Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында жазғы ат жарыстары маусымының жабылу салтанаты өтті. Ұлттық ат спорты маусымының жабылуына арналған сайыстарға 20-дан астам шабандоз қатысты. Олар жорға, құнан жарыстарда, ұшқыр және аламан бәйгеде сынға түсті.
Делебені қоздыратын дүбірлі доданың шымылдығын желіс аттары ашты. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер 1600 метр қашықтықты бағындырды. Бұл сайыста мәреге желдей есіп жеткен “Харикейн Принцесстің” тізгінін ұстаған Әсет Бекжановтың мерейі үстем болды. Бұл шабандоз 2400 метрде сынға түскен тұлпарлар арасында да топ жарды. Атап айтқанда, оның “Латрая” аты қарсыластарын шаң қаптырды. Ал бұл қашықтықтардағы 2, 3 және 4 жасар желісті аттардың шабысында Василий Ткачук, Александр Коротаев және Әбдіуәли Нұрметов үздіктер қатарынан көріне білді. Бұдан кейін көрермен қауым жорға жарысын тамашалады. Тұлпарлар бақ сынаған 7 шақырымдық сайыста Дмитрий Волковтың “Пан” есімді сәйгүлігі мәреге бірінші болып жетті. Анжелика Патошкинаның “Грингосы” екінші болса, Артем Чибисовтың “Француз” сәйгүлігі үздік үштікті түйіндеді. Көпшілік асыға күткен 15 шақырымдық аламан бәйгеде көп уақытқа дейін Мухамедали Никифоровтың “Айслингі” мен Есдәулет Рыстамбетовтың “Алтын торысы” үзеңгілес келді. Алайда, мәреге жақындаған кезде Мухамедалидың тұлпары суырылып алға шықты. Қанат Рынбайдың “Бонк” атты ағылшын сәйгүлігі екінші болса, Сабыржан Баймағанбетовтің “Жұлдызы” үшінші орынға табан тіреді.