«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСІНШІ ПАРЫЗ

ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫН

Үлкендер айтып отыратын. Осыдан бір ғасырдай бұрын Жұма қыстауынан екі адам қажылыққа баратын болыпты. Қалың орманды алқапты қоныс еткен жамағайын ерекше жаңалыққа лезде құлақтанып, алыс сапарға шығарып салу үшін тайлы-тұяғы қалмай келіпті. Ол кездері Меккеге бару, қасиетті жерден оралу бірнеше жылдарға созылатын. Былайша айтқанда, қиямет-қайымның қыл көпірінен өткенмен тең. “Бақұл болыңдар”, – деп үміттерін біржола үзіп аттанады екен. Ал жолаушыларды алыс сапарға аттандырудың қалыптасқан жоралғысы болған. Алдымен “Түйеқамаған” сыртындағы Тұрғын ауылы қонақ етеді. Сосын Төлеміс ауылы шақырады. Бұдан әрі Жолболды, Сарман ауылдарына кезек тиеді. Жалпақталдың іші-сыртын жайлаған Күдер ауылында бір аптаға жуық жатып-жастанады. Мұнда ұзақ бөгелудің сыры, Рамазан қария да мұсылмандық парызын өтеуге ниеттенген. Оның үстіне Кенжеғозының Қали деген досы ту бие сойып, етін сүрлеп, жолазық дайындап берген. Құбыла жақты бетке алған жолаушыларды бүкіл ауыл Семеку қаласына дейін шығарып салған. Осы жерде ескі қорымға соғып, аруақтарға дұға бағыштау бұлжымас қағида саналған.

Енді мына қызықты қараңыз: ол кездері Қазан қаласында бас мүфтият сарабынан өткеннен кейін ғана қажылыққа баруға рұқсат етілетін. Үшеуі де сынақтан ойдағыдай өтіп, Ресей арқылы Арабияға жол шеккен. Қажылық сапар екі жылға созылыпты. Қызыл теңіз үстінде Жұма қажы ауырып, дүние салады. Ресейде төңкеріс басталғандықтан, кері жүретін жол жабылып, қажылар Қап тауының оңтүстік жиегін жағалаған күйі Каспий теңізіне шығады. Одан Түрікменнің таулы-тасты жерін кесіп өтіп, қызылқұмдатып, елге табандары тиеді. Ауылға әрең дегенде сүйретіліп жетеді. Жұмадан қалған дүние-мүлікті інісі Кенжеқозы қажыға аманаттап тапсырады.

БІР ҒАСЫР ӨТКЕН СОҢ

Тарих сахнасында адамның төбе шашын тік тұрғызарлық небір озбырлықтардың, қатыгездіктердің орын алғаны мәлім. Өркениеттер ойрандалды, қиянаттар үстемдік құрды. Қазақтың тұтас үш ұрпағы елі мен жерінен айрылып, аштық пен жалаңаштың, жоқшылық пен қорлықтың азабын әбден тартты. Сол сұмдықтардың шет жағасын әке-шешелеріміз көкірегі қарс айрылып, айтып отыратын. Көрші Ресейдегі төңкерістің, азамат соғысының дүмпулері қырда малын бағып, тыныш жатқан қазақтардың да әбден ит сілікпесін шығарады. 1921-1922 және 1931-1932 жылдардағы қолдан жасалған алапат аштық кездерінде миллиондаған қазақ шыбындай қырылды деген дерек айтылып қалады. Бұған байларды тәркілеу, саяси қуғын-сүргін секілді қысастықтарды қоссақ, талай марқасқалардың жусандай оталғаны айдан анық. Шолақ белсенділердің асыра сілтеуімен орташа дәулеттілер де мыңғырған байдың санатына ілігіп кеткен. 4-5 сиыры, 3-4 жылқысы, 20 шақты қойы, шөп шабатын “Зингер” машинасы бар атамды “қара тізімге” қосқан. Балашаға күнкөрісінен айрылғаннан кейін басқа жаққа бас сауғалағаннан басқа лажы қалмағанға ұқсайды. 1931 жылдың қақаған қысында түн жамыла сегіз шанаға тиелген бірнеше отбасы атамекенін тастап, Ресей жаққа үдере көшеді. “Сапардың ұзақтығы соншалық, шананың қарға сүйкелген сықыры құлағымда қалып қойыпты”, – деп отыратын әкем жарықтық. Содан жүріп отырып ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысқа аялдаған.

