«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕС ЕЛ АСҚАН БЕЛЕСТЕР Каспийдің құқықтық мәртебесі анықталар күн де алыс емес

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барып, Астрахань қаласында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының ІV саммитіне қатысты.

Ерекше географиялық жағдайда орналасқан Каспий – оның жағасын қоныстанған қай ел үшін де үлкен қазына. Себебі, Каспий өңірінің географиялық жағдайы ерекше, сонымен қоса ол энергетикалық шикізат пен биологиялық ресурс­тардың мол қоры болып табылады. Осыған орай қойнауы бай­лыққа толы Каспий жағасына жай­ғасқан бес мемлекеттің жалпы экономикалық-әлеуметтік тір­шілігінде айрықша рөл ойнайды. Бұл елдер үшін Каспий өңірін мүддеге сай игеріп қана қою емес, оның табиғи байлықтарының сақ­талуы, экологиялық қауіпсіздігі мен жалпы тұрақтылығы да аса маңыз­ды мәселе. Осы себепті де Каспий мәрте­бесі­не қатысты проблемалар, негізінен, кешенді, көп қырлы сипатта. Оның ішінде құқықтық мәртебесін анықтау жайы қаншама жылдан бері басты назарда болып келеді. Алайда, Каспий жаға­лауы мемлекеттерінің теңіздегі ынты­мақтастығы бекем екендігіне қарамастан, орта­дағы бір теңіздің құқықтық мәрте­бесін анықтау ісінде әлі ортақ мәмі­леге келе алған жоқ. Жаңа құқық­тық мәртебе беру бойынша келіс­сөздер үдерісі бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Міне, төртінші саммит те осы мәселелерді кеңінен талқылауды мақсат тұтты.

Жағалық шекарамыздың екі мың үш жүзден астам шақырымын алып жатқан Каспий өзгелерден гөрі біздің елмен молырақ шектеседі. Сосын да болар, сайып келгенде қалай айтсақ та, бұл теңіз – Қазақстан үшін көз қуанышы, көңіл жұбанышы, экономикасының бір тірегі. Ол бәрімізге белгілі аты аңызға айналған бекіре уылдырығымен, қара алтынымен танымал. Сондықтан да болар, Каспийге қатысты мәселеге күллі Қазақ елі бейжай қарай алмайды.

Шағын құрамдағы кездесу аяқталған соң бес ел президенттері кең құрамдағы кездесуге ойыс­ты. Онда мемлекеттер басшылары кезек­тесе сөз сөйлеп, Каспийге қатыс­ты мәселелерді жан-жақты талқы­лады. Айталық, Каспий теңізін бірлесіп басқару, су айдынында заманауи құқықтық режім қалып­тас­тыру, оның бірегей табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын сақтау мәселелері қаралды. Өз мемлекеттері ұстанымдарын ортаға салып, ұсыныстарын жария­лады. Кең құрамдағы келелі кезде­суде сөз алған Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан На­зар­баев өз сөзінде тараптардың келіссөздер үде­рі­сінде 2010 жылғы Баку кездесуінен бері айтарлықтай ілгерілегеніне тоқталды.

– Осынша күрделі тақырыпты тал­қы­лау достық, өзара түсіністік пен серік­тестік ауанында өтіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын біз қауіпсіздік сала­сын­дағы ынты­мақ­тастық туралы келісімге қол қоюға осылай жеткен едік. Бұл біз­­дің елдеріміздің Каспий теңізін­дегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығай­тудағы кең ауқымды мәсе­лелер бойынша өзара іс-қимылын кеңейтуге берік негіз қалады, – деді Қазақстан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев гидрометеорология, биоресурстарды қорғау және төтенше жағдайларға әрекет ету саласында келісімге қол қою жоспарланғанын айтты.

– Біз, сондай-ақ, саяси мәлім­де­ме қа­был­даймыз, ол таяу болашақ­тағы келіссөздер үшін жолбасшы болуы тиіс. Бұл мәлім­демеде біз маңызды қағидаттарды бекі­теміз. Ол біздің жұмысымыздың бас­ты мақсатына жетуге – Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесі тура­лы конвенцияға қол қоюға бағыт­талған. Таяу уақыттарда осы құжат­ты қабылдайтынымызға және Каспий өңіріндегі ынтымақ­тас­тықты тереңдету үшін берік құқықтық іргетас қалайтынымызға үміт­тенемін, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, “Каспий бестігінің” жалпы ауаны сындар­лылығымен әрі мәмілеге келуге дайын­ды­ғымен сипат­талатынына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев тарап­тар Каспий теңізінің әділ құқықтық режімін орнатуға таяу екенін атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерімен серіктестікке байланысты мүм­кіндіктер жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Бұл реттегі ынты­мақтастықтың ауқымды бөлігін сауда-эконо­микалық байланыстар құрауы тиіс.

– Біз Каспий өңіріндегі елдер­дің іскер топтарының саммит қар­саңындағы форумын қостаймыз. Мұндай алаң бизнес өкілдері арасында өзара тиімді экономикалық байланыстар орнатудың бір пішіні болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елдердің экономикаларын әлемдік нарық­тың, қазіргі жағдайын ескере отырып, жақындастыру жолдарын қарас­тыру мүмкіндігіне назар аударды.

– Экономикалық өзара іс-қи­мылдарға Каспийдің құқықтық мәртебесін реттегенге дейін де негіз қалауға болады. “Каспий еркін сауда аймағын” құру туралы ұсынысты қарастыруды ұсынамын. Бұл біздің елдеріміздің Үкіметтері дең­гейінде нақты талқыланатын мәселе­лердің алғашқысы бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұдан әрі Кас­пий теңізінен өзге теңіз­дерге, Әлемдік мұхитқа және кері қа­рай жалпыға мойындалған нор­ма­лар мен халықаралық қағидат­тар негізінде еркін шығу тура­лы қағидаттарды келісімдеу сам­мит­тің маңызды жетістігі болған­дығына да тоқталды.

– Бүгінгі таңда Қазақстанда транзиттік бағыттардың “Сол­түстік – Оңтүстік”, ТРАСЕКА, “Лянь­юн­гань порты – Қорғас – Ақ­тау порты” секілді дамыған же­лісі бар. “Батыс Қытай – Батыс Еу­ропа” автокөлік дәлізінің құры­лысы аяқталуға таяды. Биыл Қазақстан Түрікменстан және Иран­мен арадағы темір жолды түпкі­лікті түйіс­тіруге ниетті. Біз Қа­зақ­стан­ның аумағын ірі еуразиялық іскер­лік және транзиттік хабқа айнал­дыру үшін қажетті барлық жағ­дайды жасаудамыз, – деді Қазақстан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан ар­қы­лы ашылған маршруттарды назарға ала отырып, біз­дің еліміз оларды Каспий маңы мемлекеттерінің тауарларын бас­қа елдердің нарығына, бірінші ке­зекте Қытайға жеткізу үшін тран­зиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынатынын айтты.

Осы мақсатта біздің елдері­міз­дің үкі­меттері үкіметаралық келі­сімдер бекіту мүмкіндігін қарас­тыра алады. Біздің көзқарасымыз бой­ын­ша бұл барлық тарап­тар үшін де өзара тиімді, деп атап көрсет­ті Қазақстан Президенті. Мем­ле­кет басшысы Каспийдің өндіріс­тік жағы­нан игерілуі эколо­гия­лық теңдікті сақтау мәселе­сін жандандыра түсетінін де мәлімдеді.

– Біздің міндетіміздің маңыз­ды­лығы теңізді бөлуде ғана емес, оның бірегей экологиялық жүйе­сін де сақтауда жатыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ алдындағы жауап­кершілігіміз. Бүгінгі таңда эколо­гиялық қауіпсіздікті сақтау саласы бойын­ша келісімшарттық әрі құқықтық база жасақталды. Каспий теңізінің қоршаған ортасын сақтау жөнінде негіздемелік конвенцияның бірқатар хаттамаларына қол қойылды. Бұл үдерісті дамыту үшін бекіре тұқымдас ба­лықтарды аулауға салынған тыйым­ның сақ­талуын бақылау теті­гін әзірлеу қажет. Осы орайда біз “Каспий бестігі” әзір­лей­тін браконьер­лікке тосқауыл қою жөнін­­дегі бірлескен шешімге баса маңыз береміз, – деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Елбасы, сондай-ақ, Каспий маңы ел­дерінің туристік инфра­құ­рылымдары каспийлік туризм­ді ұйымдастыруға жақсы мүм­кіндіктер ашатынын, сондықтан үкіметтерге ынтымақтастықтың осы бағы­тын жете зерделеу керек­тігін айтты. Елдердің қарым-қаты­насында мәде­ни-гуманитарлық ынтымақтастыққа айрық­ша маңыз берілетінін де атап көрсетті.

Теңіз құрлықтарды бөлгенімен, халық­тарды қосады. Осы даналық елдері­міздің арасында мыңдаған жылдар бойы орныққан қарым-қатынастың сипа­тын көрсетеді. Бүгін Астраханьда жастар ара­сын­дағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсетін Каспий жастар сам­миті өтіп жатыр. Бұл идея – жақсы бастама, оны қостау керек, деді. Болып өткен келіссөздер Кас­пий маңы елдерінің өзара тату қарым-қатынасының айғағы екенін атап өтті.

– Астрахань кездесуінің қоры­тын­дысы ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға лайықты үлес қосатынына сенім­дімін. Бұл үшін барлық алғышарттар мен ерік-жігер жеткілікті. Біз күш-жігері­мізді біріктіру арқылы ғана халық­тарымыз бен елдеріміздің игілігі үшін қажетті нәтижелерге жете ала­мыз, – деп түйді сөзін Нұрсұл­тан Назарбаев.

Саммит соңында бес мем­лекеттің бас­шылары қатысқан қорытынды баспа­сөз мәслихаты өтті. Онда Қазақстан Пре­зиденті Астраханьдағы Каспий маңы ел­дері басшыларының IV саммитінің қорытындысы нәтижелі екенін айтты.

– Бүкіл Каспий маңы өңірі екпінді дамып келеді және ондағы энергия көздері мен биологиялық ресурстарға орай оған ауған әлем назары да ұлғая түсті. Бүгінгі саммит Каспий маңы мемлекеттерінің барлық күрделі мәселелерін шешуге деген ниетін тағы да бай­қатты. Біз осындай келесі шара Қазақстанда өтеді деп шештік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Ас­тра­ханьдағы саммит қоры­тындысын нағыз ілгері ұм­тылыс деп атады.

Динара БІТІКОВА.

(“Егемен Қазақстан”,

2014 жылғы 1 қазан.

Ықшамдалып алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp