналары жеті атасын білмей өсіп келеді. Ата-ана үшін екі күн демалыста балаларымен бірге болып, олардың бойына отбасылық құндылықтарды дарыту мүмкіндігі туады.
“Бірінші байлық – денсаулықты” сақтауға бағытталған осы шара дұрыс. Сабақ кестесін өзгерту, білім мазмұнын реттеу – құзырлы орындардың жұмысы. Оған алаңдамау керек.
Ботагөз ҒАЛИЕВА,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері.