«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСКӨЛДЕ КӨШЕСІ КӨП ҰЛЫЛАРДЫҢ

Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында жергілікті тұрғындар Санта-Барбара деп кеткен, бірақ ресми атау берілмеген шағынаудан бар. Атауы ерсі көрінгенімен ондағы жиырма көшенің 14-іне қазақтың тарихи тұлғаларының, елдің азаттығы жолында аянбай күрескен ардақты азаматтардың есімдері берілгенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

Жалпы Бескөл – облысымыздағы ерекше қарқынмен дамып келе жатқан аудан орталықтарының бірі. Еліміздің, өңіріміздің түкпір-түкпірінен қоныс аударған, алыс-жақын шетелдерден атамекенге ат басын бұрған ағайындардың көбі осы жерден жайлы тұрақтарын тапқан. Бұл үрдіс негізінен 2000-шы жылдардың басында белең ала бастады. Себебі, сол уақытта Қызылжар аудандық әкімдігі осы жерде тұрақтап қалуды ойлаған тұрғындарға он сотық жерден таратқан. Осылайша, шағын ғана аудан орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, Бескөлдің оңтүстік-шығысында жаңа аудан пайда болды.

“Жерді үлестірер кезде жергілікті билік біраз қателіктерге бой алдырды. Мұнда ешбір инженерлік желі тартылмады. Үйлер қалай болса солай, бейберекет салына бастады. Бұл жағдайды алғашында ешкім бақылауға алмады”, – дейді Бескөл тұрғыны Тілеужан Ақанбаев ақсақал. Ол өзінің отбасымен бірге сонау 1997 жылы Шал ақын ауданынан көшіп келген. Алғашқылардың бірі болып жер алып, үй тұрғызған.

– Мен келген жылы маңайда ешқандай үй болған жоқ. Құрылысы бітпеген үш-төрт коттеджд қаңырап тұрды. Үйдің сыртында жидек теріп, мал бағатын едік. Кейін құрылыс көбейді. Сол уақытта мен өз үйімнің маңдайшасына “Қазақстан көшесі” деп жазып қойған едім. Қазір барлығы ретке келтірілген. Әр көшенің өзіне лайық атауы бар, – деді ол.

Рас, соңғы жылдары шағынаудан адам танымастай өзгерді. Көшелер жарықтандырылды, соңғы үлгідегі “Мирас” бала-бақшасы салынды. Әсіресе, көшелерінің атауы құлаққа жағымды естіледі. Мысалы, кіреберістегі көше Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі тұңғыш президенті, геолог-ғалым Қаныш Сәтпаевтың атын иеленген. Оған көлденең орналасқан көшелерге қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазының, шығыс ғұламасы әл-Фарабидің, қара қылды қақ жарып, әділдігін айтқан Қазыбек пен Төле бидің, дауылпаз бабамыз Қожаберген жыраудың, қайтпас қайсарлықтың үлгісіндей болған Кенесарының, Райымбек батырлардың аттары берілген. Оған жанаса орналасқан көшелер де тарихымыздағы тау тұлғалардың есімдерін түгендеп тұрғандай. Олардың қатарында тұңғыш ұстаз – Ыбырай Алтынсарин, этнограф ғалым Шоқан Уәлиханов, алаш қайраткері Сәкен Сейфуллин көшелері бар. Қасиетті Қызылжар топырағында туып-өскен қаламгерлеріміз Мағжан Жұмабаевтың, Ғабит Мүсірепов пен Иван Шуховтың есімдері де ұмыт қалмаған. Тіпті, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың да есімі шағынауданның бір көшесіне жарасып тұр. Тұрғындар ұлылардың аттары берілген көшелерде тұратынын ерекше мақтанышпен айтады. Өйткені, қазақтың тарихи тұлғаларын ұлықтап тұрған көше атаулары өңіріміздің барлық ауданында бірдей кездесе бермейді.

– Осыдан он жыл бұрын, яғни, 2008 жылы “Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының кейбір көшелеріне атау беру туралы” шешім қабылданды. Аудан орталығының сексенге жуық көшесі қазақтың қадау-қадау тұлғаларының есімдерін иеленді. Бескөл ауылының оңтүстік-шығыс шағынауданындағы көшелерге тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Көшелердің атауы еліміздің өткен тарихымен, тарихи тұлғаларымен үндесуі керек қой. Әрбір тұрғын өзі тұрып жатқан көшенің атауымен мақтануы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Бескөл ауылдық округінің әкімі Ербол Багенов.

Заң жүзінде қандай да бір көшенің атауы сондағы тұрғындардың келісімі бойынша ғана өзгереді. Сондықтан мұндағы көше атауларын тұрғындардың өздері қалап алды десе де болады. Себебі, шағынауданда көбіне өңіріміздің түпкір-түпкірінен көшіп келген қазақтар тұрады. Солардың бірі – Қарақат Шалабаев. Көше атаулары өзгерген кезде алғаш болып қуанған да осы кісі.

– Көшелерге ұлы тұлғалардың есімі берілген кезде қатты қуандық. Түсініксіз, мағынасы таяз атауларға қарағанда, Мағжан Жұмабаев, Төле би, Қожаберген жырау көшелерінің ұлттық идеология тұрғысынан да маңызы жоғары. Өсіп келе жатқан немерелеріме бабаларымыздың жүріп өткен тағылымды жолдары, өмірлері туралы айтып отырудан жалыққан емеспін, – дейді ауыл тұрғыны Қарақат Шалабаев.

Өңірімізге мүлдем қатысы жоқ, болмаса ешқандай мән-ма­ғы­наға ие емес, тіпті, ұлттық болмысымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын атаулардан көз сүрінетіні рас. Мәселен, облыс ор­та­лығында Сенная, Кирпичная деп аталатын үш-төрт көше бар. Соңғы кездері көбейіп кеткен Шұғыла, Сәулет деген атауды иеленген көшелерге қарап қарның ашады. Бескөлдің халқымыздың рухын биіктетіп, тұлғаларын дәріптеген көшелерінен өзгелер үлгі алса дейсің.

Фархат ТАСТАМБЕК.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp