Мамлютка қалалық әкімдігінде “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі және “open space” әдісімен жұмыс істейтін жұмыспен қамту орталығы ашылды. Енді жергілікті тұрғындар қандай да бір мәселе бойынша мекемелерді араламай, барлық қызметті бір жерден ала алады.
Жұртшылыққа ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, азаматтық хал актілерін тіркеу, білім беру салаларының мамандары мен заңгерлер кеңес береді. Сондай-ақ, бұл жерде азаматтарға мемлекеттік қызметтің 35 түрі көрсетіледі.
Фронт-кеңсенің ашылу салтанатына қатысқан Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин мұнда аудан басшылары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайтынын айтты.
– Біз тұрғындардың бір жерден оңай әрі жылдам кеңес алып, мәселесін шешуіне жағдай жасауды көздейміз. Сондықтан қазіргі таңда электронды кезек үшін терминал орнатамыз, – деген аудан әкімі Руслан Аңбаев фронт-кеңсенің жұмысын жетілдіру бағытында тағы бірқатар шаралар қолға алынғанын жеткізді.
“Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі Петропавл қаласында, Шал ақын, Аққайың және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да жұмыс істеп жатқанын айтып өткен жөн.
Қызмет көрсетудің осындай үлгісіне полиция бөлімшелері де көшуде. Бұл күні Мамлют ауданында көші-қон қызметін көрсетуге арналған кеңсе ашылды.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы