«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСПАЙ ШЫҚҚАН БЕЛЕСТЕР

Беспай ағамызды Қызылжарда бәрі бірдей біледі демесек те, оның есімі көпшіліктің аузында жылы аталатынын өз басым талай рет естіп те, көріп те жүрмін. Уақыт дегенің сол, аққан судай, үнемі тоқтаусыз. Олай болса, кешегі әкесін ел сыйлаған ауылдың бел баласы бүгінде ел ағасы десек, артықтығы жоқ. Ауыл демекші, Беспайдың тал шыбықты ат қылып мініп, балақ түріп жүгірген балалық шағы өзі туған Есіл ауданындағы Бесқұдықта өткен.

Ерте кезде қазекеңнің жаңа туған балаға азан шақырып ат қоюының өзі бір қызық болған. Беспайдың есіміне келсек, Бесқұдықта бес бай болыпты. Құдығы бар адамдар да бай болып саналғандықтан, әлгі бесеуі бес құдыққа ие екен. Содан еліне елеулі жан атанған, кеңшар орталығында жүргізушілікке қоса, өртсөндіруші болып еңбек еткен оның әкесі өмір есігін ашқан тұңғыштарының есімін ырымдап Беспай қойыпты. Әкесі Елеусіз бен шешесі Майнұр Беспайдан кейін тағы бес баланы өмірге әкелген.

Ауылдағы мектептің 6-сыныбында оқып жүрген ойын баласы кезі. Аты-жөні әлі күнге дейін есінде – Николай Пыра. Боксшы болуы керек. Аудан орталығынан келгенін де ұмытпаған. Қызметіне келсек, аудандық комсомол комитетінің бір белсендісіне ұқсайды. Міне, сол Николай 12-13 жастар шамасындағы бірнеше баланы бір үйдің қорасына жапсарлас орналасқан аулаға жинап, өзара күш сынастырады. Өз құралпылардың біразын шыдатпаған Беспай бірден көзге түседі. Ол өзінен 2-3 жас үлкендігі барлардың өзіне дес бермейді. Сол жолы оған әлгі боксшы жігіт “шомбал” деген ат қойып кетеді.

Жасты ал, кәріні ал, өмір дегенің қарап жатпайды, өз дегенімен жалғасып жатады. Ес біліп, есейгендігі емес пе, 8-сыныпты бітірген соң қалаға келіп нағашы апасы Шақанның үйінде тұрып, осындағы есеп-экономикалық техникумында оқиды. Ауырды да, жеңілді де бірдей көріп өскен ауыл балалары бастары қосыла қалса, бір-бірімен белдесе кетуге әзір тұрады емес пе? Солардың бірқатарының бойларындағы, ойларындағы спортқа деген құлшыныс шығар, олардың көңілдеріндегі оған деген сенімнің ерте бастан ұялайтыны. Беспайдың көңілі де жатса-тұрса соған жығылып тұрған.

Қалаға келген сәттен бастап көршінің баласы Хариз Губайдуллин деген замандасымен танысып үлгерген ол екеуі бірде тартып отырып “Авангард” стадионына барады. Ойлары түсінікті, бос уақыттарын құр жібермей, спортпен айналысу, оған шындап ден қою. Бұл жолы да Николай есімді жігітпен кездеседі. Фамилиясы – Тарыгин. Ауыр атлетикадан жаттықтырушы. Осал да емес, спорт шебері.

Беспай Қайыпов ағамыздың спорттағы өмірбаяны осылай бастау алады. Ауыр деген атынан түсінікті, сол күннен бастап біріне-бірі бауыр басқан екі дос күн құрғатпай ақ тер, көк тер болып, штанга көтерумен айналысады. Шындап көңіл бөлсе, қай істі алма, өзіндік нәтижеге жеткізбей қоймайды. Сөйтіп жүріп олар спорттың тілімен айтқанда әртүрлі салмақтағы штанганы “бағындырып” үлгереді.

Беспай 1969 жылы әскер қатарына шақырылады. Алматы қаласындағы әскери бөлімдердің біріне, қуаныштысы сол, спорт ротасына түседі. Еті тірі жігіт алғашқы сәттен спортқа епті екенін көрсете біледі. Кейін келе сол жолдағы үлкен жетістігі емес пе, Орта Азия әскери округінде грек-рим күресінен екі дүркін чемпион атанады.

1971 жылы алғаш рет Қызылжарда қалалық білім бөлімі жанынан күрес мектебі ашылды, ол арманына қанат байлаған жас жігіт үшін ерекше қуаныш еді. Беспайды туған бауырындай жақын санаған, талантты спортшы Виктор Вик күрес секциясына жетекшілік еткен. Міне, осы аға әріптесі оны спорт мектебіне жаттықтырушы-оқытушы етіп қабылдап, ағалық қамқорлығына алған.Тәлімгерінің тәрбиесіне әлі күнге дейін табынатын Беспай ұстаз еңбегін барынша бағалаған, жерге қаратпаған. Жиырмадан жаңа асқан ерік-күші бойындағы жігіттің күрес өнеріне деген құштар көңілі шығар, жас балаларды баптап, үйретуде уақытпен санасып жатпаған. Сөйте жүріп ол еңбегін біліммен ұштастыруға да қол жеткізген. Қаламыздағы педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсіп, оны 1976 жылы тамамдап шығады.