Бұл жерді жергілікті тұрғындар “Тайга” деп атап кеткен. Қарағайдан қиып, баспана тұрғызылып, тірлік оңала бастайды. Қарағай жаңғағы – кәдімгідей азық. Үлкендер кейін білгендей “Сургут” деген аймаққа ат басын тірепті. Өзеннің екі жағасын қуалай қоныстанған орыстатар селосы аталарымызға қала сияқты әсер қалдырған. Алты жыл тұрғаннан кейін кері көшуге мәжбүр болады. Бөтен жердің ауа райы жақпады білем, шеттерінен ауыра бастайды. Жолда Кенжеғозы атам қайтыс болып, Шомық деген татар ауылының қорымына жерленеді. Араға бір жыл салып Қали көз жұмып, атамның жанына қойылады. Өмірдегі екі досқа бір зираттан топырақ бұйырады. Қазір бұл ауыл Арамашев ауданына қарайды. Шомыққа Новоуфимская деген жаңа ат беріліпті. Бұрынғы атауы құлаққа жағымды еді. Аталарымыздың қабіріне тас қойылып, белгі орнатылды. Мұны тәптіштеп айтып отырғаным, ашаршылық кезінде Қызылжар өңірінен 30 мыңдай түтін Ресей жеріне өтіп кетті деген дерек кездестірдім. Ал кейін оралғаны 10 пайыз төңірегінде ғана. Адам жанын түршіктіретін сұмдық жайт! Ол уақытта Солтүстік Қазақстанға Көкшетау, Қарағанды, Ақмола облыстары қараған. Жат жерде қалған ұрпақтары бүгінде қай бауыр екенін ұмыта бастағаны, айтуға ауыр болса да, ащы шындық екені талассыз. Ұшқыр уақыт оларды да тілінен, ділінен айырып, тарих бетінен өшіріп тастайтын уақыт та алыс емес сияқты. Өйткені, “есің барда елің тап” деген тәмсіл оларға жүрмейтіні бесенеден белгілі. “Аясынан асқар ауған қазақтың арқасынан әуенін көрсін” деген сөз атамекеннен тысқары жүрген қандастарымызға қаратыла айтылған сияқты.

Мен Ресейде туған қазақтардың бірімін. Жеңіске екі ай қалғанда Түмен облысы Голышман ауданы Быстрое селосында дүниеге келіппін. 1963 жылы Петропавл педагогикалық училищесін бітіріп, Ыбыраев атындағы кеңшарға мұғалім болып орналастым. Отан алдындағы әскери міндетімді өтеп келген соң Омбы ауыл шаруашылығы институтын тамамдадым. Одан кейінгі еңбек жолдарым жобалау институтында, “Союзцелинвод” тресінде, облаткомда, “Қызылжар су” кәсіпорнында, әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде жалғасты. Қазір зейнетке шықсам да, қоғамдық жұмыстардан қол үзген емеспін. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде бар білгенімді жастарға үйретуді басты борыш санаймын. Өзгелер секілді Ресейде қалып қойсам, тағдырым басқаша өрілер ме еді. Ана тілімді, ұлттық құндылықтарды көзімнің қарашығындай қастерлей отырып, қасиетті ата жасқа жетуімді Тәуелсіздігімізбен байланыстырамын. Балаларым мен қыздарым, немерелерім де ата-баба қонысында туып, Қазақстанның азаматы болғанына жүрегім жарылардай қуанамын. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғаннан” артық бақыт жоқ екеніне іштей шүкіршілік етемін.

АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС,

СӨЗІ ДЕ РАС

Зейнетке шыға салысымен бірден діндар болып кеттім десем, жараспас. Әке-шешелеріміз бала кезден жүрегімізге иман ұялатып, бір Жаратқанға деген сенімімізді оятып, адамгершілік қасиеттерді бағалауға, қадірлеуге дағдыландырды. Ұрлама, өтірік айтпа, үлкеннің алдын кесіп өтпе деген ғақлияларды құлағымызға сіңіріп өсірді. Содан алған, ұққан тәлім-тәрбие шығар, кеңес заманында кейбіреулер құсап шалқымауға, көкірек қақпауға, астамшылыққа ұрынбауға тырыстық. Дін жолын таңдауымның бір себебі – отбасы ұлағатында жатыр деп есептеймін. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”, деп жайдан-жай айтылмаған. Мешітке қарай асыға басып, жұма намаздарына қатысатын болдым. Жас балалармен қатар отырып, арабша үйренуге арланбадым. Сөре толы кітаптарды қазақ-түрік лицейіне өткіздім. Оның орнын діни кітаптармен толтырдым. Сәрсенбінің сәтті бір күнінде қасиетті Құран Кәрімді түпнұсқадан оқуды бастап, көңілім керемет толқыды. Ал Мекке-Мәдинаға барып, құлшылық етуді ертеден ойластырып жүр едім десем, біреу сенер, біреу сенбес. Шындығы осы. Көлденең көк аттылардың біріндей барғандай болмайын деп, ұзақ дайындалдым. Барып-қайтуға жететіндей пұлды маңдай термен жинап, 2011 жылы барлық құжаттарды тапсырдым. Алайда, денсаулығым сыр беріп, топтан қалып қойдым. Оған ренжімедім. Алла хош көрсе, нәсіп етсе, пендесін жарылқайды деген үмітім үзілмеді. Араға төрт жыл салып, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жеріне құлшылық етуге жолым оңғарылды.

