Өткен жұмада облыста 5 адам су құрбаны болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Ведомство бастығының орынбасары Игорь Жуковтың айтуынша, Мағжан Жұмабаев ауданында 1993 жылғы азамат көз жұмды. Тепсе темір үзетін жігіт мал бағып жүріп, көлдің рұқсат етілмеген жерінде суға шомылған.
– 12 шілде күні, сағат 19.37-де департаменттің 112 нөміріне жергілікті тұрғынның суға батып кеткендігі туралы хабар түсті. Көз жұмған азамат Ұзынкөл ауылының тұрғыны. “Ащы суға” тойып алған ер адам рұқсат етілмеген аумақта шомылған. Ол жердегі көлдің тереңдігі екі метрден асады. Бұл сол күні орын алған жалғыз қайғылы оқиға емес. Өкінішке қарай, Айыртау ауданында да адам өлімі тіркелді. 39 жастағы жергілікті тұрғын отбасымен бірге “Кіші Қоскөл” көлінің жағасында демалған. Алайда, азамат көлдің терең жерінде жүземін деп, суға батып кетті, – деді Игорь Жуков.
Қайғылы жағдайлардың бірі Есіл ауданында болды. Ата-анасына қонаққа келген 30 жастағы азамат ажал құшты. Жігіт түстен кейін Есіл өзеніне шомылуға барған. Үйден шығып кетіп, қайта оралмаған азаматты туыстары мен достары іздейді. Алайда, өзен жағасынан оның тек киімдерін тапқан соң оқиға орнына аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандарын шақырады. Екі күн бойы іздестіру жұмыстарын жүргізген құтқарушылар тұрғынның мәйітін тапты.
Баяндамашының айтуынша, биылғы шомылу маусымы басталғалы өңірімізде 8 адам су құрбаны болды. Бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстарғанда екі есеге артық. Брифингте 6-12 шілде аралығында орын алған өрт оқиғалары жайлы да баяндалды. Соңғы аптада 47 төтенше жағдай тіркелген. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылардың көмегімен 5 солтүстікқазақстандық өлім аузынан қалды, біреуі – бала.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.