Спорттағы өмірбаянын қызықты етіп, өрбітіп айтуды жақсы көретін ол оны үш кезеңге бөледі. “Болашақ балалықтан басталады” демекші, ағамыз алдымен спорт десе жастық жігері жалын атқан сол уақытқа бет бұрып, өткенді есіне алады. Содан кейін қазіргі кезге кезек беріп, өзі тәрбиелеп өсірген шәкірттері жайлы,олардың әрбірінің өмірбаянын, жетістіктерін жатпай-жаңылмай, көңілін көкке өрлете жыр қылып айтып береді. Одан әрі жас спортшылардың келешегі жайлы толғана әңгімелейді.

– Спортта тамаша жолы болғандардың бірі – шәкіртім Жоламан Дәуренбеков. 1966 жылы туған. Кілемге 3-сыныпта оқып жүріп, 10 жасында шықты. Қазір оның есімі елімізге ғана емес, одан тысқары жерлерде де жақсы таныс, – дейді Беспай Елеусізұлы.

Айтса айтқандай, Жоламанның күрес өнерінде өрлеген биігі жоғары. Ол Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, 1991 жылы өткен КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы, Италия, Португалия, Болгария, Норвегия, Швеция, Турция, Финляндия, Югославия, Иран елдерінде өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы, КСРО құрамасының мүшесі. Жоламан, сондай-ақ, грек-рим күресі бойынша Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Осындай есімі әйгілілердің қатарына Қосжан Ақмағамбетов, Павел Коротков, Сейіл Тәмпиев, Қанат Кенжетаев, Уәлихан Дәуренбеков және тағы басқаларды жатқызуға болады. Беспай ағамыздың бұлардан басқа да ел мақтарлық шәкірттері аз емес.

Кезінде дамыл таппай, анда да, мында да шапқылап жүріп атсалысуымен қаладағы Я.Гашек көшесіндегі №1 облыстық мектеп-интернаттың базасында жас палуандарға арналған спорт кешені ашылды. Бұл күреске құмар ауыл балалары үшін болашақтарына жол ашқан оқу орны болды. Екі жылдан соң онда күрестен алғашқы турнир өтті. Одан әрі мұндай жарыстар сәт-сәтімен жалғасын тауып, дәстүрге айналды. Солардың арасында есте қалары да аз емес. Мәселен, мұнда өтетін үлкен турнирлерге балалар арасында күрес спортын көпшілікке тарату, оны әйгілеу, жұртқа жариялау мақсатында өз еліміздің ғана емес, сол кездегі бауырлас республикалар Армения, Украина, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресейден жас үміткерлер келген,1984 жылы өткізілген турнирге Олимпиада чемпионы Шәміл Серіков шақырылған. Келер жылы өткен осындай дүбірлі бәсекеге Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров келген.

– Спорт жаттықтырушысы болу алдыңа келген жас балаларды тәрбие мектебінен өткізу болғандықтан, ол сен үшін борыш, міндет саналуға тиіс. Күрес спорттың жеңіл түріне жатпайтындықтан, ол салғырт қарағанды көтермейді. Сондықтан оны бағындыру үшін күш-жігер, қажыр-қайрат, ұстамдылық-шыдамдылық, жалықпай жаттығу, оның айла-әдістеріне ерінбей-талмай үйрену қажет. Шын беріле шыныққан ғана өзін биіктен көрсете алады. Жаттықтырушыға тән тағы бір қасиет – өзі үйрете жүріп, одан әрі де үйрене беруден жалықпау, – дейді республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, грек-рим күресінен республикалық дәрежедегі төреші Беспай Қайыпов.

Өнегелі ісі абыройын асырған Беспай ағамыз Күлпән жеңгеміз екеуі Руслан, Мұрат есімді ұл өсірсе, қыздары Динараның жөні бір басқа. Ол шеше көріп тон пішіп қана қоймаған, әке жолын қуған. Қазір Динара Өскеменде тұрмыста, полиция капитаны. Жұбайы Арсен де сол қызметте, ол да капитан. Динара таэквондодан Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, қара белбеу иегері, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 2007 жылы Самарқан қаласында өткен әлем чемпионатына қатысқан.

Беспай ағамыздың ұстаз еңбегін паш етіп жүрген, ел таныған Райымбек Жәкетов есімді шәкірті бар. Ол Степногорск қаласындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта жаттықтырушы. Міне, осы бауырымыз бұдан 1-2 ай бұрын ұстазы Беспай Қайыповтың құрметіне грек-рим күресінен турнир өткізді. Додаға еліміздің өңірлерінен, қалалардан 200-ге жуық жас палуандар жиналды. Оған Беспай ағамыздың Қанат Кенжетаев, Сейіл Тәмпиев, Жоламан Дәуренбеков, Қосжан Ақмағамбетов, Павел Коротков, Валерий Кошляк сынды шәкірттері, бүгінде танымал спорт тарландары арнайы келген. Өткеннің жақсылығын тағылым деп түсіне білген олар жарыстың табысты өтуіне атсалысты.

Адамға жақын туабітті мінезі бар Беспай ағамыздың шыққан белестері биік-ақ. Ол оған өзі маңдай терін төге тәрбиелеген шәкірттерінің арқасында жеткенін мақтаныш етеді. Сондықтан олар да талай биіктерді бағындара беретіндіктеріне сенеді.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp