
Облыстық прокуратураның ғимаратында кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Қадағалаушы орган өкілдері Айыртау ауданындағы жер дауына қатысты түсініктеме берді. Светлое ауылы тұрғындары мен «Жарқын СҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы жер дауы былтыр басталған болатын. Жуырда үлескерге өздеріне тиесілі жерлердің аукционға шығарылғаны туралы хат келді. Белгілі болғандай, серіктестік 595 миллион теңгенің несиесін алып, 42 мың гектар жерді кепілдікке қойған. Өтелмеген қарыз 1 млрд. теңгеге жеткеннен кейін қаржы институты жерді сатылымға қою туралы шешімге келген. Бұған ашынған бес ауылдың тұрғындары аудан әкімдігінен көмек сұрап, аудандық прокуратураға арыз түсірген. Қадағалаушы орган өкілдері жер заңнамасының сақталуын тексеріп, сараптама жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 2018 жылы шаруашылық басшылығының Бірлестік, Қарақамыс, Дәуқара, Егіндіағаш және Светлый ауылдары тұрғындарының келісімінсіз жерді қаржы институттарының біріне кепілдікке қойғаны, жұмысшылардың айлық еңбекақысын төлемеу, зейнетақы төлемдерін аудармау және уақтылы пай бермеу сияқты жүйелік сипатқа ие заң бұзушылықтардың орын алғаны толық дәлелденді.
– Аудандық прокуратура бөліміне 883 үлескер тарапынан «Жарқын СҚ» ЖШС-нің алаяқтық әрекеттеріне қатысты шағымдар түсті. Тексеріс барысында агроқұрылым басшылығының 78 жұмысшыға еңбекақы бойынша жалпы берешегі 33,6 млн. теңгеге жеткені анықталды. Осыған орай Қылмыстық кодексінің 190-бабына (ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) және 152-баптың 3-тармағына (еңбек заңнамасын бұзу) сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Барлық үлескерлерге қажетті құқықтық көмек көрсетілетін болады, – дейді облыс прокурорының көмекшісі Гүлмира Бопанова. Қазіргі уақытта жерді аукционға қою мерзімі шегерілген. Дегенмен, сотқа дейінгі тексерістің қашан аяқталатыны белгісіз.