Астана ақ көрпеге оранып, шыңылтыр аяз бет қаратпаса, бұл жақта ми қайнатар ыстық! Қонақ- үйге орналасқаннан кейін Мәдинадағы Әл Харам мешітіне барып, құптан намазын оқыдық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне зиярат етіп, бес уақыт намазға жығылдық. Елімізге, халқымызға тыныштық тіледік. Әл Баки деген қабырстанда жетпіс сахаба жерленіпті. Мәдина мен Меккенің арасы – 450 шақырым. Қажылықтың барлық рәсімдері Меккеде атқарылды. Ихрам киіп едік, бойымыз жеңілденіп сала берді. Алланың құдіреті шексіз ғой. Қағба дегеніміз – бір ғажайып. Оның сәнсалтанатын, адамдардың нөпірін тілмен айтып жеткізу қиын. Өз көзіңмен көріп, рахаттанғанға ештеңе жетпейді. Қағбаның қара тасын айналушылар бәрін тек ақылға, сабырға жеңдіреді. Алланың бір аты – Сабыр. Сабыр, сабыр деп сыңси айтқан сөздер бүкіл алаңда жаңғырады.

Мынадай тосын жағдай болды. Кезекті рәсімді эфиопиялық қара нәсілді имам өткізіп тұрған. Аққудың сұңқылына ұқсас сызылта салған әуені жан-жүректі баурайды. Оның тыныстау мүмкіндігін пайдаланып, жанындағы тілмаштары арқылы сауал қойдым. Қазақстаннан келгенімді айтып, әкем Құттыбай, Ожан деген ағам келе алмады. Олар үшін қажылық рәсімін жасауға бола ма деп сұрадым. “Ниетіңді Алла қабыл етсін”, – деп бетін сипаған имам, ең алдымен, ихрам алу керектігін, сосын Айша-Бибі мешітіне барып, дұға бағыштау қажеттігін түсіндірді. Осы жерден үш шақырымдай қашықтықта орналасқан ғибадатхана жолының үштен бірін жүгіріп өту, одан оралғасын Қағбаны жеті рет айналу керек. Жан торсыққа құйып алған зәмзәм суын сіміре жұтып алдым да, аталған рәсімдерді орындауға жөнеп бердім. Соңғы рәсім – төменгі қабаттағы Сирияның қызыл күрең тасына маңдай мен алақан тигізу. Бұл міндет те мінсіз орындалып, көңілім орнына түсті. Көзімнен жас парлап қоя берді. Ие бола алмадым. Меккеде зиярат етілетін қасиетті орындардың бірі – Жын мешіті. Жабал Нұр тауындағы Хира үңгірі, Сәуір үңгірі де өте қасиетті орындар саналады.

Осылайша, Меккедегі қажылық сапар 17 күнде аяқталды. Әбден қалыптасқан ерекше бір әдет-ғұрыптың мархабатты құшағына бөленіп, дін исламнан шапағат алып оралдық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) табан ізі қалған қасиетті жерді көру – әр мұсылман үшін арман, бақыт. Оған әркімнің қолы жете бермейді. Әкем Құттыбайды қосқанда біздің тұқымнан 9 адам тәу еткен екенбіз.

Сөзімнің соңында айтарым, Сауд Арабиясы елі мен қалаларын бейнелеп айтуға сөз жетпейді. Жылыжүзді, иманы бетіне ұялаған халқының қошеметін барып көргенде ғана ұғады екенсің. Соған көзім анық жетті.

Амангелді қажы КЕНЖЕҒОЗИНОВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp