«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСКӨЛДІКТЕРГЕ – “АСТАНА” ТАКСИІ ТЕГІН

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шарасының аясында облыстық Кәсіпкерлер палатасының Қызылжар ауданындағы филиалы жеке кәсіпкер Жұмабек Ташкенбаевпен меморандумға қол қойды. Енді Бескөл ауылының шекарасы аумағында бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар “Астана” таксиімен тегін жүре алады.

Олар әлеуметтік маңызы бар аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, банк, монша, шаштараз және тағы басқа нысандарға тегін қатынайды. “Қол қойылған меморандумның үшінші тарабы облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы. Олар “Ташкенбаев” жеке кәсіпкерлігінің сұрауы бойынша ауылдағы барлық мүмкіндігі шектеулі жандардың аты-жөндері мен мекен жайлары жайында ақпарат беріп отырады”, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының Қызылжар ауданындағы филиалының директоры Асқар Нұрмұқанов.

“Астана” таксиі – Жұмабек және Жанна Ташкенбаевтардың отбасылық бизнесі. Олардың таксопарктері 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Күн сайын рейске 7-8 жеңіл көлік шығады. Аудан орталығының тұрғындары бұл таксиді жиі пайдаланады. Айта кету керек, бұл салада бәсекелестік бар. Бескөлде “Астана” таксиінен өзге 4 таксопарк бар. Бәсекелестікке қарамастан, бұл кәсіпкерлер еш ойланбастан палата филиалының ұсынысын қабыл алды.  

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Қызылжар ауданындағы филиалы директорының айтуынша, бұл отбасылық жұп жыл сайын “Мектепке жол” акциясы мен түрлі қайырымдылық шараларға белсене қатысып отырады. Сондай-ақ, таксопаркте үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет етеді. Қазіргі таңда палатаның филиалы екінші топтағы жарымжан жандарға да жеңілдіктер қарастыру жұмысын жүргізуде.

(Өз тілшімізден).

 Қызылжар ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp